21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Өзі молда Ғұмар Қараш молдалардың қудалауына неге ұшырады?

Өзі молда Ғұмар Қараш молдалардың қудалауына неге ұшырады?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Көрнекті діндар ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылым үйренуге үндеген ағартушы, мұсылмандық жолын жақсы білген, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың есімі кейінгі ұрпаққа жақсы таныс емес. 

Діни білімді жастайынан бойына сіңірген Ғұмар Қараш жай ғана оқып қоймай, дін ілімінің тереңіне бойлай түседі. Тақуалыққа ұмтылып, сопы болмаққа талпынған әрекеті туралы өзінің “Өрнек” атты жазбасында: “Жасырақ уақытымда мен де кәдімгі софылардай-ақ, софыша ғана бір мүрид едім. Шариғат ғылымынан жақсы хабарым бар, өзімше ойлағанда ғылым мен софылықты бірдей жиған бір кәміл адам болмақ едім. Ас-су ішпей, қатып-семіп, тілімді таңдайға жабыстырып, сол емшек астындағы екі елі шамасындағы “қалып” деп аталынған бір орынға қарай ышқынып, көңілімнен “Алла”, “Алла” деген сөздерді айтып, жүргенде аяғымның ұшына қарап қана жүруші едім. Ол уақыттары көбірек түсімде биғаз бір халде, өңімде де көп ғажайыптарды көрдім. Көрген сайын риазатымды арттырдым – мұқамнан мұқамға көштім. Ақырында сол шекке жеттім: барша тәнім зікір айтқандай болып, өзіме сезілетін еді. Күн санап ләззәтім, зауқым артты: бүтін дүниядан баз кештім. Ас жоқ, су жоқ. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Ойлаймын: бұ бос дүниеге алданып не қылам? Ел-жұрт, ақыл-қиялымды тастайын да, халық-ғаламнан хизләт етіп, дүнияның бір шетіндегі бір ғазиздің қабіріне барып, ғибадатқа мәшһүл болайын, сөйтіп, рухани ләззаттармен қанағаттанып ғұмыр кешейін деп, бұл ой көңіліме бек-берік орналасты. Ұйқымнан тұрдым да, ұстазым хазіреттен қайтуға қарар бердім. Келдім, һәм ұстазымнан бұлайша рұқсат сұрадым: “көп жыл хұзырыңызда тұрдым. Шариф нафастарымыздан хисапсыз пайдалар көрдім. Физалар хасыл еттім, енді маған рұқсат беріңіз, хайыр дұғаларыңыздан дарих қылмаңыз”. Ұстазым бек қатты әсерленді де, бір қағазға жазып, бұлайша жауап берді: “бек бахил һәм дұғашымен сіздей ғазиз мүрид уа шәкіртлерім халдері, жер шетінде жүрселер де, сахар уақытында оях шақтарымызда күн секілді әшкере, көз алдымызда көрініп тұрады. Бұны мақтанып айтпаймын… зікір етемін”. Ұстазымның бұл сөздері маған қатты әсер етті”, - деп сипаттайды. Зерттеушілер мұндағы хазірет сол уақыттары Орынбор мүфтилігінің өкілі, кезінде ахун болған Ғұбайдолла Ғалікеев болуы мүмкін екенін айтады.

Өзі ғана меңгеріп қоймай, шәкірттеріне де орыс тілі, география, биология секілді пәндерді үйрете бастады. Ал айналасындағы молдаларға мұндай жаңашылдық жақпады. Олар Ғұмардың үстінен түрлі арыз жаудыртты. Журналист Мақсат Тәж-Мұрат өзінің “Ғұмар Қараш” атты кітабында: “Ғұмар баста молда болды. Сол кездегі ескі молда, ишандар Садыр хәлпе, Тәте молда Ғұмаров, Бәйет Жұмалиев дегендер Ғұмармен араз болысты. Сыртынан ауыздары барғанша Ғұмарды жамандаса да, қарсы келген молдалар Ғұмарға ештеңе айта алмайтын еді. Молдаш деген кісінің жетісінде сол елдегі атақты молдалармен қатар Ғұмар да шақырылды. Молдалардың аттанарында әкесінің педиясына арнаған ат пен түйені үй сыртына байлап, үйге кірген Молдаш баласы Әріпке айтқанын өз құлағыммен есіттім. Ол былай: “Е, Шәріп, үй сыртына ат, түйе байланып қалыпты. Бұл қалай, біз құдалыққа келген жоқ едік қой. Бұл қомағай молдаларға, соның бірі өзім, үлестірсең, олар алады да кетеді, бірақ одан әкеңе тиер түк пайда жоқ. Тек атақ. Одан да бұл малды бір мектеп пайдасына берген болсаң, қандай игілікті іс істеген болып, оқи алмай жүрген жетімдерге беріп, мектепке тартқан болсаң қандай сауап, ұлтқа қандай пайда болған болар еді”, - деді Ғұмар. Сонда басқа молдалар теріс қарап, жағаларын ұстап, “әй, кәпір” десті. Хакім Әжікеевтің жазуынша, “Ғұмар қазақ ел болам десе хақиқи дін құралданбасын, өнер-ғылым үйренсін, мәдениетті елдердің білімінен үлгі алсын деген бір жаңалық пікірмен “Ойға келген пікірлерім” деген қара сөзбен татар тілінде кітапша жазып шығарды. Бұл кітапша ишан-молдаларға, діншілдерге жасыл соққандай әсер етті”, - деп жазды. Қазақ баласын оқытса да, өлім-жітім болса да молданың алдына тәуір деген малын салып жібереді. “Құдаймен арадағы дәнекеріміз ғой” деп ештеңесін аямайды. Ел ішінде сондай құрмет-беделге ие боп жүрген молдалар, әрине Ғұмар Қарашқа қарсы болады? Көлденең біреу килігіп, табысынан, абырой-беделінен қағып жатса, неге ренжімесін? Ғұмар Қараштың да солар секілді өмір сүруіне болар еді, бірақ ол қу құлқынның қамын емес, ұлтының қамын, оның болашағын ойлады. Дәл сол сәтте қазағына бәрінен бұрын сауат ашу керек екенін түсініп, өз білгенін үйретуге барын салды, мәдениетті елдердің мәдениетін үйренуге үндеді. Мектеп ашты, кітап жазды, газет шығаруға атсалысты.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: