19
Жұма,
Сәуір

һижри

«Әминді» іштен айту абзал ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

Бұл сарапталып алынған мәселе өзара талас-тартыс тудырып отырған мәселелердің ішіндегі ең бірегейі десек, асыра айтқандық емес. Әрине, бұл мәселе тап бүгінгідей ортаға қойылған жоқ.

Керісінше, намазда «әмин» дауыстап айтылады ма, әлде іштей айтылады ма дегенге негізделіп қойылды. Негізінде төрт мазхабтың басында тұрған ғұламаларымыз, мужтахидтеріміздің барлығы бірауыздан, намазда «Фатиха» сүресінен соң «әминді» айту сүннет деп келіскен. Ал «әминді» дауыстап айту немесе айтпау жайлы екі түрлі жолды ұстанған.

Кейбіреулері – Шафиғи мен Ханбали мазхабының ғұламалары «әминді» дауыстап айтуды абзал санаған болса, кейбір ғұламаларымыз әсіресе Ханафи мен Малики мазхабының ғұламалары «әминді» іштей айтуды абзал көрген.

Себебі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етілген хадистерде екі жағына да дәлел табылған. Кейін әрбір тарап өздерінің не үшін бір жағын абзал санағанын түсіндіру мақсатында өз дәлелдерін келтірген және екінші тараптың дәлелдеріне де өз пікірлерін айтқан. Біз олардан хабарымыз бар ма, жоқ па белгісіз, бірақ тап осы мәселеде талас-тартыс (ихтиләф) шығарғанымыз анық. Енді болар іс болды десек те бәрібір пайдасы болар деген ниетте Алладан көмек сұрап, осы мәселе бойынша нендей әңгіме сөздер болғанын түсініп, бағамдауға бір талпынып көрсек деген үміттеміз.

Тақырыпқа кіріспес бұрын мынаны айтып өткеніміз абзал болар, осыны жазып отырған қызметшілеріңіз өзі ұстанған мазхабқа байланысты «әминді» іштен оқитындарға да, «әминді» намазда дауыстап айтатындарға да өз құрметін білдіреді. Әсіресе, осы мәселеде ижтихад жасаған сәлаф салих ғұламаларымыздың барлығына құрметпен бас иеді. Олардың ешқайсыларына сәл болса да бір орынсыз пікір немесе соған ұқсас сөздер болмауын ниет етеді. Себебі ол ғұламаларымыз істеген ісі тура болса екі сауап, қателескен болса бір сауап алып кеткен. Өткендерімізге, әсіресе өткен ғұламаларымызға құрмет ету біздің борышымыз.

  • «Әминді» дауыстап айтуға келіскендердің дәлелдері

Енді намазда «Фатиха» сүресін оқып болғаннан соң «әминді» дауыстап айтуды абзал санағандардың дәлелдеріне тоқталып өтеміз. Бұл жақтың ең танымал өкілі, алдында айтып өткеніміздей Шафиғи мен Ханбали мазхабтары болып табылады.

Бірінші дәлел:

Имам Бухари Әбу Хурайрадан (р.а) риуаят еткен хадисте:

عن أبي هريرة رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال : ( إِذَا قَالَ الْإِمَامُ : ( غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ ) ، فَقُولُوا : آمِينَ ، فَإِنَّهُ مَنْ وَافَقَ قَوْلُهُ قَوْلَ الْمَلَائِكَةِ ، غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ )

Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қашан имам «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин»–десе әмин деңдер. Өйткені, кімнің айтқаны періштелердің айтқанымен тура келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»–деген.

Имам Шафиғи мен Имам Ханбали және олармен пікірлес жақтар осы хадиске сүйеніп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам «әмин» десе бізге де «әмин» деуімізге бұйыруда, ендеше біз де «әмин» деуіміз керек дейді.

Ал «әминді» іштен айтуды құп көретіндер ханафилер мен Маликилер. Олар «әмин» деп айту өте дұрыс, сол үшін біз де солай айтамыз. Бірақ бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» дауыстап айтыңдар деп тұрған жоқ қой. Сондықтан бұл хадисті «әминді» дауыстап айтуға дәлел қыла алмайсыздар дейді. Расында бұл хадис екі жаққа да дәлел болады.

Екінші дәлел:

Имам Муслим Әбу Муса әл-Ашғаридан (р.а) риуаят еткен хадисте:

إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَطَبَنَا ، فَبَيَّنَ لَنَا سُنَّتَنَا ، وَعَلَّمَنَا صَلَاتَنَا ، فَقَالَ : إِذَا صَلَّيْتُمْ ، فَأَقِيمُوا صُفُوفَكُمْ ، ثُمَّ لَيَؤُمَّكُمْ أَحَدُكُمْ ، فَإِذَا كَبَّرَ فَكَبِّرُوا ، وَإِذْ قَالَ : غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلا الضَّالِّينَ ، فَقُولُوا : آمِينَ ، يُجِبْكُمُ اللَّهُ

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге хұтпа қылып, бізге сүннет жайлы баяндады да намаз оқығанда сапқа тұрыңдар, біреулерің сендерге имам болсын, ол тәкбір айтқан кезде сендер де тәкбір айтыңдар. Қашан ол «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» десе, сендер әмин деңдер. Алла Тағала қабыл етеді» – деген.

Бұл хадис шариф жайында да осы тараптағылар бірінші хадистегідей айтады. Сөзді түйіндеп айтар болсақ «әминді» дауыстап айту жайында бекітілген үкім жоқ екендігін аңғарамыз. Негізінде дауыстап  айтуға дәлірек үкім болмағандықтан «әминді» іштей айтуды абзал санайтындардың пікірлері «әминді» дауыс шығарып айту абзалырақ дейтіндердің пікірлерінен жоғары тұрады. Және осыған ұқсас бір-екі риуаяттар келтіріледі. Олардың кей сөздері басқа болғанымен мағынасы бір.

«Әминді» дауыстап айту абзал дегендер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әмин деп айтқаны жайындағы хадистерді де дәлел ретінде келтіреді.

Үшінші дәлел:

Хафиз Әбу Бишр әд-Дауалиби келтірген риуаятта Уайл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а) былай дейді:

رأيت رسول الله صلى الله عليه وسلم حين فرغ من الصلاة حتى رأيت خده من هذا الجانب ومن هذا الجانب وقرأ (غير المغضوب عليهم ولا الضالين)  فقال : آمين  يمد بها صوته ما أراه إلا يعلمنا

«Алла Улшісінің (с.ғ.с) намазда болғанын көрдім. Тіпті о жағынан да, бұ жағынан да көрдім. Ол кісі: «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» деп қырағат қылғаннан кейін, даусын созып «Әәәмииин» деді. Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын».

Қарсы жақ осы және осыған ұқсас хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) имам болып тұрып, «әминді» айтқандығын алға тартады. Бірақ бұл, имамның артында тұрып намаз оқып жатқан кісілерге «әминді» дауыс шығарып айтсын дегенге дәлел бола алмайды дейді. Сонымен бірге, хадисте дауысын созып айтты дейді, дауыстап айтты делінген жоқ. Әдетте имамның бірінші сапта тұрған кісілер есітетіндей дәрежеде дауыс шығаруы бір нәрсені дауыстап айтты делінбейді. Себебі көп сахих риуаяттарда келуінше, Алла Елшісінің (с.ғ.с) бесін намазында кейбір аяттарды бірінші қатардағылар есітетіндей дәрежеде дауыс шығарып оқығаны белгілі. Бесін намазында дауыс шығарып қырағат қылынбайтындығы да баршаға аян.

Екіншіден, тап осы хадистің Имам Ахмад, Абу Дауд, Абу Яғла, Даруқутни және Хакимдер келтірген басқа бір риуаятта, ол кісі «...ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллинге» жеткенде дауысын бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде төмендетіп, «әмин» деді, деген сөздермен келтіреді. Демек, сол намаз дауыс шығарып қырағат ету керек болған намаз болса да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Фатиха сүресін дауыстап оқып болған соң, бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде ғана шығарып «әмин» деген. Оның үстіне Уайл ибн Хужрдың (р.а) «Бұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын» – деген сөздерін дәлел қылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» айтқан болса да тәлім ретінде айтқан, дейді. Себебі Уәйл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а) йемендік басшы кісілерден болған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хабарларын естіп Мадина қаласына өзі арнайы барады. Ислам дінін қабылдап, бір аптадай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында тәлім алып, намаз оқуды үйреніп, сосын өз еліне қайтып кеткен. Міне осыған байланысты көрген-естігендерін кейінірек риуаят етіп берген.

Ең маңыздысы, әуелде айтып өткеніміздей Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «әминді» айтқан болса да имам болып тұрып айтқан. Бұл риуаяттың қауымға «әминді» дауыстап айтуына қандай қатысы бар дейді ханафилықтар.

Сондықтан болса керек, қазіргі таңда «сүннет тұрғанда фиқхтың не керегі бар?»–дейтіндер өз тартысуларында «әминді» дауыс шығарып айтуға жоғарыдағы риуаяттарды дәлел қылып келтірмейді.

Саид Сабиқ «Фиқһус-сунна» кітабында төмендегі сөзді жазады:

«Намаз оқушы Фатиханы оқып болғаннан соң әмин деуі сүннет. Дауыстап оқылатын намазда дауыстап оқып, сырлы оқылатын намаздарда дауыс шығарылмайды. Нуғайм әл-Мужмирден риуаят етіледі, ол кісі Әбу Һурайраның (р.а) арқасында тұрып намаз оқыдым. Ол «Бисмиллаһир рахманир рахим» деді, сосын Фатиха сүресін оқыды, «уаладдоллинге» жеткен кезде әмин деді. Адамдар да «әмин» деді деген.»

Саид Сабиқтің бұл сөздері туралы оның өзіне ұқсап амал ететін хадис ғалымдарының бірі Насруддин Албани ол сөздердің орынды емес екенін айтып жауап қайтарады. Өйткені, бұл риуаятта дауыс шығарып айтылғаны дәлірек айтылмаған. Риуаят етуші жақын тұрып айтылған «әминді» есіткен болуы мүмкін.

Кейін Саид Сабиқ:

«Ибн Зубайр және онымен бірге болғандар «әминді» айтқанда, мешітте қатты дауыс шыққан» деген сөзді келтіреді.

Насруддин Албани болса, бұған жауап ретінде былай деп жазады:

«Ілесушілердің «әминді» дауыс шығарып айтулары жайында бұдан басқа деректер жоқ. Бұл толық дәлел бола алмайды. Өйткені оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с) дейін жеткізбеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «әминді» дауыс шығарып айтқаны жайлы хадистер келді де бірақ ол хадистердің біреуінде де сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) арқасында тұрып «әминді» дауыстап айтты деген сөз жоқ.

Шейх Насруддин Албани бұл мәселе жөніндегі сөздердің жалғасында имам Шафиғи де кейінірек «әминді» іштен айту абзал екендігіне қайтқаны жайлы және өзінің «Умм» атты кітабында «әминді» дауыстап айтуды дұрыс санамаймын деп жазғандығын келтіреді.

Бұл, басында «әминді» дауыстап айту абзал деген ғұлама адамның, кейінірек басқа дәлелдермен танысып шығып, өзінің бірінші сөзінен қайтқанн көрсетеді.

Хадис ғұламаларының қазіргі таңда көп сөз болып жүрген мешітті басына көтеріп «әмин» делінгені жайындағы риуаяттардың өте әлсіз екендігін түсіндіріп бергеніне аңдап қарағанымыз жөн болар.

  • «Әминді» іштей айту абзал дейтіндердің дәлелдері

Бұл пікір негізінде Ханафи мазхабы жағынан айтылғандығын алдында атап көрсеткен едік. Енді Ханафи ғұламаларының дәлелдеріне тоқталайық. Әуелі бір нәрсені ескертіп қойғанымыз жөн болар. Ханафи ғұламалары кейбіреуіміз аузымызға не келсе соны айтып жүргеніміздей, адамдарды тек өздерінің пікірімен жүруге үндемейді. Олар әрбір үкімге Құран мен сүннеттен дәлел келтіруге тырысқан. Дәлірек айтқанда Құран мен сүннеттен алынған үкімдерді қарапайым кісілерге жүргізуге тырысқан. Бұл жөнінде төменде келтірілетін хадистерден біліп алсақ болады.

Бірінші дәлел:

«Әмин» сөзі дұға болып табылады. Оның мағынасы–Дұғаны қабыл ет!–дегені. Дұғаны қалай қылу жөнінде Құранда Алла Тағала былай дейді:

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Ағраф 55)

Осы аятқа қарағанда «әминді» іштен айтудың ажеттігі шығады.

Екінші дәлел:

«Әмин» сөзі Құран аяты емес екені барлығымызға аян. Оның үстіне арабша да емес. Ал «Ағузу билләһи минәш шәйтонир ражим»–деген Құраннан және оны Құран оқығанда айту уәжіп қылынған. Солай бола тұрса да «Ағузу билләһи минәш шәйтонир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса, не үшін «әминді» дауыстап айтуымыз керек?!

Үшінші дәлел:

Хасаннан (р.а) риуаят еткен хадисте:

أن سمرة بن جندب ، وعمران بن حصين ، تذاكرا فحدث سمرة بن جندب ، أنه « حفظ عن رسول الله صلى الله عليه وسلم سكتتين سكتة إذا كبر وسكتة إذا فرغ من قراءة غير المغضوب عليهم ولا الضالين فحفظ ذلك سمرة وأنكر عليه عمران بن حصين فكتبا في ذلك إلى أبي بن كعب وكان في كتابه إليهما أو في رده عليهما أن سمرة قد حفظ "

«Самура ибн Жундуб және Имран ибн Хусайн (р.а) өткенді еске алып отырды. Самура ибн Жундуб (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі сәктаны (бір шама үнсіз тұруды) такбир тахримді айтқанда және «ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» қырағатынан соң қолданатынын есте сақтап қалғандығын айтты. Имран ибн Хусайн (р.а) бұл кісінің сөзіне иланбады. Кейін екеуі Убай ибн Кағбке (р.а) хат жазды. Екеуіне қайтарған жауап хатында: «Тап солай, мұны Самура ибн Жундуб жадында жақсы сақтап қалыпты, делінген екен»–деп риуаят қылынған. (Әбу Дауд)

Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз бастағандағы такбир айтудан кейін де, «Фатиха» сүресін оқып болғаннан кейін де біршама үнсіз тұруды әдет қылған. Міне, осы амалдарды атқару ұстінде сахабалар да тап осылай істеген екен.

Ханафи ғұламалары өз дәлелдерін бекемдей түсу үшін осы мағынаға жақын тағы бірнеше риуаяттарды келтірген.

Төртінші дәлел:

Әбу Уаил (р.а) риуаят етеді:

كان علي و عبد الله لا يجهران ببسم الله الرحمن الرحيم و لا بالتأمين

«Али және Абдулла Бисмилләһир рахманир рахимды да «әминді» де дауыстап айтпайтын еді» деген. (Табарани)

Хазіреті Али  мен Абдулла ибн Масғуд (р.а) сияқты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) әр уақыт бірге жүрген, өте ілімді сахабалардың «әминді» іштерінен айтулары да күшті дәлел болып саналады. Басқа бір риуаятта Омардың (р.а) да «әминді» ішінен айтып намаз оқығаны мәлімделеді.

Ханафи ғұламалары тап осы мағынадағы басқа да аты мәшһүр сахабалардың риуаяттарын келтіреді.

Бесінші дәлел:

Намаз өте маңызды (танымал) ғибадат болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз парыз болған күннен бастап әр күні намазды жамағатпен оқыған. Ол кісінің (с.ғ.с) қалай намаз оқығанын барлық сахабалар көріп байқап отырған. Егер «әминді» дауыстап айту абзалырақ болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның ара-жігін ажыратып берген болып және бұған еш күмән да қалмас еді. Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі имам болып, кейде үйрету үшін бірінші саптағылар еститіндей қылып «әмин» дегенінен басқа ешбір дәлел жоқ, әсіресе, имамға ұйыған кісілердің «әминді» дауыстап айтқандары жөнінде ешбір риуаят жоқ.

Құрметті оқушылар! Біз, «әминді» намазда іштей айту абзал ма, әлде сырттай айту абзалырақ па деген мәселе бойынша бұрынғы ғұламаларымыздың сөздерін барынша қысқаша түрде ғана келтірдік. Сондай-ақ, бұрынғы ғұламаларымыздан екі тараптың да дәлелдерін келтірдік. Ендеше, бұрыннан-ақ қарастырылған нәрсені қайта қозғаудың не керегі бар??–деген сауалдың туындауы өз-өзінен түсінікті. Ия, әуелі бір нәрсені жақсылап зерттеп алмай тұрып, көпшілікке айтылатын болса, оның арты қолайсыз жағдай туғызатындығы күмәнсіз.

(Материал «Талас-тартыстар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: