27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Туыстық қатынастың тамырын үзбе

Туыстық қатынастың тамырын үзбе

Дәстүр даналығы
Жарнама

Туыстық қарым-қатынастың адам өміріндегі мән-маңызы айрықша. Сондықтан, бабаларымыз «Айрылған азады, қосылған озады», «Жат туыс болмайды, туыс алыс болмайды», «Туысы бірдің уысы бір» деп туысқандар арасындағы қарым-қатынасты өте жоғары бағалаған.

Асыл дінімізде де туыстық қатынастың орны айрықша. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі, 1-аятында күллі адам баласына:

وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», - деп әмір етеді.

Ал, «Бақара» сүресі, 177-аятында:

لَيْسَ الْبِرَّ أَنْ تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا  وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَٰئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар әрі солар тақуалар» делінеді. Бұл аятта Алла Тағала туыстық қатынасты иман мәселелерінен кейінгі маңызды істердің қатарында баян ету арқылы мәселенің маңыздылығын білдіріп отыр.

Туыстық қарым-қатынасты сақтап, жақын жандармен жақсы қарым-қатынаста болу – ардақты Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салаут, сәлемі болсын) айрықша өнегелерінің бірі. Әбу Хұрайрадан жеткен бір хадисінде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ  رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: "  مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ "  .

«Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», дейді(Бұхари, Мүслім).

Тағы бір хадисте Расулулла (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَيُّهَا النَّاسُ أَفْشوا السَّلامَ، وَأَطْعِمُوا الطَّعَامَ، وَصَلُّوا باللَّيْل وَالنَّاسُ نِيامٌ، تَدخُلُوا الجَنَّةَ بِسَلامٍ

«Уа, жарандар! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен қарым-қатынасты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен  жәннатқа кіресіңдер», - деп өсиет етеді (Ахмад, әт-Тирмизи, ибн Мәжә).

Міне, туыстық қарым-қатынасты дінімізде иман мәселелерімен, жәннатқа кірудің себептерімен бірге қарастырып, ерекше маңыз береді. Демек, әрбір мұсылман үшін туыстық қатынастың тамырын тереңге жіберуінің өзі құлшылық, аса сауапты істерден болып саналады.

Әйгілі ағартушымыз, көрнекті ғалым Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп ескертсе, Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өсиет қалдырып, бұл мәселенің көкжиегін кеңейтіп қарастырады.

Мәшһүр Жүсіп атамыз ағайын-туыстың қадір-қымбатын былай жырлайды:

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.

Дана халқымыз «Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп», «У ішсең руыңмен, ат сатсаң аймағымен» деп қандай іс жасасаң да туыстық қатынастың орны бөлек екенін ескертіп, қуанышымен де, күйінішімен де бөлісіп, жоғына жәрдемдесіп, ауырса басын сүйеп, жығылса тұрғызып, сан ғасырлар бойы туысқандық қатынастың жібін үзбей сақтаған.

Жаһандану заманына дөп келген бүгінгі буын Отанның амандығы үшін еліміздің мәңгілікке жалғасқан құндылықтарын көзіміздің қарашығындай қорғаса екен.

Мамлюк Асханұлы

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: