Хазіреті әл-Хатиб әл-Бағдадий (Алла одан разы болсын) Әли ибн әл-Жағдтан (Алла одан разы болсын) жеткен тізбекпен былай дегенін риуаят етеді:
Яғқуб ибн Ибраһим «Әбу Юсуф» әл-Қадий (Алла одан разы болсын) маған былай хабарлады:
«Әкем Ибраһим ибн Хабиб қайтыс болды. Мені бала хәлімде анамның құшағында қалдырды. Солайша анашым мені киім тігу жұмысына тапсырды. Мен онда жұмыс жасадым. Мен тігіншілікті тастап, Әбу Ханифаның (Алла одан разы болсын) жиынында отырып, (уағызын) тыңдайтын едім. Анам жиынға артымнан келіп, қолымнан ұстап, тігіншілікке алып кететін еді.
Әбу Ханифа (Алла одан разы болсын) ілім алқасына келуімді және ынтамды көргендіктен мені меңзеп, ынтам жөнінде анама көп айтатын еді. Анамнан қашып кетуім жиілей түскендіктен, анашым Әбу Ханифаға (Алла одан разы болсын):
- «Бұл баланы бұзғаныңыз не?! Бұл бала ешнәрсесі жоқ жетім. Шын мәнінде мен оны ұршығыммен (одан түсетін табысыммен) тамақтандырамын және дәниқ (ұсақ тиын) тауып, өзін сол іске әдеттендіреді деп үміт етемін», - деп айтты. Сонда Әбу Ханифа (Алла одан разы болсын) оған:
- «Ей, алаңсыз әйел! Осы ілім алып жатқан бала болашақта фустуқ (пісте) майы қосылған фәлузәж жейтін болады» - деді. Анам одан бас тартып, оған:
- «Сіз қартайып, алжиын депсіз» - деді. Сосын Әбу Ханифаның (Алла одан разы болсын) сөзін маңызды деп білдім. Солайша Алла маған іліммен көп пайда келтірді. Тіпті мені Қазылық (қазіргі сот) қызметіне жауапты болғаныма дейін мансабымды көтерді. Тіпті, Һарун әр-Рашидтің мәжілісінде болдым. Онымен бір дастарханда тамақтандым. Күндердің бірінде Һарунға фәлузәж әзірленді. Сөйтіп Һарун маған:
- «Ей, Яғқуб! Фәлузәждан ауыз ти, бұл секілді тағам бізде әрдайым жасала бермейді» - деді. Мен:
- «Я, мүміндердің әміршісі! Бұл не?» - дедім. Ол:
- «Бұл – фундуқ майы қосылған фәлузәж» - деді. Сөйтіп жымидым. Ол маған:
- «Не үшін жымидың» - деді. Мен:
- «Алла мүміндердің әміршісіне жақсылық сыйласын» - дедім. Ол жымиюмның басқа сырын байқағандай:
- «Маған жымиюыңның себебін айтып бергеніңше, сұрай беремін» - деді. Сосын осы қиссаны басынан соңына дейін айтып бердім. Ол таңғалып тұрып:
- «Өміріммен ант етемін! Білім – дінді де, дүние тіршілігін де биіктетіп, пайда әкеледі. Алла Әбу Ханифаны рахымға бөлесін» - деп, ізінше:
- «Әбу Ханифа (Алла одан разы болсын) мәселелерді басындағы көздермен (ғана) емес, ақыл көздерімен көретін (ұшқыр ойлы ғалым) еді» - деді (Тәриху Бағдад (14/ 244).
материал «Жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
ummet.kz