22
Сейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Қалжаннан қалған қазына

Қалжаннан қалған қазына

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Арғы-бергі тарихта төрт астана бой көтерген Сыр бойында көне­нің көзіндей, данагөй дәуірлер сөзіндей ескіден жеткен ескерткіштер аз емес. Соның бірі – Сырдария ауданы аума­ғындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі. Соңғы жылдары рес­тав­рация жасалып, ежелгі бейнесін қайта тапқандай болған ке­шен­нің аумағы кеңейіп, туристік нысан ретінде маңызы жоғарылай түсті.

Атамекені Ақтөбе өңірі бол­ға­нымен де Қалжанның әке­сі Бөлекбай жігіт кезінде Қара­қал­пақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Хиуа хандығындағы бектердің бірі болады. Хиуа қаласында 1862 жылы өмірге келген Қалжан әуелі осы қаладағы орта діни оқу орнында білім алып, кейіннен Бұқарадағы әйгілі Көкілташта оқиды. Қазақ дала­сының небір қайраткерлерін біліммен сусындатқан ғылым ор­­да­сын жиырма жеті жасында тәмамдаған Қалжан ахун негізгі оқуы – шариғат және заң саласына қо­са философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады.

Ораз ахунның шақыртуымен Сырға келген Қал­жанның балаларды оқытумен қа­тар өзен жағалауына бау-бақша егіп, жұртты отырықшылыққа бау­лыған еңбегі сол кездегі үлгілі үрдіс­тің бірі болыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұйымдастырылған баспасөз турында сыртта туып, бар өмірін Сырда өткізген, осы маңнан мәңгілік мекен тапқан ахун мұрасы жайлы жер­гілікті өлкетанушы Жәнібек Махан­бетовтің әңгімесін тыңдап қайттық.

– Оңтүстік өңірде Аппақ ишан, Қар­нақ медреселерінен кейін с­алы­нып, білімге сусаған елдің кө­зін ашқан, рухани орталық болған осы медресе, – дейді ес біл­гелі ахун өмірін зерттеп келе жатқан Жәнібек Маханбетов. Әйгілі Көкілташтың кішкентай көшірмесі секілді медресе құры­лысы 1902 жылдан бастау алады. Жобасы Бұқарада жасалған ғи­маратты салуға сол тұста темір­жол құрылысына жетекшілік ет­кен швед инженерлері мен жұмыс­шылар көмектессе керек. Ал кір­пішін Наурызбай, Таңатар есім­ді жергілікті шеберлер өріп шы­ғыпты. Медресе құрылысы ахун­ның қайтыс болғанына 6 жыл өт­кен­де, яғни 1922 жылы толық аяқ­талады.

Ғимараттың тағы бір ерекше­лігі – іргетасы. Табанына күйдіріл­ген кірпіштен конус пішінінде қаланған кірпіштер әлі сол күйінде жатыр. Тоқсаныншы жылдары ме­дресені жөндеуге жиылған жұрт іргетастың құрылыс аума­ғы­нан тыс 8 метрге созылып жат­қанын анықтаған. Бұл ғимарат жоба­сы­ның қазіргі қалпынан әлдеқайда ауқымды болғанын көрсетеді.

Медресе ауласына кіреберісте на­мазхана орналасқан. Қалған бөлменің бәрі бала оқытуға арналып, сыныптық жүйеде салын­ған. Әр бөлменің кіреберіс маң­дай­шасындағы ойықтарға пән аты жазылған болуы керек. Өлке­та­ну­шы осының бәрі нысан­ның ағар­тушылық бағыттағы маңызын ай­қындай түсетінін айтады.

Реставрациялық жұмыстармен қатар медресе ауласын қоршап, көгал­дандыру бастамасына кезінде қатар жатқан Сырдария мен Жа­ла­ғаш аудандарының әкімдері Алмагүл Божанова, Қожахмет Бай­маханов көп еңбек сіңірді. Жұрт­ты жұмылдырып, жақсы іс­тің негізін қалады. Содан бері бұл үрдіс үзілген емес. Жәнібек Ма­хан­бетовтің айтуынша, енді оның іргесіндегі ахунның мазарына назар аударуымыз қажет. Медресенің тура түбінде ахун сал­­дырған шағын мешіт тұр. 1916 жылдың жазында Жалағашта ораза кезінде сәжде үстінде жан берген ахунды халық 20 шақырым жерден көтеріп әкеліп, осы ме­шіт ауласына жерлейді. Осы сая­хаттағы бастаушымыз ахунның бар­лық жұмысты құжаттандырып отыруға мән бергенін баса айтып еді. Маңдайшадағы көне жа­зуды көргенде осы пікірдің жаны бар екендігіне көзіміз жете түс­ті. Жазуды фотоға түсіріп алып, белгілі түркітанушы ға­лым Серікбай Қосановқа телефон арқылы жолдап жібердік. Ға­лым жауабы да көп күттірмеді, маң­дайшадағы 1334 жыл, 22-шәуәл де­ген жазу болып шықты. Қазіргі жыл қайыру бойынша бұл 1912 жыл­дың 22 маусымы болып шы­ғады. Бұл мешіттің салынған жылы болуы керек. Имандылық үйінің құбыла қабырғасындағы бояудың ізі анық көрінеді.

Медресе Кеңес өкіметі тұсында талай кепті бастан кешіпті. Бастап­қыда мал қора, қойма болыпты. Кейіннен мектеп, балалар үйі атанған кезі болған екен. Тіп­ті ал­пысыншы жылдары шаруашы­лық­тарға көмекке келген студенттер жатағына айналыпты.

– «Сол тұста осы маңдағы шең­­гел біткеннің басы қағаздан кө­рінбей тұратын» деседі көне­көздер. Сірә ахуннан қалған талай қазына сол кезде жоғалса керек. Бірақ сол дүниенің бәрі ізсіз кет­ті дегенге сенгім келмейді. Ел ішінде әлі де сақталып қалғандары бар сияқты, – дейді Жәнібек Махан­бетов.

Қазір көне қалаларға археоло­гиялық зерттеулер жасалып жатыр. Осының арқасында ортағасырлық талай шаһарлар туралы ел таны­мы кеңейіп, біраз жаңалық ашыл­ды. Өлкетанушы енді архео­гра­фикалық зерттеулерді бастау керек деген пікірде. Әйтпесе, көне сөз таң­баланған талай қағаз күн санап көнеріп, жыл санап жоғалып бара жатыр. Соларды тауып, көзі қанық азаматтарға оқытса, электронды нұс­қалары жасалса елге ортақ игілікке айналар еді.

Ел­басы бастамашы болған «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы мем­лекеттік идеологияның негізгі тетігіне айналды, бұл бағытта көп іс еңсерілді. Бағдарлама жобала­ры шеңберінде алда да жүзеге асар жұмыс көп. Осы бағытта Жә­кең «Медресенің бір бөлмесінен Қал­жан ахун музейін жасақтасақ» деген ой айтады. Музей жәдігеріне ай­налатын заттар да бар. Оның бірі Қалжанның заттары сақталған сан­дық. Көп жылғы ізденістің нәти­жесінде табылған ахун ұстаған қайрақ тас та бар.

Сапарымыз түйінделер тұста Жә­­нібек Маханбетов естіген жұрт­ты елең еткізер тағы бір жаңа­лықтың шетін шығарды. Арал өңі­рінде өз заманында Қалжан ахун­мен Көкілташта қатар оқыған Смағұл Төлегенұлы деген азамат өмір сүріпті. Оқуын бітіріп, еліне оралған Смағұл бірде ағайын ара­сындағы алауыздыққа күйініп, өзге өңірге бет түзейді. Осы сапарында жолай Қалжан ахунның үйіне түседі. Барлық мән-жайға қанық болған Қалжан Смағұл ахунды осы өлкеде қалдырыпты. Ағайындарының қызын аралдық жігітке қосады, өз алдына отау тігіп, дүниесін де береді. Кейіннен Смағұл өз еліне қайтады. Қалжан ахун берген сол киіз үйдің кере­гелері Аралда әлі сақтаулы тұр екен.

Өлкетанушы бұл жайлы арал­дық Жеткерген Нұрқабылов ақса­қалдан естіпті. Қазір қымбат қа­зына Шижаға ауылында тұрған кө­рінеді. Қазіргі иесі де киіз үйді қай­таруға қарсы болып отырған жоқ. Тек жүз жылдан аса тарихы бар жәдігерді Тереңөзекке бүл­дірмей жеткізетін сайлы да, жайлы кө­лік керек.

Жуырда Тереңөзектен жақсы ха­бар жетті, ауданнан осы іске көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар табылыпты. Қалжаннан қалған қазынаның құнды мұралар қатарынан орын тебер сәті де алыс емес секілді.

 Мұрат Жетпісбаев

Дереккөз: egemen.kz

Бөлісу: