26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Ұлтымыздың қаны саф алтындай таза

Ұлтымыздың қаны саф алтындай таза

Дәстүр даналығы
Жарнама

Құранда адамды: «Сыңғырлап тұрған кепкен балшықтан тиісті мүсінге келтіріп, адамды Біз топырақтан жараттық»1* һижір» сүресі. 15:26), «Адамды Ол ұйыған қаннан жаратты»2* («Алақ» сүресі, 96:2), «Біз сендерді (Адам атаны) әуелі топырақтан жараттық. Оның нәсілін (рухтан) жыныстық тамшыдан, кесек еттен (құрап) жараттық. Біз мұны тектеріңді білу үшін айтып отырмыз»3* («Хаж» сүресі. 22:5).

Құранда Алла әмірі адамзат ұрпағының бір-бірінен өрбіп дүниеге келуін түгел қамтиды.  Сонымен қатар Құранда «Адамды біз сөз жоқ, әдемі мүсінде жараттық» 4*(«Тин» сүресі. 95:4)–дейді.

Алла өзінің сүйікті жаратқанын сыртынан бақылап жүріп, оның сұхбаттасатын серігі болмағандықтан көңілі жүдеп жалғызсырайтынын аңғарды. Алла Тағала оны ұйықтатып тастады да, қабырғасын шығарып алып, Хауа Ананы жаратты.

Қасиетті Құранда Алла Тағала:«Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.»5* (Һужурат сүресі,13-аят)- деген еді.

Тарих ғылымында   Ұлы Жаратушы – Алла Адам Атамыз бен Хауа Анамызды жаратқалы бері 70 000 жыл болды делінеді.  Содан бері жер бетіне қаншама мыңдаған ұлт келіп, қаншама мыңдаған ұлт жойылып кетпеді. Қазақ рулық жүйесін сақтағандықтан ғана, сол жетпіс мың жылғы Адам атамыздың «қарашаңырағын» сақтап отыр.

Ертеде аталарымыз біздерге “Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер” мақалдар қалдырған. Бұл мақалдардың бізге айтып тұрғаны, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз. Ал, жеті атаң өзіңнен бастап санағандағы тікелей жеті атаң. Мұны әрбір қазақ баласы жатқа біліп әрқашанда дұғасын жолдап отырулары керек.

Қазақта ру атын иемденуден артық атақ, мадақ, абырой, дәреже жоқ.  Қазақтың «Руың кім?» дегені, ол сенің «Ел танитын атаңның аты кім?» дегені. Қысқасы руыңның аты, сенің көп аталарыңның ішіндегі ең танымал атаңның аты.  Аталарымыздың теңдесі жоқ асқан білімді, асқан дарынды, асқан ақылды, асқан батыр, асқан қолбасшы болғаны үшін неге мақтанбасқа?! Осындай асыл текті ұрпақты дүниеге әкелген, асыл текті ұлтымыз, асыл текті руымыз үшін неге мақтанбасқа?! Атасымен мақтана білген жандар, соларға ұқсап бағуға тырысады.

Ру атаулары – бір кездегі әкелеріміздің аттары, есімдері. Бабаларымыз бен әкелеріміздің аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» деген бос сөз. Біздің дүниеге келуімізге себепші болған ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры бар. Олар біздің тегіміз.  «Тегіне солай жазылған» деген сөз бар.

Адам – тектің бір бөлігі. Тек деген сол адам мен оның ата-бабасы салған сара жол. Олар қанмен беріліп, мәңгілікке бір жіпке тізбектелген.  «Тек» деген ұғым қазақ үшін қандай қасиетке не болса, «тексіз» деген сөз күллі жеті атасы түгілі жетпіс жеті атасына дейін жететін ауыр сөздің бірі болып саналады.

Тектілікті тек қазақтың маңдайына жазып қойған сияқты, кей-кейде «Біз керемет текті халықпыз» деп даурығып жатамыз. Мен қазақтың тектілігі өзгеден кем демейін, бірақ артық емес дер едім. Бұлай айтуыма ең басты себеп бізде бұл ұғымның ғылыми анықтамасы да жоқ екен. Егер ғалымдарымыз тектілік формуласын таба алмай жүрсе өзгемізге не жорық ?! Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды, тектілігіміздің негізі сол экзогамиялық шектеу деген пікір бар. Бұл шектеу тек бізде ғана емес, әлем халықтарының көпшілігінде бар және шектеу қан тазалығы үшін емес, көрші рулармен, елдермен араластықты, одақтастықты ұстау үшін керек болған.

Қазақтың қыз айттыру, атастыру деген салты тектлікті жасайтын негізгі тетік. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» – бірдеңеден тыс, «гомос»- неке) жатады. Демек, экзогамия – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған – құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді.

Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді.

Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі – ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу.

Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» 6*(Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті, ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). - А., 2010. 99-б.) , – деп жауап берген екен.

Белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңқаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» 7*(Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. - Астана, 2008.170,171,174-б.).

Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. «Мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені, бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген» 8*ұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№ 2.55б.).

Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген — жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары», т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған.

Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені, ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

Бөлісу: