22
Жұма,
Қараша

һижри

Cегіз қырлы жігіттің бір сипаты

Cегіз қырлы жігіттің бір сипаты

Дәстүр даналығы
Жарнама

Сегіз  қырлы  жігіттік  кемелдігін  білдіретін  сегіз қырлылықтың  бірі  –  сауаттылық,  оның  ішінде  діни білім  алу  еді.  Осы  тақырыпта  қалам  тартқан  көп зерттеушілер бұл қырды назардан тыс қалдырды.

Бұл жігіттің  ең  басты  қыры  болатын.  Себебі,  алдымен ауыл молдасынан дәріс алатын бозбаланың зеректігі, білімге бейімділігі мен шаруаға қырлылығы осы сәттен айқындалатын.  Және,  ең  бастысы,  осы  діни  дәріс арқылы баланың дүниеге деген танымы, біртұтас пікір-көзқарасы  осы  кезде  қалыптасатын.  Яғни  діни  білім алу барысында қоршаған ортаға, дүниеге, ел-жұрттың тағдырына деген пікірі біршама қалыптасып, түзілетін.

Егер ауыл молдасынан алған сауат ашу деңгейін өзіне місе тұтпаса, дуандардағы медресе-мектептерде білімін жалғастыратын. Көпшілік оқығандар арабша, парсыша, түркіше оқып-жазып, сөйлеп, өз заманының зиялылары атанған.

Ауылдағы осындай сауат ашу сабақтарының қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымына қосқан үлесі үлкен, мәні өте зор еді. Осы дәрістерден өтіп, ұстаздың алдын көрген балаң бозбала Исламның қайнар көздері – Құран мен хадисті, мұсылман шариғатын игеріп, има-ни құндылықтарды бойына сіңіріп, қатардағы сауатты мұсылманның біріне айналды.

Ең бастысы, дүниесіне де, ақыретіне де керекті зәру білімді меңгерді. Сонымен қатар, сол замандағы ақпараттардан дер кезінде хабардар болып, алыс-жақын елдердің өкілдерімен мәміле жасап, жаһандағы жаңалықтарды біліп отырды. Ғасыр талабына сай кәсіп етіп, қам-қарекетін жасады. Осының барлығы ең алдымен сауаттылықтан шығады. Жастарға ғылым-білімнің маңызын талай абыздар, ақындар айтып кеткен. Соның бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді:

Шығады «асыл – тастан, өнер – жастан»,

Тәрбие тәуір болса әуел бастан.

Мысалы ғылым таппақ сол секілді,

Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.

Жігітке талаптанған жүз мың рахмет,

Әрқайда сен білгенің ырзық шашқан.

* * *

Исламның бес парызы, біреуі – иман,

Таппайды бұл бесеуін, дүние жиған.

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

Ерлерді айт Құдай үшін, жанын қиған

Ал егер оқта-текте жұрт арасында түрлі жағдаймен сауатын  аша  алмай  қалған  бірлі-жарым  ауам  адам кездесіп  қалса,  былайғы  жұрт  оны  «мынауың  әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз екен-ау» деп әжуалайтын. Мұның  өзі  қазақ  халқының  басым  көпшілігінің  сауатты  болғандығын,  оның  ішінде  діни  жағынан білімді болғандығын дәлелдейді. Сол сауаттылықтың арқасында  қазақ  халқы  иманын  басты  жиғаным  деп білетін дініне берік, мәдениетті халыққа да айналды. Ел

ділінде сырттан келетін сансыз пікірлер мен идеологияға қарсы тұратын мықты иммунитет қалыптасты.

Алаштың  марқасқа  ақыны  Міржақып  Дулатов  жас  бозбалаларға  білім  алудың  маңызын  былай ұғындырады:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Шарттарын исламның кәміл білсең,

Ахиреттік азық берер шын ғылымың.

Екінші хажет ғылымың орысша дүр,

Өзіңе бек пайдалы тіл білуің.

Қараған мемлекеттің низамы не?

Мұны білсең сақталар дүниелігің.

Кеш біліп, кенже қалып көп пайдадан,

Жібергені сол емес пе жер мен суын.

Жол тауып әлде болса данышпандар,

Дұшпанның құлатқай-ды тіккен туын

* * *

Майда бол, жігіт болсаң, тал жібектей,

Жақсы емес қатты болу тікенектей.

Ғылымың болса-дағы ұшан-теңіз,

Файда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.

Хакім Абай өзінің елге білім нұрын шашудағы басты

мақсаты – жастардың, көңілінде сәулесі бар жігіттердің

бойындағы  ғылым-білімге  деген  құштарлығын  ояту

екендігін былайша жеткізеді:

Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңлін ашпақ

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

«Дін мен дәстүр» кітабынан тақырыбы өзгертіліп алынды

Бөлісу: