06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Махатма Ганди өміріндегі мұсылмандық

Махатма Ганди өміріндегі мұсылмандық

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Ол мұсылман болмаған. Бірақ мұсылман секілді өмір сүрген. Қазір “Батыста мұсылмандар бар, Ислам жоқ, ал Шығыс елдерінде Ислам бар, мұсылман жоқ” деген сөз жиі айтылып жүр ғой. Әлемді өзгерткен осы бір кішкентай адам туралы да солай айтуға болатын шығар. Ол Исламды білмеді, намаз оқымады, бірақ болмыс-бітімі мұсылман еді. Сондықтан да оның өмір жолынан біздің аларымыз да, үйренеріміз де көп.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) – дүниеге нұр болып келіп, өзінің сәулесін бүкіл әлемге таратқан ғажайып тұлға. Сол секілді  ғибратты ғұмырында адамзатты жақсылықта соңынан ерткен, әлем тарихының жаңа парақшасының жазылуына себепкер болған жандар көп болмаса да кездесіп қалады. Махатма Ганди – солардың бірі, бірегейі.

Шын аты – Мохандас Карамчанд. Оған Махатма, яғни “ұлы адам” деген атты үнді әдебиетінің классигі Рабиндранат Тагор қойған. Адамның адами болмысының қалыптасуына отбасында алған тәрбиесінің әсері мол болатыны белгілі. Махатма діндар отбасында дүниеге келді. Өз естелігінде әкесі туралы: “Оның діни білімі таяз еді, әйтсе де ғибадатханаға жиі барып тұруы және діни уағыздарды тыңдауы арқасында көптеген индустарға тән өзіндік діни мәдениеті болды”, – десе, анасы жайында: “Анам менің жадымда киелі, қасиетті әйел ретінде сақталып қалды. Ол өте діндар адам болатын және дұға оқуын аяқтамайынша тамақ ішу жайын ойламайтын да. Анам ақылды адам еді және мемлекеттік істерден әркез хабардар болып отыратын”, – деп еске алады.

Махатманың бала кезінен жамандық атаулыдан аулақ жүруіне осы діндар анасының ықпалы көбірек болған секілді. Өйткені, мектеп бітіріп, Бомбейде оқып жүргенінде, онда берілетін білімге көңілі толмаған Махатма досын ертіп, Ұлыбританияға оқуға кетпек болады. Сонда анасы шыр-пыр болып: Балам-ау, онда өлім-жітім көп дейді, сені ет жеуге үйретеді, спирттік ішімдіксіз ас іше алмайды екен. Осының бәріне қалай төзбексің?” – деп, алып қалуға барын салады. Бірақ алған бетінен қайтпаған Махатма ішімдік ішпеуге, ет жемеуге, әйелдерге жоламауға сөз беріп: “Сізді алдаған жерім болды ма, өтірік айтқан кезім есіңізде ме?” – дей келіп, анасының алдында ант ішеді. Айтса айтқанындай, Махатма сөзінде тұрды. Адвокаттық оқу барысында мұсылмандар үшін харам саналатын ішімдікке де, доңыз етіне де, зинаға да жолаған жоқ. Және Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Кімде-кімнің бойынан мына үш сипат табылса, ораза ұстап, намаз оқып және өзін мұсылманмын деп айтса да, ол екіжүзді болады: егер сөйлесе жалған айтады, уәде берсе бұзады және аманатқа қиянат жасайды”, – деп сақтандырған жағымсыз қасиеттерден аулақ болды. Махатма – өмірінде бір рет болсын, өтірік айтпаған адам екен. Оны өзінің жазғандары да, айналасындағы адамдардың естеліктері де растайды. Міне, Исламды білмесе де, мұсылмандық, адамдық қағидаларынан аттап өтпеген Махатманың бұл әрекеті екі сөзінің бірі өтірік, өсек талай адамға үлгі болар...

Махатма Ганди 1891 жылы Англиядағы оқуын бітіріп келіп, Бомбейде адвокаттық қызмет атқарады. Ал 1893 жылы Африкаға аттанады. Ганди Африкаға барғанда ақ нәсілділердің қара нәсілділерді қатты кемітіп, үнділерді қара нәсілділерден сәл ғана жоғары бағалайтын кез еді. Отандастары мен қара нәсілділердің құқығын қорғау жолында Гандидың көрмеген құқайы болмады. Оны көшеде талай сабады, көліктерге отырғызбады, небір қорлық көрсетті, түрмеге де қамалды. Бірде соққының астында қалғанын байқаған журналистер: “Оларды сотқа беріңіз. Біз сізді қолдаймыз”, – дегенде, алған бетінен қайтпаған Ганди: “Жоқ, сотқа бермеймін. Бірақ күресті жалғастыра беремін”, – деп жауап берген еді. Ол қолына қару алып қарсы шығуды емес, бейбіт күресті таңдады. Және солай да жеңіске жетуге болатынын әлемге дәлелдеді. Махатманың “Қанға - қан” деген ұстаным бүкіл әлемді қансыратады” дегені кейін қанатты сөзге айналды.

Махатма өз кітабында әйелі Кастурбайға да өмірбақи адал болғанын айтады. Ал жаман адамдардан аулақ жүру керектігін, бозбала шағында өзінің “оны түзетем” деп жүріп, бір адамның ықпалымен теріс жолға түсіп кете жаздағанын айта келіп: “Түзетуші түзетем деген адамымен ешқашан тым жақын қарым-қатынаста болмауы керек. Шынайы достық – бұл дүниеде сирек кездесетін жан жақындығы. Тек мінездері бірдей адамдардың арасындағы достық қана ұзағынан әрі баянды бола алады. Достар бір-біріне ықпал етеді. Сондықтан достық түзеуге жол бере қоймайды. Жалпы, аса көп жақындықтан аулақ болу керек деп ойлаймын: адам баласы жақсылықтан гөрі жамандықты анағұрлым тезірек қабылдайды. Ал Құдай деген адам жападан жалғыз қалу керек немесе бәрін де дос ету керек”, – дейді. Айтса айтқанындай, ол барлық адамды дос тұтты. Өзі айтқан “барлық адамдардың көз жасын құрғатсам” деген арманы жолында аянбай еңбек етті және ол мақсатына ұлтына бейбіт жолмен тәуелсіздік алып беріп, белгілі бір мөлшерде жетті де. Махатманың “Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!” деген сөзі бүгінде жиі айтылады. “Өзін өзгертіп, сол арқылы әлемді өзгерткен” адамды көргісі келген жан Гандиға қарасын, одан үлгі алсын...

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: