09
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Жоғалып бара жатқан дәстүр: Шүлен тарату

Жоғалып бара жатқан дәстүр: Шүлен тарату

Дәстүр даналығы
Жарнама

Шүлен тарату, шүлен тарту – дәстүрлі қазақ қоғамындағы жәрдем мен қамқорлық түрі. Бұл – парыз да, зекет те емес, тегін таратылатын дүние-мүлік. 

Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Оның мақсаты – жағдайы мұқтаж адамдарға көмектесу. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл – қайырымдылық іс-шарасы. Шүлен тарату салты күз түсіп, мал саны көбейгенде хан-сұлтандар мен дәулеті тасыған байлардың кедейлерге тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіруі арқылы жүзеге асқан.

Бұл біріншіден, кедей-кепшіктің келе жатқан қыстан аман шығуына жәрдемдесу болса, екіншіден көптің алғысын алудың амалы десе болады. Шүлен таратқан жандардың ел арасындағы беделі артып, алыс-жақын жерлерге ол жайлы мақтау әңгімелер тараған. Жалпы, адамдарды бауырмалдыққа баулитын, қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін бұл дәстүрдің игілігі көп. Шүлен тарату халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болған.

Бүгінгінің байлары да осы дәстүрді жаңғыртса, жағдайы төмен қандастарымыз да көшке ілесіп, елге қосылары анық. Әрине, бұл да бір пенденің сыналар тұсы. Ауқатты ағайын мәрттік танытып, тым болмағанда жақындарына шүлен таратса, елдің ынтымағы артып, бір-біріне тілеулес жандар да көбейе түсер еді.

Бірде Абайдың қонағы Жәмеңке ақсақал інісінен бұйымтай ретінде қамысқұлақ тұлпарды сұрайды. Абай әлгі сипатқа келетін атты қанша іздесе де таппай, Оразбайға адам жібереді. Абай мен Оразбай қатты араз болғаны белгілі. Оразбайға: «Ел намысы ер намысы болғанда, ер намысы ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын», – деген сәлемдеме айтып жіберіпті. Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба? Жаттан сағы сынбасын!» – деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 жылқы үйірін аралап жүріп үш ат ұстатыпты. «Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты бір-бірден берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті.

 

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: