26
Жұма,
Сәуір

һижри

Мақал-мәтелдің шығу тарихы

Мақал-мәтелдің шығу тарихы

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір күні шәкірттерімен сұхбат құрып отырып:

– Мұхаммед пайғамбар миғражға көтерілген сапарында Алламен дидарласып, тілдескен екен. Сол кездесуде тоқсан тоғыз мың түрлі сөз айтылыпты. Оның отыз үш мыңы шариғат, отыз үш мыңы тариқат, отыз үш мыңы хақиқат екен. Мұнша көп сөз бір кітапқа сыймаған. Сол себепті де халық арасына кеңінен таралмапты. Сендер бүгін осы жерде әрқайсысың бір ауыз аталы сөзден айтыңдар. Мағынасы Құран аяты мен пайғамбар хадисімен үндесіп жатсын. Бұл асыл сөздер кейінгі ұрпаққа жәдігер болып қаларлық болсын. Сендердің сөздерің миғраждағы сұхбаттың көлеңкесі сияқты боп, жұрт аузында қалсын, – дейді. Шәкірттері олай болса ол сөздерді қалай етіп қалдырсақ дұрыс болар, – деп Әзірет Сұлтанның өзінен сұрайды.

Ясауи ұстаз:

– «Мақал» деп айтылатын сөз болсын. Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды. Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық, – дейді.

Сонда бір шәкірті:

– Ақылды ерден иман қашып құтылмас, – десе, және біреуі іліп әкетіп:

– Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар, – депті. Тағы біреуі іркілместен:

– Дінде жүріп дос ізде, дұшпан өзі-ақ табылады, – дейді. Келесі отырғаны:

– Ер азаматтың кеудесі жүкті болмаса әйелі әулие тумас, – дейді. Енді бірі:

– Азамат ердің ішіне ат басындай шер өсер, – депті. Осылайша кезегімен мынадай мақалдар айтылып кете барыпты:

– Байқамаса жүрек те кірленеді, кірленсе қара тастай түрге енеді.

– Жігіттің де жігітін ниетінен байқаңдар, ниеті қалыс жігіттің кеудесінде сайтан бар.

– Ниет етсең, шөптен де жақсылық табасың.

– Отбасы ала болса кереге басы сайын пәле болады.

– Әулиеге екі дүние бір қадам.

– Пәлегі таза қауынның түйнегі жақсы болар, жүрегі таза адамның түйгені жақсы болар.

– Қолы ашықтың жолы ашық.

– Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады.

– Елдің ынтымағын ойламаған адам, Алланы бір деп біле алмайды.

– Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі уәли болар.

– Жұдырығы қаттыдан, жүрегі қатты жаман.

– Астан кедей қылса да, бастан кедей қылмасын.

– Күпірлік қылсаң, иығыңды зіл басар. Шүкірлік қылсаң, көкірегіңнен жын қашар.

– Ниеті тәуір жігіттің жүрісінде мін болмас, айтқанында зіл болмас, көңілінде кір болмас.

– Ер жігітке өлім барда қорлық жоқ.

– Бидайдың кеудесін көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы.

– Адамды күншіл қылатын – құштарлық пен іштарлық.

– Жетектесе ұятың, жетегінде жүре бер.

– Ұғымы жоқтың – жұғымы жоқ.

– Көкірегі көр болса, екі көзден пайда кем.

– Жетесінде жоқ болса, айтқан сөзден пайда кем.

– Қарт болуға бала кезден дайындал.

– Тонын айналдырсаң жүні шығады, ішін айналдырсаң жыны шығады, әйтеуір айналдыра берсең, періштенің де міні шығады.

– Есті білімін көтереді, надан көкірегін көтереді, ақымақ тұмсығын көтереді.

– Адам кейде азаптан ғибрат алады, рақаттан зақымданады.

– Шүкір қылған адамның, төрт жағы да – құбыла, айналасы – шұғыла.

– Ең алдымен нәпсі қуды жүгенде, содан кейін бар-жоғыңды түгенде.

– Жүрегі таза болса адамның, періштеден айырмасы болмайды.

–  Қарыздың ең ауыры да, ең үлкені де – уәде.

– Опасызбен жолдас болма, дәміңді татып та кетеді, үйіңде жатып та кетеді, бәлеге шатып та кетеді, тар жерде сатып та кетеді.

– Қыз баланың қымбаты мен қимасы – ұяты мен ибасы.

– Әдепсіз әйелдің қолында әдепті қыз өспейді.

– Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол.

Олардың қызметін қылып жүрген біреуі, сөз таба алмай отырып қалыпты. Содан шәкірттер жиналып:

– Егер жанымызда жүрген қуыс кеуде болатын болса, мұны ертіп не қыламыз? Қол-аяғын байлап суға тастайық, – деп, оған жабыла кетеді. Сонда қорқып кеткен ол:

– Ей, Алла терең батырып, көп қорқытады екен-ау. Өзің құтқар, – деп шыңғырып жібереді. Құрдастары:

– Болды босатайық. Бұл да бір ғибратты сөз айтты, – депті.

Шәкірттердің айтқан сөздері «мақал-мәтел» деп, Құран мен хадистің астарлы сыры айтылған жер кейін келе Сырдария аталыпты.

материал «Отбасы хрестоматиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: