Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, батыс пен шығысты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Отырардың ол кездегі аты Фараб болатын. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында.
Әл-Фарабидің есімімен байланысты туған қаласының Қазақстан аумағында екенін дәлелдеу оңай болған жоқ. Өйткені әлемде Фараб атты төрт қала бар екен. Ал әл-Фараби осы қалалардың кез келгенінен шыққан болуы мүмкін. Бұл туралы шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүминовтың былай деп жазғаны бар: “Ауғанстаннан бір хат алғаным есімде, онда «Фараб атты төрт қала бар, сіздер неліктен әл-Фарабиді иемденіп алдыңыздар?» деп жазыпты. Соған мен жауап берген едім. Расында, Фараб атты төрт өлке, қаланың бары рас. Біріншісі – Ауғанстандағы Фәрйаб провинциясы, екіншісі – Түрікменстандағы Шарджой, тарихи аты – Фәрйаб, үшіншісі – Самарқан облысында Фараб деген қалашық бар. Төртіншісі – біздің Фараб. Фараб атауының араб тілінде жазылуына қарап-ақ, Ауғанстан мен Түрікменстандағы қалаларды сызып тастауға болады. Себебі оларда «е» әрпі бар, яғни атауы Фараб емес, Фәрйаб деп оқылады. Ал Самарқандағы ауыл Фарааб деп оқылады. Біздің Фарабтың жазылуы ғана ғұламаның ныспысының жазылуына дәлме-дәл сәйкес келеді. Оған қоса, араб ғалымдары еңбектерінде Фараби Түркістан өлкесіндегі, Сырдария жағасындағы Фараб өлкесінде туған деп анық жазылған. Сондықтан Фарабидің біздің бабамыз екеніне, Фараб өлкесінде, оның ішіндегі Весиж қалашығында туғанына еш күмән жоқ». Ғалым атап кеткен Весиж Фарабқа қарасты шағын қалашық болса керек.
Ал әл-Фараби туралы құнды дерек қалдырған географ-ғалым ибн Хаукал Сирияның сол кездегі атақты әмірі Сайф-ад-Дәула сарайында қызмет еткен. Әрі өзі әл-Фарабидің замандасы болатын. Ол Сыр өңіріне келгенде өзінің “Китаб Масалик уа мамалик” атты географиялық еңбегіне Түркістан аймағын сипаттап, картаға түсіріп, Отырарға арнайы тоқтап: “Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері”, - деп жазған.
Бір кездері араб та, парсы да болып кете жаздаған бабамызды осылай ортағасырлық тарихшылардың жазғандарының арқасында өзімізге қайтарып алған едік. Онда да бұл іске фарабитанушы ғалым Ақжан Машанидың сіңірген еңбегі көп. Ғалымның артында әл-Фараби туралы жазған 10 томдық еңбегі қалған.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,
ummet.kz