Жан жары Мария Мұстафаның қанша қиыншылық көрсе де, шетте жүрсе де барлық ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жан болғанын айтады. Тіпті саясаткерлерге тән қаталдық, қаттылық секілді мінездер Мұстафаға жат болыпты. Мария Шоқай: “Саясатшылардың арасында соғысты жақтайтындар да, бейбітшілікті жақтайтындар да бар.
Мұстафа Шоқай бейбітшілікті жақтаушы ұлтжанды саясаткер еді. Оның мінезі өте көркем және нәзік болатын. Оның шовинистерге немесе басқа ұлт өкіліне титтей дұшпандық ойы болмаушы еді. Түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір таластырғанды ұнататын. Өте сабырлы болып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсететін. Ең үлкен кемшілігі – оның сенгіштігі еді, осы тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да ұшыраған”, - деп, сенгіштігінің кесірінен талай алданып қалғанын да жеткізеді. Енді бірде: “Саясат адамы Мұстафа Шоқай шенқұмарлықтан аулақ болатын. Бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға мәжбүр еді. Мұстафа Шоқайдың бойында саяси менмендік атымен жоқ-тын. Саяси интригаларды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді”, - деп жазады.
Мұстафа эмиграцияда жүрген кезінде Құранды да жиі оқып тұрыпты. Тіпті әр сөзіне ой жүгіртіп, Інжілмен салыстыра оқиды екен. Жұбайының естелігіне сүйенсек, онда: “Ол көбіне қолына Құран мен Інжілді алып салыстырып отыратын. Мұстафа арабша білмейтіндігіне өкінетін, француз тілінен Құранды аударып оқитын. Оның арабша Құраны да бар еді”, - делінеді. Осы естелікке қарап, Мұстафаның тәжуид білгенімен, араб тілін жетік меңгермегенін байқаймыз.
Парижде Мұстафа мен Мария әр күнін Аллаға тәуекелмен өткізіп жатты. Тіпті 1939 жылы соғыс басталып, ол кездегі көңіл-күйлері туралы Мария: “Мен болған оқиғаларға онша мән бермедім, болатын нәрсе бәрібір болады, оны ешкім де өзгерте алмайды. Мен көптен бері барлық нәрсе Алланың жазмышынан болады деп ойлайтынмын”, - деп жазса, енді бірде: “Құдай мені әруақытта сақтады. Мен осыған сенемін. 1939 жылғы соғыс басталғанда “Ұшақтар өте биік ұшатын. Біртіндеп біздің оған да бойымыз үйрене бастады, сигнализацияны есіте салысымен подвалға түсетінбіз де, Алладан тілек тілейтінбіз”, - деп еске алады.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,
ummet.kz