Ақыт қажы Үлімжіұлы туралы Қытай, Моңғол қазақтарындай емес, атажұрттағы ел аса көп дерек біле бермейді. Немесе атын естігенімен, еткен еңбегінен хабарсыз. Дәл Ақыт қажыдай қажылық сапарын суреттеген адам кемде-кем. Ақыт қажыдай Абайды түсінуге, оның өлеңдерін ақыл таразысынан өткізіп, халыққа жаюға ұмтылған адам кемде-кем.
Шариғат ережелерін жетік білген ақын
Ақыт сол уақыттағы қазақ дәстүріне сай сауатын мұсылманша ашады. Ол туралы ақынның баласы Ғазез Ақытұлының естелігінде: «Әкем жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран сауатын ашады. Онан соң сол кездегі ауылдың тәуір молдасы атанған Ғұсманнан түркі тілдегі діни кітаптарды оқып, Құранның қирағатын түзейді. Яғни, Құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан кезде сол кездегі Молқы руының үкірдайы Жуанған ауылына не себеппен келгені беймәлім Бұхара медресесінде мүдәрріс болған ұлты өзбек, нақ аты Махбубулла, жанама аты Мырзабақа деген адам келіп бала оқытады. Мұнан Жуанғанның көрші-қолаңдарының балалары болып, алпысқа жуық бала оқиды. Ақыт осы балалардың қатарында оқуға кіреді де, олардың ішінен оқуға ынталы әрі зеректігімен айрықша көзге түседі. Ақыт осы адамнан араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фиқһ ғылымын да пысық игеріп шығады”, - деп жазады. Ал ақынның өзі дәл осы ұстазы туралы:
Ержетіп дамолладан алдым сабақ,
Ісмідүр Махбубұлла асыл талап.
Бұхардың ақсүйегі дәл өзінен,
Шығады демі сайын ғылым тарап, - деп жырлайды. Өзге балалардай емес, білім-ғылымға ерекше құштар Ақыттың қазақтың санасын оятатын “оқу” екенін ерте ұққанын аңдаймыз. Өйткені өзі алғаш “Иманшарт” оқып жүргенде сол кітаптың шетіне:
Үлімжі біздің атамыз,
Құдайға көпдүр қатамыз.
Ғылым нұрын бір көрмей,
Қараңғы қайтіп жатамыз? – деп жазып қойғанынан-ақ талай нәрсені аңғаруға болады.
Мекке, Мәдинаға барып қажы атанған Ақыт
1908 жылы Шыңжаңның Алтай өңірінен, Тарбағатайдың Майлы-Жайырынан, Моңғолияның Қобда аймағынан ауқатты 60 адам қажылық парызын арқалап, Мекке сапарына аттанады. Бұл кезде Ақыт қажы Қобда аймағында Бардам Үкірдай ауылында бала оқытып жүрген екен. Артық байлығы, қолында қаражаты жоқ Ақыт қажылыққа баруды ойламайды да. Бірақ Алла оны өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосып, қонаққа шақырған екен. Өз аймағынан жеті қажыны шығарып салмақ ниетпен сапарға шыққан Ақытты Лайық пен Оразбек ақылдаса келе: “Ақыт біріншіден, араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жақсы біледі. Жолда тіл аударып береді. Екіншіден, діни тағлымдарға қанық. Жолда бізге қажылық жолдың парыз, уәжіптерін үйретеді. Үшіншіден, дарынды ақын, осы жолғы қажылық сапарымыздағы өмір өткелдерімізді, өлі-тірімізді өлеңмен жазып, артқы ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Сондықтан жол ақысын көбіміз үстімізге алып, қажыға ертіп алайық”, - деген шешімге келеді. Өзге қажылар да бұл пікірге қуана қосылады. Шешімдерін Ақыт қажыға айтады. Расымен, ел ақсақалдарының үміттері ақталды. Бізге бұл қажылық сапары туралы мәлімет тек Ақыт жырлары арқылы жетті. Ал басқалай жағдай болса, қажылық парызды өтеу жолындағы мұншалық мехнатты сапар туралы білмей де кетер ме едік?! Бұл сәт туралы ақынның “Қажыбаян” жырында:
Сол күні дәл Сақсайға қондық барып,
Көп жұрт мені “жүр” деді ауызға алып.
Сол жерде “жүрейін” деп айтып салдым.
“Не береке табам?” деп топтан қалып.
Жалғыз-ақ ел-жұртыма қош демедім,
Осы жерім болды ғой үлкен қауіп, - деп баяндалады. Ары қарай: “Мен пақырға бір Алла бола гөр жар” деп, бала-шағасын Құдайға тапсырып, кете барады. Бір жағынан қатты қуанса, екінші жағынан үлкен атасынан бата алмай кеткеніне көңілі күпті болады.
Ақыры не керек, қажылар сол жүргеннен Қазақстанның Семей облысына жеткенде, әр рудан қосылған елу шақты адам болып, ары қарай Омбыға келеді. Ол жерден пойызға отырып, Одесса қаласына, одан ары кеме жалдап, Ыстамбұлға жақындайды. Жолда кемеде оба ауруы тарап, Сноп деген жерге тоқтатып, 23 күн карантин жариялап, ары қарай жүргізбей қояды. Не деген мехнатты жол десеңізші. Бәрі де Алланың разылығы үшін жандарын шүберекке түйген пенделер! Аллаға деген сүйіспеншіліктері қандай?! Қазір біз ұшақпен барып, қоңыр салқын қонақүйде жатып, қиналдық дейміз. Ал бұлардікі не деген жанкештілік! Осы жолда қажылыққа жете алмай Мұқит, Сіргебай, Дәуіт, Мәнібай, Мәйек, Бітім, Дайыр, Базар атты 8 бірдей адам қайтыс болып, шаһид атанады. Аурудың таралуынан қорыққан дәрігерлер қажылардың бүкіл азығын өртеп жіберіп, бұларды аштық қысады. Қолда бар ақшаны тамаққа аямай жұмсайды. Ақыт қажы бұл туралы былай жырлайды:
Жиырма үш күн дегенде кеме жүрді,
Өлгені өліп, тірілер кеме мінді.
Шыбын бойда – кемеге кірген жандар,
Көргендей сол күн кеме шүкір қылды.
Ары қарай Суейш каналына жеткенде, Майтақ, Замбы, Ақынбек деген ақсақалдар да дүние салады. Қызыл теңізге келгенде кемені дауыл ұрып, су ішіндегі құзға шығарып кетеді. Мұның бәрі ақынның “Қажыбаянында” суреттеледі:
Сенбі күн таң намаздың уақытында,
Кеме толқи жөнелді дүр-дүр етіп.
Қисайып кеме кетті қатты толқып,
Дүние болып кетті олпық-солпық.
Жамағат қойдай шулап, иман айтып,
Жан біткен үрей қалмай кетті қорқып.
Қисайып кеме қапты тасқа тоқтап,
Адамға күн тумасын оған ұқсап,
Мұндайда тірі шығу екіталай,
Әр адам өз қу басын тұрды жоқтап.
Сол жерде жан қалмады жыламаған,
Қамығып нақ жүректен шыдамаған.
Сарт та бар, ноғай да бар, түрік те бар.
Серкеш, ғажам, қызылбас, бөрік те бар.
Және бар азын-аулақ қазақ қажы,
Жігіттер мұны айырып іріктеп ал. Ақыры не керек, бес күн дегенде көмекке екі кеме келіп, Меккені аңсағандар ауысып мініп, жағалауға әрең жетеді. Ары қарай түйе жалдап мініп, Жиддаға жетіп, құрбан айтқа 10 күн қалғанда Мекке қаласына кіреді. Ақыры Аллаға деген сүйіпеншіліктері оларды Алланың қаласына алып келді. Бұл қуанышты сәт “Қажыбаянда”:
Отызыншы Зүлқағда сенбі күні,
Меккеге тәуап етіп барып кірдік.
Тәуап етіп айналдық Бәйтолланы,
Құдіретін дін Ислам кәміл білдік.
Жүз сүртіп хажар әшуад мүбәрәккә,
Аллаға жүз мың қайта шүкір қылдық, - деп баяндалады. Арада бірер күн өтіп, құлшылықтарын өтегеннен кейін Ақыттың қажылыққа баруына ықпал еткен Лайық қажы дүниеден өтеді. Бұл қаза ақынға ауыр тиеді. Десе де, қасиетті мекенде, Аллаға қонақ күйінде қайтыс болған, бар арман-тілегін жүрегіне түйіп келіп, қажылығын өтеп өмірден өткен Лайық қажыда арман бар ма екен?! Алла осы жолда дүниеден көшкендердің жанын жәннатта етсін!
Қажылық парызын өтеу кезінде Ақыт өзге қажыларға жолбасшы болады, барлық жөн-жоралғыларын көрсетіп отырады. Ал Арафат тауына келгенде Көшкінбай, Әлпеміс молда, Әділ, Тастаған деген қажылар да дүниеден өтеді. Осы тауда Бортан қажы бастаған төрт мүсәпірді кездестіріп, қатарларына қосып алады. Қажылық міндет түгел өтелгеннен кейін олар Мәдина қаласына бару-бармау туралы ақылдасады. Ақырында Жиддаға жетіп, сол жерден ақшасы аздарды, жолдан қосылған төрт мүсәпірді жол-пұлын реттеп елге қайтарып, жағдайлары келетіндері Мәдинаға бармақ болады. Бірақ Жиддаға келгеннен кейін Сайыр деген адам қайтыс болып, жұрттың бәрі тікелей елге қайтатын болып шешім қабылдайды. Тек жаны білімге құштар, Пайғамбарға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі ерекше, оның қабірін бір көрсем деген арманы бар Ақыт қажы ғана жолдастарынан бөлініп, “енді мұндай мүмкіндік туа ма?” деген оймен араб жерінде жападан-жалғыз қала берді. Мұндай тәуекелге баруына ақынның араб тілін жетік білуі де себеп болды. Айналасындағы арабтармен, бәдәуилермен оңай тіл табысқаны туралы ақынның өзі:
Қасымда мәдинелік Ғабдулхамит,
Жалғыз-ақ соған ердім сөзбен танып.
Ол араб, ойласаңыз, мен қазақпын,
Аралап бөтен жерді жүрмін ғаріп.
Мәдина, Шам, Құддысқа болдым құмар,
Ел-жұртқа аман-есен барсам жарар.
Егер де осы жолда өліп қалсам,
Болмаса мына жүрген ізім қалар, - деп жырлайды. Жолдастарын шығарып салған ақын Жиддадан Мәдинаға тіке тартатын кемеге отырады. Онда да кеме суда тұрып қалып, небір жол азабын көреді. Тек тоғызыншы күн дегенде армандап, аңсаған Мәдинаға жетеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қаласын көзімен көріп, қабірін зиярат етеді. Одан ары Мәдинадан керуен түйемен жолға шығып, Сирияның орталығы Шамға келеді. Онда да қасиетті жерлерге тәуап етіп, араб мәдениетінен сусындап ары қарай Құддысқа аттанбақшы болады. Алайда, жол тосқан қарақшылардың пайда болғанын естіп, кері қайтады. Қара теңіз арқылы Ыстамбұл, Измир, Одесса қалаларын басып өтіп, пойызбен Орал тауы арқылы Қызылжар, Семей қалаларына жетеді. Ары қарай көлік жалдап үйіне келеді. Ал үйіне келсе, сапарға бірге кеткен қажылардың бәрі қайтып келіп, Ақыт қажыдан үшті-күйлі хабар болмаған соң, оны өлдіге балап қойған екен. Бұл туралы баласы Ғазез: “Осындай жапа-машақат арқылы қажыға барып, басқа Алтай, Қобданың адамы қайтып кеткенде Ақыт жер көремін деп Мәдине, Шам (Дамашық), Құддыс (Иерусалим) қалаларына бармақшы болып жалғыз қалады да, бір жарым жыл дегенде Мәдине, Шамды аралап, араб мәдениетін көзден кешіріп, араб тілін толықтап, Құддысқа бара алмай (тонаушылардан сақтанып) елге қайта оралады. Бұл кезде әкесі оны “өлдіге” жорып, нәзір шырағын беріп қояды. Ардақты әке, ақын әке, ғұлама ғалым әке, Меккеге сенен басқа да талай қажы барып еді ғой! Қане, қайсысынан осындай бір жазба естелік қалды? Өзің жасаған дәуір тынысының айнасы болдың, сенің шығармаларың арқылы ұрпақтарың сен жасаған дәуірдің тынысын аңғарғандай болып отырмыз емес пе!”, - деп жазады.
Айтса айтқандай, ғылымға, білімге, білмекке мұншалық құштар жан енді өмірге келер ме?! Мекке-Мәдина сапары Ақыттың “Қажыбаяны” секілді жүректі қасиетті мекенге деген сүйіспеншілікке толтырып, жазыла ма? Әй, жазыла қоймас...
Ақыт қажының артына қалдырған төрт өсиеті
Бар саналы ғұмырын тек игі істерге жұмсап, бала оқытып, медресе салып, ел ішінде қазылық жасап, өлең шығарған ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы Қытайдың қитұрқы саясатының құрбаны болды. 1939 жылдың 24 желтоқсанында, жұма күні ауылына жан-жақтан жұма намазға жиналған ағайындарының ортасында байлап-матап алып кетті. Бүкіл қауым ерекше қадірлеп, “алдынан қия өтпейтін” қарияның жеке заттарын Шың Шысайдың жендеттері әбден тінтті, өзге кітаптарын былай қойғанда, Құранына дейін парақтап жыртты, қолжазбаларын қолды етті. Әйелі Үкіжанға тығып алып қалмақ болған “Хызбул Ағзам” атты кітабы үшін таяқ жегізді. Ардақтысынан қапияда айырылып қалған қазақтың Есімқан үкірдай бастаған баскөтерлері Шүй Ырлиннен бастап 7 адамды бір түнде бауыздап, қажыны ұстап әкеткен Кәрім бастаған жендеттің жазасын беруді Ақыттың балаларына тапсырмақ болады. Бірақ Үкіжан апа: “Оны көзіме көрсетпей, өздері біржақты етсін” деген соң оларды да шоқпармен өлтіреді. Бұдан кейін де талай қан төгілді. Ақын, қажы Ақыт Шың Шысайдың тар есік, тар босаға, қараңғы қамақханасында қинау мен аштық салдарынан 72 жасында қайтыс болды. Тек өмірден өтерінде түрмеде өзімен бірге отырған тарбағатайлық Ғинаят деген кісіге: “Егер аман-есен түрмеден шыға қалсаң, ел-жұртыма, яки ел-жұрттан келген біреуге жеткіз” деп ауызша өсиет тапсырыпты. Мұны Ғинаят деген кісі Алтайдың Көктоғайындағы түрмесінде отырған Бейсекей Қардыбайұлы деген кісіге тапсырады. Сол кісі 1944 жылы түрмеден босап шыққан соң, Үкіжан апамыздың шаңырағына арнайы барып, ұрпақтарын жинап жеткізеді. Ол өсиет мынау еді:
1. Халқым! Алты бақан, алауыз болмай, ынтымақты, берекелі болсын. Жалғыз өз ішінде ғана ынтымақты болып қалмастан басқа жұртпен (ұлтпен) де ынтымақты болсын.
2. Көрші жұртпен тату болсын. Оларды ренжітпесін. Бір ауыл өзінің көрші ауылын, бір үй өзінің көрші үйін ренжітпесін.
3. Бір мәселе кезіге қалса, яки бір хабар естіле қалса дереу оны бүтіндей жоққа шығару немесе бүтіндей бар деп сене кетуге болмайды. Алдымен ой елегінен, ақыл көзінен өткізіп, онан кейін қорытынды шығарсын.
4. Жұртым, өте-мөте ұрпақтарым! Нәсіл тазалығына көңіл бөлсін! Ол үшін жынысқұмарлықтан, зинадан таза болсын!
Бұл ақынның ұрпақтарына ғана емес, мұқым халқына айтқан өсиеті. Ақыт қажының сүйегі 1943 жылы ғана ұрпақтарына қайтарылды. Бірақ он жыл бойы есімінің аталуына тыйым салынып, ұрпақтары қудаланса да, халық жүрегінен ел үшін туған сол бір абзал қарияның сөзі ешқашан өшкен емес...
материал “Тұлғалар өміріндегі Ислам” кітабынан алынды,
ummet.kz