Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ислам дінінің қадір-қасиеті адамзат баласы үшін басты құндылық. «Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет.
Алайда, қазіргі кезде дін төңірегінде түрлі дау-дамайдың, пікірталастың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине танымға талас жоқ. Бірақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзінің әр жерден естіген, көрген нәрселерін дінге әкеліп таңғысы келетіндер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адамның өзінің таным-түйсігіне байланысты болса, әсіресе жастарға шариғаттың негізгі шарттарын түсіндіруде имамдар мен теолог ғалымдардың үлесі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде имандылық жолына қарай бет бұрған жастар көбейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар дәстүрге қарсы шығып, дінді бұра тартуда. Жамбыл облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, облыс бойынша бүгінде мемлекеттік тіркеуден өткен 346 діни бірлестік пен оның филиалдары бар екен. Оның ішінде 300 мешіт пен православтық, католиктік, протестанттық 46 шіркеу жұмыс істейді.
Облыстағы барлық мешітте жоғары білімді, орта білімді және қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген 414 діни қызметкер еңбек етеді. Жуырда ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораз Әулиеата жеріне арнайы келіп, өңірдің діни ахуалымен танысқан болатын.
Дін мәселесінің қазіргі кезде көкейкесті болып тұрғаны шындық. Жамбыл өңірінде діни ахуал тұрақты дегенмен, қордаланған мәселелер де бар. Ешқандай қисынға келмейтін ұстанымдар, көңілге қонбайтын ойлар қоғамда қаптап барады. Алайда жыл санап өңірде білімді мамандар қатары да артып келеді. Сондай-ақ жергілікті медреседе де маман дайындауға айрықша көңіл бөлінген. «Бүгінде «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде облыстан дінтану және исламтану мамандықтары бойынша 78 азамат білім алса, оның 9-ы биыл оқуын аяқтады. Бұдан бөлек, жергілікті халықтың сұранысы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұсынысы бойынша Қордай ауданы, Масаншы ауылынан «Қордай» Құран оқыту орталығы өз қызметін өткен жылдың қараша айынан бастады. Бұл жерде 60 шәкірт білім алуда. Жалпы, облыста әртүрлі салаларда теологиялық жоғары білімі бар 71 азамат қызмет етуде», дейді Жамбыл облыстық дін істері басқармасы ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Ақбай.
Дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл өңірде жастарды тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Имамның айтуынша, «Һибатулла Тарази» медресесінде Жамбыл облысымен қатар, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларынан келген 60 шақты шәкірт оқиды екен. Одан кейін Атырау, Ақтөбе, Орал, Ақтау қалаларынан да шәкірттер қабылданған. Енді салынып жатқан жатақхананың құрылысы аяқталса, шәкірттер саны бұдан да арта түсуі мүмкін. «Дін, оның ішінде Ислам діні – ата-бабамыз ұстанған идеологияның бір қыры. Бүгінде халық тарапынан дінді тануға сұраныс көбейіп келеді. Мешіттеріміз, мешітте қызмет ететін имамдарымыз өз деңгейлерінде қызметтерін атқарып жүр. Әуелі халықтың діни рәсімдерін атқару, сол сияқты мешітке келген жамағаттың діни сауатын көтеру, олардың жат ағымға қарсы иммунитеттерін қалыптастыру бойынша жұмыс істейміз. Уағыз-насихат та жалпы тақырыптарда қозғалады. Одан бөлек, имамдарымыз жамағаттың білімін арттыруға күш салады. Бүгінде орталық мешіт жанындағы сауат ашу курстары жұмыс істейді. Курсқа келген азаматтар әуелі Ислам діні жайында ақпарат алса, одан кейін дінді одан әрі тереңдетіп оқуға қол жеткізе алады. Бұл жерге ерлермен қатар, әйелдер де келе алады.
Содан кейін шетелге оқуға кеткен жастарды да қайтару мәселесі бар. Біз жоғары білімді Қазақстанда алдық. Туған жерде оқығанға ештеңе жетпейді. Ең әуелі маман мәселесін шешіп алған дұрыс. Еліміз бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресе бар. Бұл медреселерде де маман дайындау мәселесі қамтылуда. Біріншіден, жастар асыл дініміздің қасиеттерін бойына сіңіруі керек. Мешітте бүгінде әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған отбасыларға түрлі көмек көрсетілуде. Сонымен қатар жастарға діннің тағылымдары үйретіледі», дейді ол.
Жастардың жат ағымның жетегінде кетпей, ислам жауһарларын бойына сіңіру үшін берілген білім бір бөлек. Алайда кейде қоғамда діни экстремизм мен терроризм көріністерінің қылаң беретіні рас. Бұл бағытта өңірде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде құрылған. Құрамында 122 адам бар. Топ құрамы дінтанушы, теолог және психолог мамандардан және дін саласына уәкілетті мемлекеттік қызметшілерден жасақталған. Өкінішке қарай, жергілікті дін істері басқармасының мәліметінше жыл басынан бері интернет ресурстарда 1067 күдікті сілтеме анықталып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дінтану сараптамасына жолданып, 107 сілтеме бұғатталыпты. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу бағытында жеке адрестік жұмыстар да жүргізілуде екен.
«Бүгінде облыс бойынша 911 азамат деструктивті діни ағымдардың ықпалында жүр. 2015 жылдан бүгінге дейін жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 679 азамат қоғамға бейімделсе, оның 118-іне ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Оның ішінде 11 азамат жастар санатына кіреді. Аталған жұмыстар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ұсынылған оңалту критерийлеріне сәйкес жүргізілуде. Ағымдағы жыл ішінде теолог мамандар тарапынан түзеу мекемелеріндегі 172 адаммен жеке кездесулер өткізілді. Жоғарыда аталған жеке кездесулер 2019 жылдың басында арнайы әр сотталушыға жеке бекітілген теологиялық оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүргізілді», дейді Е.Ақтай.
Сонымен қатар бүгінгі таңда өңірден 25 азамат шетелдік діни оқу орындарында оқып жүр. Алайда сол 25 азаматтың 14-і Сауд Арабиясы, Пәкістан, Мысыр, Қырғызстан мемлекеттерінде күмәнді оқу орындарында оқып жатқан болса, қалған 11-і Түркия, Мысыр мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алуда екен.
Қазір діни ағымдар көп. Мұның қауіпті екені тағы түсінікті. Бұл орайда облыстың бас имамы Қанат Жұмағұл өзінің пікірін білдірді. «Кезінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 73 ағымның болатыны туралы айтқан. Дінді ұстану үшін білім керек. Мектепте дұрыс оқымаған бала кейін дінді де дұрыстап оқи алмайды. Жат ағымда жүргендер бар, әрине. Бірақ олар уағыз-насихат жүргізбейді. Уағыз-насихаттың бәрін де имамдар жүргізеді. Алайда бүгінгі қауіп әлеуметтік желілерден болып тұр. Республика бойынша мешіттерде сайттар жұмыс істейді. Ал өңірде жамағатқа арналған «Уағыз дастарқаны» бар. Мұнда біз аудан, ауыл тұрғындарымен кездесіп, көшпелі түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Еліміз бойынша ақпараттық-насихаттық топ жұмыс атқарады. Мүфтияттың жанында ғұламалар кеңесі де түрлі мәселелерді көтереді. Халықтың қазіргі кездегі сұранысына орай көптеген мәселелердің жауабын беріп, түйткілді мәселелердің шешімін айтып жүр. Бастысы, ел шетелдің емес, өзіміздің ақпаратты пайдалануы керек. Сырттағы шейхсымақтарды емес, өзіміздегі имамдарды тыңдаған дұрыс. Ағым мәселесі тарихтан бар. Ол – адамның діни мәтіндерді жорамалдап, түсінуіне байланысты. Елімізде тұнық бұлақтан сусындаған дәстүрлі ханафи мәзһабы бар. Бұл жолды ата-бабаларымыз ұстанған. Енді жолдан қосылған топтар өз пікірін тықпалағысы келеді. Мәселе сонда. Ең бастысы, дұрыс бағытты елге насихаттау керек», дейді имам.
Қазір ақпараттың заманы. Кітаптардың тасқынынан да көз сүрінеді. Бұл ретте дін төңірегінде жүрген жастар не оқып жүр, кімді тыңдайды деген мәселе де өзекті. Ел ішінде жолдан тайдыруға үгіттейтін топтар да жетеді. Бірақ олардың дені құзырлы мекемелердің құрығына ілінуде. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері өңірде полиция қызметкерлері діни бағыттағы 34 әкімшілік-құқық бұзушылық фактілерді анықтаған. Оның 16 дерегі ел аумағы мен шекаралас мемлекеттер азаматтарының тыйым салынған экстремистік сипаттағы әдебиеттерді заңсыз әкелуіне қатысты болып отыр. Жалпы саны 27-ден аса экстремистік мазмұндағы кітап тәркіленіп, Әкімшілік құқық бұзушылық қылмыстық кодексінің 453-бабы бойынша тыйым салынған экстремистік әдебиетті республика аумағына әкелгені үшін Қырғыз Республикасының 14 азаматы және Ресей мен Өзбекстан мемлекетінен 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Міне, осындай заңсыздықтардың бәрі де адамдардың діни көзқарасына кесірін тигізбей қоймасы анық.
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің», дейді халық даналығы. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Ең бастысы, дін – ақиқаттың, ізгіліктің шырақшысы. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастаушы ілім. Сондықтан да жат ағымның жақсылыққа апармайтынын білген жөн.
Хамит ЕСАМАН
egemen.kz