21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Ұлттық шаш әшекейлері»

Дәстүр даналығы
Жарнама

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

                                                                Абай.

  Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз сұлудың көркі-шаш, шаштың көркі шаштеңге деп есептеген. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашы мен бойына қарап бағалаған.

 

  Әйел шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп аталады. Оның әр талын жібектей деп, өрілген бұрымды білектей деп салыстырған. Ұзындығы тілерсек соғатын, алтын, күміс шолпы тағылған сұлу бұрым бойжеткен көркін одан әрі арттыра түседі.

  Ақындар оларға «қолаң қара шашы бар жібек талды» (Абай), «сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа сүйек» (Ақан сері) деп таңдаған.

  Шаш күтімі, оны тарау, өсіру, өру-үлкен бір тәрбие мектебі. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген халық өлеңіндегі ғажап сурет – осының бір дәлелі.

  Шашқа тағатын және оның сәнін келтіріп, мәнін арттыратын, сәндік бұйымдардың ішіндегі асылы -  шолпы. Шолпы сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын, желді күнде көтеріп кетпес үшін де тағылады. Әсем, сәнді шолпыларды қыздар мен келіншектер ғана таққан, егде әйелдер тақпаған.

  Шолпының түрлері көп: қоңыраулы шолпы, үзбелі шолпы, тізбелі шолпы, сағат баулы шолпы, моншақты шолпы, қозалы шолпы, сылдырмақ шолпы, көзді шолпы (орнатылған асыл тасына қарай маржанды шолпы, меруерт шолпы, ақықты шолпы) алтын шолпы, күміс шолпы. Сұлу шашқа тағылған шолпылар қыз-келіншектер жүрген кезде күн сәулесіне шағылысып, көздік жауын алады.

  Иесі қозғалғанда, олар әсем дыбыстар шығарып, сұлу қыз, кермаралдай керілген кербез келіншектердің әсем жүрісіне үн қосып, ару сыны мен сымбатын одан әрі ажарлай түседі. Мұндай сұлуды қазақтар: «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосады», - деп ардақтаған.

  Шолпының күміс, алтын теңгелерден тізбелеп жасаған түрі – шаштеңге. Шолпы мен шаштеңге шашбауға немесе бұрымның ұшына байланады. Тәжірибелі халық шолпы таққан қыздардың басы ауырмайды, шашы ұзын әрі сұлу, берік болып өседі, ерте түспейді деп жорамалдаған. Шолпы, шаштеңге таққан қыз-келіншек мезгілсіз жүрмейді. Өйткені күміс сыңғыры «айтып» қояды.

  Шашбау – шаштың ажарын аша түсетін зергерлік өнер туындысы. Сұлулар мен бойжеткендерге арналған халық өлеңдерінде «Сылдырлап шашбауың мен алтын сырғаң», «Көрінер сұлу қыздар шабауымен, бұрымын кейін сілкіп тастауымен» деп жырланған. Шашбау  түрлі түсті асыл тас орнатылған, моншақ тізілген, ұзын күміс шынжырлы баумен немесе қымбат, берік матадан ызылып жасалған, алтын, күміс жіптермен өрнектеліп, ұшына салмақты күміс теңгелер мен сөлкебайлар тағылған бұйым. Шолпыдан өзгешелігі: ол бұрыммен қоса өріліп, теңгелері мен күмістері, тағымы шаш ұшына байланады.

  Шашқап –шашты күнге күюден, жұмыс үстінде  шаң-тозаңнан сақтау үшін жасалатын сән бұйымы. Ол мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты көк, қызыл, қара түсті маталардан тігіліп, желкеден белге жететін етіп жасалады. Жоғары және төменгі жағынан ою-өрнекпен безендіріліп, зермен, оқамен, моншақпен әшекейленеді.

  Қазақ халқы әйелдердің сұлу шашын ертеден-ақ жоғары бағалаған. Жас әйелдер шашын маңдайынан айырып, екі бұрым етіп өрген соң, оның арасын бір сүйемдей етіп ұшын бір-біріне жалғайды, бұл   «Жұбымыз жазылмасын» деген ақ тілек белгісі. Ал қыздар бұрымын дара өреді немесе қос бұрымын бір-біріне жалғамайды.

  Қыздарға Алтыншаш, Қарашаш, Сұлушаш, Шолпы деп ат қоюдың өзі шаш қасиетін көрсетеді. Жеңгелері қайын сіңлілеріне ат қойғанда Шашбаулым, Шаштеңгелім, Сырғалым деп сызылуында да сұлу сыр жатыр. Демек, шолпы, шашбау, шаштеңге, шашқап – әйелдің әсем табиғаты мен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі, әрі ұлттық сыр-сипаты.

 

Материал С.Кенжеахметұлының

«Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» кітабынан алынған. 

Бөлісу: