21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Наданға шен бітсе – бетіне көн бітеді.

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Сырым әңгімелері
Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына: – Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық, – дейді. Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап: – Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай сұлуына асығып келеді екен? – депті. Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:

– Жігіттер, әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды қой деп қорсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Әркімнің мінген аты – өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген әйелі – өзіне сұңқар, – деп желе жөнеліпті.
* * *
Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып: – Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді? – дейді. – Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, – деп жөніне жүре беріпті.
* * *
Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: “Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың”, – депті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді. Сонда Нұралы: – Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! – депті. Сонда Сырым: – Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, – депті.
* * *
Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі, бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады. Сырым:
Мынау үйдің мінсізін-ай,
Тек шаңырағы шалқақтау екен, – десе.
Қыз:
Шаңырағы шалқақ болғанымен,
Түтіні тура шығады, мырза, – депті.

 

 

Дайындаған: ЕлАна

Бөлісу: