21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Халқымыздың өлшем бірліктерін қаншалықты жақсы білесіз?!

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халық өлшемдері – ұлт мәдениеті мен этнографисының қызықты салаларының бірі. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей, халық өлшемі – анық өлшем десек, қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып, сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Халық өлшемдерінің негізгі түрлері мыналар:

-  салмақ өлшемі;

-  көлем өлшемі мен мөлшері;

-  ұзындық өлшемі;

-  қашықтық өлшемі;

-  уақыт және мезгіл өлшемдері.

Халқымыз салмақ өлшемдерін былайша жіктеген: мысқал (0,4г), қадақ (750 г), келі (1 кг), пұт (16 кг), батпан (100 кг). Бұл өлшемдермен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып, ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады. Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың санын, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім (нан), бір түйір, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір топ (адам), бір сандық, бір қалта. Мал саны мен мөлшерін де осылай ажыратады, яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты...

Заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, алақандай деген теңеу сөздерді де қолдана береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып, оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны олар көбінесе жылқы қазысының жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық, бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3-5мм шамасы), шынашақ, елі, бармақ (бұлар 1-2,5см), екі елі..., сере, табан (7-10см) т.с.с. басқа заттардың қалыңдығы көбінесе саусақ қыры – елімен өлшенеді.

Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемдерді білдіреді. Ұзындық өлшемдері бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды, атаулары: бір елі (1-5см), екі елі, үш елі..., тұтам, сынық сүйем (14-15см), сүйем (17-18см), қарыс, кере қарыс (20-22см), кез (50 см), аршын (75см), құлаш (1,8-2м), т.б. балтасап, кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар. Қашықтық өлшемдері: адым (қадам) (1м), таяқ тастам (10-15м), әй дейтін жер (100м), дауыс жететін жер (250-300м), шақырым (1км), иек асты, бір төбе астында (4-5км), козы көш (5-6км), көз ұшында (6-7км), тай шаптырым (4-5км), құнан шаптырым (8-10км),  ат шаптырым (25-30км), бір күндік жер, айшылық жол т.б. бұл межелер ауыл ішінде бұл күндері де жиі айтылады. Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең, тайыз, биік, аласа деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жай: жоғарыдағы аталған өлшемдер бір-бірінің орнына жүрмейді.

Ауа райын бақылауда, сондай-ақ ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтық атаулар аз емес: қанжылым, мұздай, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнар деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста мал тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, саршұнақ аяз, тіфу десе, түкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.

18 ғасырда Әз Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заңы құқықтық негізде шығын және құн мөлшерін белгіледі. Дау-жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы, ер адам құны – 100 жылқы. Егер біреудің белін сындырса, толық адам құнын төлейді. Адамның бір көзін шығарса, оның жартын құнын төлейді. Ұрыс-төбелесте бас бармақ сынса – 100 қой, шынашақ сынса – 20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін 5 ат, 5 айдан 9 айдағы бала үшін әр айға бір түйе төлеген. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген. Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды. Саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер мен жобалар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын, күміс сияқты құнды металдарды қолданған. Айырбас саудада да әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені құлынды биеге, бені бұзаулы сиырға, сиырды тай, құнанға, тайды 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп, мал, бұйым саудасында да әр заттың лайық, кесімді өлшемдері болған.

Халық уақытты анықтауда бай тәжірибе жинақтады. Оны қолданудың сәті мен жолдарын, соған лайықты сөз өрнектерін ойластыра білді. Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын де келтіре білді. Мерзім, мезгіл өлшемдерінің халықтық атауларына қазақ тілі өте бай. Ұлттық ұғымда мерзім уақыттың, мезгілдің шамасы мен ұзақтығын білдіреді, мысалы: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1 сек), сүт пісірім (5-10мин), шай қайнатым (20-30 мин), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2-3 сағат), тоқсан (3 ай). Адам өмірі де жас (1 жыл), мүшелмен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25 жас), үш мүшел (37 жас), төрт мүшел (49 жас) т.с.с. бөлінеді. Уақыт мезіглерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де өте бай. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап та анықтаған. Мысалы, елең-шалаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара, алакеуім, таң біліне, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, жұлдыз сөне т.б.

Демек, мұның бәрі халқымыздың таным-түсінік, ойының, әрі істің байыбына терең бойлау, бағдарлау қабілетінің жоғары тұрғанын дәлелдеп береді.

Сейіт Кенжеахметұлының

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: