29
Жұма,
Наурыз

һижри

Сауатын Құранмен ашқан Мұстафа Шоқай

Сауатын Құранмен ашқан Мұстафа Шоқай

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 7 қаңтарда бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласына жақын жердегі Наршоқы ауылында дүниеге келген. ХІХ ғасыр соңы, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән бір дүние олар балаларын алдымен мұсылманша оқытып, кейін орыс білімін үйренуге жіберген.

Бұлары таразының басы орысқа қарай ауып бара жатқанын сезгеннен болса керек. Мұстафа да осы жолмен жүрді. Зеректігі, алғырлығымен көзге түскен ол немере ағасы Әлмұхаммет ашқан мектептен, Құранды жатқа білетін, ауыл құрметтеп “Қари” деп атайтын түрік мұғалімінен сабақ алады. “Әуелі арабша қаріп таныған Мұстафа Құранды қырағат-мақамымен нәшіне келтіріп оқитын. Баланың даусы тыңдаған кісілердің сай-сүйегін сырқыратады. Ол ұзамай ғылымхал мен әптиекке түсті. Сосын Ахмет Ишаннан Чар кітап, Мырза Бедил, Сопы Аллаяр сияқты күрделі кітаптарды оқыды”, - деп жазады Дархан Қыдырәлі аталмыш кітабында.

Марияны 1916 жылдан, студент кезінен танитын Мұстафа басына іс түсіп, Ташкенттен қашатын кезде қайта кездестірді. Марияның күйеуінен ажырасқанын білген соң, оған өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Орыс қызын ұнатып, оған үйленгісі келіп тұрғанымен, Мұстафа дінге келгенде табандылық танытады. Қиын-қыстау заманға, өзінің қашып жүргеніне қарамастан болашақ жарынан мұсылмандықты қабылдауын талап етеді. Бұл туралы Мария өзінің 1963 жылы жазған естелігінде: “Біз Мұстафа екеуміз үйленбекші болдық. Екеуміздің дініміз екі бөлек болатын, мен – христиан, Мұстафа – мұсылман. Мұстафа менің мұсылман болуым керектігін айтып тұрып алды. Бір күні ескі күймеге отырып, ескі шаһарға бардық. Ол жерде имам біздің некемізді қиды. Екі өзбек куәлік етті. Бұл 1918 жылдың 18 сәуірі еді”, - деп жазады. Осы дерекке қарап-ақ, Марияның Исламды қабылдағанына шүбә қалмайды. Тіпті ол үйленгендерінен кейін Мұстафаның ауылына барғанда орамал тартып, дәрет алғаны туралы да жазады: “Мұстафа алғашқы аялдаманы имамның ауылында жасайтынымызды айтты. Имам қазақша дін қызметіндегі адам дегенді білдіреді. Мұстафа “Қазір оның ауылына жаяу жүріп баруымыз керек, басыңа жаулық салып, қазақ әйелдері сияқты үстіңе камзол киесің, қол-аяғың көрінбейтін болсын”, - деп түсіндірді. Қазақ әйелдері салт бойынша бастарына үлкен ақ жаулық байлайлы. Менде орамал үшін пайдалана қоятындай ақ төсек жаймасынан басқа ештеңе жоқ еді. Соны басыма байлап алдым. Үстіме түлкі терісінен жасалған тонымды киіп алдым. Мұстафа маған имамның үйіне қалай кіруім керектігін түсіндіріп, ішке еніп кетті. Мен киіз үйге елу адымдай жетпей тұрып қалдым. Біраз тұрып қалғандай едім. Ми қайнатқан ыстықта үстімдегі киімім де әбден абыржытты. Қазақ әйелдері бет-жүзін жауып жүрмейді, үнемі ашық ұстайды. Қазақтар әйелді өте құрмет тұтады. Еркектер өз араларында әйелдер туралы әңгіме айтпайды. Мұстафа әлі имамның жанында, мен сыртта тұрмын. Біраздан кейін киіз үйден бір топ адам шыға келді. Мен де оларға қарсы жүрдім. Мұстафаның айтқанын орындауға тырыстым. Өмірімде бірінші рет қазақтардың киіз үйін көрдім. Тазалығына таң қалдым. Сөздің шыны, біз қатардағы бір адамның емес, имамның үйінде едік. Жас қыздар өз араларында сыбырласып, ара-тұра маржандай тістерін көрсетіп күліп қояды. Мен де оларға қарап күлімсіредім. Осылайша арамызда үнсіз достық байланысы пайда болды, мен жуынғым келетіндігімді айтып су сұрадым, әрине, ыммен. Маған бір құмғанмен ыстық, екіншісімен салқын су әкелді. Олардан үйден шыға тұруларын өтіндім. Олар шығысымен дәрет алдым”.

Жан жары Мария Мұстафаның қанша қиыншылық көрсе де, шетте жүрсе де барлық ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жан болғанын айтады. Тіпті саясаткерлерге тән қаталдық, қаттылық секілді мінездер Мұстафаға жат болыпты. Мария Шоқай: “Саясатшылардың арасында соғысты жақтайтындар да, бейбітшілікті жақтайтындар да бар. Мұстафа Шоқай бейбітшілікті жақтаушы ұлтжанды саясаткер еді. Оның мінезі өте көркем және нәзік болатын. Оның шовинистерге немесе басқа ұлт өкіліне титтей дұшпандық ойы болмаушы еді. Түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір таластырғанды ұнататын. Өте сабырлы болып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсететін. Ең үлкен кемшілігі – оның сенгіштігі еді, осы тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшыраған”, - деп, сенгіштігінің кесірінен талай алданып қалғанын да жеткізеді. Енді бірде: “Саясат адамы Мұстафа Шоқай шенқұмарлықтан аулақ болатын. Бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға мәжбүр еді. Мұстафа Шоқайдың бойында саяси менмендік атымен жоқ-тын. Саяси интригаларды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді”, - деп жазады.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: