Әмір Темір – астанасы Самарқан қаласы болған ірі мемлекеттің билеушісі, Орта Азияда 1370-1507 жылдары билік құрған тимуридтер династиясының негізін қалаушы болды. Жарты әлемге билік жүргізді, қиян-кескі соғыстар жасады, жер бетін қызыл қанға бояды.
Әмір Темір Алтын Орданың билігін әлсіретіп, орыстың күшеюіне ықпал жасағаны үшін, Осман империясын күйретіп, Еуропаның алға кетуіне әсер еткені үшін көптеген тарихшылардың оған өкпесі қара қазандай. Сонымен қатар, ол өркениетке ұмтылды, Самарқанды әлемнің астанасы етуге талпынып, небір тарихи ескерткіштер, мешіттер мен медреселер салдырды, қаланы бау-бақшаға толтырды. Ол сәулет өнерін жоғары бағалады, көркем әдебиетті жанындай жақсы көрді, шешендікті ерекше қадірледі.
Әмір Темір Құдайдан қатты қорқатын. Дін ғұламаларына өзгеше құрмет көрсетіп, өзі де Ислам қағидаларын барынша ұстануға тырысатын. Мемлекетін де шариғат негіздеріне сай басқаруға талпынды.
Әйгілі композиор Ақан серінің өзі «Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір» деп әніне қосқан қолбасшының бізге аңыз ғұмыры жеткен. Әмір Темір Қытайға 1404 жылдың 24 қарашасында 200 мың қол әскермен кетіп бара жатып, екі айдан соң Отырар қаласына аялдайды. Міне, сол жерде қытай деректері бойынша іш сүзегінен, енді бір деректерде суық тиіп 68 жасында қайтыс болады.
Артында ұзын-сонар өсиеті қалған қолбасшы: «Алла тағаланың қалауы мен Мұхаммед Мұстафаның шариғатына бас иіп, әр уақытта Ислам дінін қолдап қуаттадым», – деген күйі бұл өмірмен қош айтысты. Бүгінде Самарқанның төріндегі осы бір кесенеде жатыр. Кесенеге келген бетте жолбасшымыз: «Бұл кесененің неліктен 8 бұрышты екенін білесіздер ме?» – деп бізден сұрады. Біз білмейтінімізді айттық. Сонда ол «Жәннаттың 8 қақпасы бар емес пе? Әмір Темір бұл кесенесін немерем 8 қақпаның бәрінен енсе екен деген ниетпен салдырған ғой», – деді жымиып тұрып. Мұны естігенде ерекше толқып кеттім. Іштей Алла тағалам Әмір Темірдің де күнәларын кешіріп, өзі сондай армандаған жәннатты нәсіп еткей деп тілей бердім.
материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,
ummet.kz