21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сәдуақас қажы Ғылмани өлеңдеріндегі діни мәтіндер

Сәдуақас қажы Ғылмани өлеңдеріндегі діни мәтіндер

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші Сәдуақас қажы Ғылмани ХХ ғасырда өмір сүрген дара тұлға. Дегенмен, сол кездегі солақай саясаттың ықпалымен қуғын-сүргін көріп, еңбектері жарыққа шықпай қалды.

Оны ақынның:

...Көруім міндетім ғой мол қорлықты,

Бастан кешпей адамзат шынықпайды,

Әділдік деп ойлаймын бұл зорлықты.

...Бұл ауыр махнат жүк келсе-келсін,

Жалғыз мен бе дін үшін жеген таяқ,- деген өлең жолдарынан аңғаруға болады.

Сәдуақас қажы да қалыптасқан дәстүр бойынша дін саласындағы көзқарастары мен ойларын өлең түрінде жеткізген. Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін өлең түрінде жеткізу арқылы, біріншіден, мәселенің есте тезірек сақталуына, екіншіден айтылған сөздің өзектілігін арттыруға ерекше мән берген.

Осы дәстүрді біз қазақ халқының жыраулары мен шешендерінен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғалымдардың еңбектерінде көреміз.

Сонымен қатар, кеңестік кезеңде ғалымдарымыздың шығармалары діни түсініктен ажыратылып, жалаң әдеби-шығармашылық тұрғыдан түсіндірілді. Қазіргі кезде де отандық ғалымдардың ұлағатты ойлары айтылған кезде, олардың діни ұстанымдарына, исламдық дәстүрге онша көңіл бөліне бермейді. Сондықтан, бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл, ғалымдарымыздың мәртебесін төмендетпейді. Керісінше діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Бұл, олардың туындыларының негізгі өзегінде діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Данышпан Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» дегендей бұл ғалымдарымыз өлеңді тек баспалдақ ретінде қолданған.

Мәселен, Сәдуақас Қажының да өлеңдерінің ерекшелігі тікелей осы сүрелер мен хадистердің атауымен аталады. Өлеңдерінің өзі «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі», «Әйуһәл-уәләдтың біраз аудармасы», «Пайғамбардан көшірілген мына бір хадис» деп аталуында жоғарыда айтылған ойлардың жатқандығы шындық:

«Ғанкабут» сүресінің бір аяты,

Сөйлеген көп мысалмен хикаяты.

Аңдаушы ғалым ғана деп білдірген,

Ұсынған болған жанға дираяты.

«Ғасыр» сүре есіңде өте сақта,

Қашанда адамшылық жолын ақта.

Бұл өсиет, ақылым, інім саған,

Күйдірме мүһмен жанды құр нахаққа.

Сондай-ақ, тікелей діни мәтіндер болмаса да діннің мазмұнына сай тәрбиелік бағытта жазылған өлеңдеріне де осы тұрғыдан қараған дұрыс.

Енді осы бағытта жазылған ғалым өлеңдерінен үзінді келтіре кетейік. «Календар тысына жаздым» және «Өкіну» деген өлеңінде ғалым, ақылға түсініктеме бере отырып, нәпсіні сынайды:

Ақыл деген неңізде арап тілі,

Білімділер зарттеуші білер мұны.

«Тұсамыс, шідер» деген мағынада,

Асау аттай нәпсінің тыяр жолы.

Нәпсіқұмар, баққұмар, ойынқұмар,

Дәулетқұмар атақты қылмақ тұмар.

Бәрі де бір нәпсінің қызықтауы,

Пайда мен зияндысын ақыл сынар.

Ғапылдықпен өткіздік жас өмірді,

Нәпсінің қалағанын қылдық құнды.

Шайтан лағын билігі іске асып,

Байқап тұрсаң жастықта болдық жынды.

Жындыдан ақылды іс табыла ма,

Түбі пайда емеске сабыла ма.

Жастықты – жындылықтан бір бұтақ деп,

Тектен-тек хақ пайғамбар жар қыла ма?

Сол жастық сені аздырды - әуейлендің,

Ынтаңды ықыласыңды түгел бердің.

Соның бәрі ақымақтық, ғапылаттық,

Күні өткен соң толғайтын ақылға ендің - дейді.

Жалпы нәпсіні сынау дәстүрі басқа ғалымдардың да шығармаларында орын тапқан. Мәселен Шәкәрім шығармаларында:

Сыртыңды сыланасын сән беріп,

Ішіңнің түзетпейсің хатасын.

Айла мен алдағанды жөн көріп,

Адамды аң орына атасың.

               

Жалғанның бір пайдасың көргенде,

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде,

Амалсыз қара тастай қатасың.

Немесе Қожа Ахмет Ясауидің:

Қожа Ахмед , нәпсі мешкей түк тоймайды,

Жер көкті түгел жұтсын жұқ болмайды.

Топырақ құшса ғана бітті ол қайғы,

Бейнәпсі қор қызымен жасар, достар.

Болмаса Ақыт қажы Үлімжіұлының:

Ләпсі шіркін тоймайды,

Дүниені жалмасаң

Жеңілмейсің құрбыңнан

Ақыл тегін парласаң,- деген өлеңдерін осы тақырыпта жазылған деуге болады.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы Құрандағы «нәпсі» жайында айтылған Жүсіп сүресінің 53-аятының мағынасы деуге болады. Бұл аят мәтініңде: «Мен нәпсімді ақтамаймын; өйткені нәпсі әрдайым жаманшылықты бұйырады...» - делінеді немесе пайғамбарымыз бір хадисінде: «Сенің ең зарарлы дұшпаның – нәпсің» делінеді. Бұл теңізден алынған тамшыдан бір мысал ғана. Қазақ ғалымдарының Құран және хадис мәтіндерін түсіндіру жолдарын немесе аят, хадистер мен ғалымдардың шығармаларының арасындағы байланысын зерттеу өте ауқымды тақырып болмақ. Болашақта бұл қадам қолға алынады деп сенеміз. Егер осы мәселені жаңғыртатын болсақ, төл діни түсінігімізге оралсақ, қазіргі дін саласында болып жатқан көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктер өз шешімін табары сөзсіз.

Садуақас Ғылмани өз заманының келеңсіздіктерін де бажайлап, сынай білген. Әсіресе дін саласында жүрген адамдардың жетімсіздіктерін сынап былай дейді:

...Діндар осы дейтіннің,

Дінменен жоқ жұмысы.

Көздегені құлқыны,

Көремін жұрттың сұрқыны.

Ол бір күнді ұмытқан,

Түзетіп жалған сұрпыны.

Обал сауап аты өшті,

Ұятсыз қаулап жан кешті.

Ары да жоқ, тілеу жоқ,

Гулеген өңкей жарым есті.

Сондай-ақ «Сопылар» деген өлеңінде:

...Ойлайды сопы болған соң,

«Мен-дін басшы, қызметші

Жүруі мен тұруы

Есептелер міндетші».

Мұндай сопы қараңғы,

Іші жаман күндесші.

Көздегені –елді алдау,

Болғансып дінге көмекші, - деп әсіресе шынайы діндар болып көрінетін, дін саласында жүрген адамдардың әрекеттеріне сын көзбен қарайды.

Жалпы, қазақ ғалымдарына ортақ тақырып, ол дүниенің пәнилігі мәселесі. Қоғамдағы келеңсіздіктердің барлығы, осы дүниеге деген құмарлықтан, тойымсыздықтан, қызғаныштан туатындықтан ғалымдарымыз, дүниенің тұрақсыздығын, опасыздығын баса айтады. Өз кезегінде Ғылмани қажы да «Әй дүние!» деген өлеңінде:

Әй дүние, дүние, сұм дүние,

Неңізсіз көріністе ду дүние.

Дардитып құштар жанды тоқтыдай қып,

Білдіртпей соятұғын қу дүние – деп толғанады.

Осы тақырыпта Шәкәрім Құдайбердіұлы да:

Тұрақсыз  шыр айналған дүние,

Жұтады бәрінің де бастарын.

Ел түгіл жерлеріне кім ие,

Айтпасаң моласының тастарын.

.... Дүние қу-

Бір ағын су,

Түстік онда шөп болып,

Күнде ағамыз, сандаламыз

Бейнетіміз көп болып.

Кейде тасқа

Кейже ағашқа

Соқтығамыз дөп келіп.

Суынан да

Уынан да

Құтылармыз жоқ болып

Дүние ағып, сусыл қағып.

Фәни көлге құйылар

Бірі ерте, бірі кешке

Шөп те келіп жиылар.

Көлге барып, тыным алып,

Бәрі сонда жиылар.

Алды тыныс, болды тыныш.

Су ағыны тиылар.

Діндар ғалымдардың шығармаларында өмір мен өлім тақырыбы қатар қарастырылады. Оның себебі, алғашқысының мәнін соңғысының ашатындығында болса керек. Дегенмен, ғалымның болашаққа деген сенімінің зор болғандығын, тірісінде армандаған «Елестейді көзіме» деген өлеңіндегі шумақтардан көруге болады:

...Азан дауысы аймақ жарып күңірентіп,

Діншіл затты естіп қалған төңірентіп.

Иесіне құлдығына ес кетіп,

Жүгіргені елестейді көзіме.

...Форумында ғұламаның киіммен,

Сырласатын сыршысына жиынмен.

Сөйлеп шешіп мүшкіл сөздің түйінін,

Ұққызуым елестейді көзіме

Қорыта айтқанда, Сәдуақас Ғылмани қажы өз халқының қамын ойлап, діні мен сеніміне адалдығын паш еткен, соның нәтижесіне заманының теріс саясатына соққы жесе де мойымаған, болашақтан үмітін үзбеген, дінді дәріптеу, түсіндіруде, діни мәтіндерге талдау жасауда өзіндік із қалдырған бірегей тұлға болған. Енді ғана жарыққа шыға бастаған Сәдуақас мұралары, болашақта кең ауқымда зерттеліп, халқымыздың рухани мұрасынан ойып тұрып, өзіне лайықты орнын аларына күмән жоқ.

Кеңшілік Тышхан

Бөлісу: