21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Намазда екі қолды жиі көтеру дұрыс па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Бұл да өте көп талас-тартыс тудырып жүрген мәселелердің бірі. Бұрын намаз оқушылар Ханафи мазһабымен жүріп, намаз басындағы тәкбір тахримадан басқа кезде қол көтермейтін тұғын. Барлығы намаздарын алаң- сыз, әркім шама-шарқына қарай оқып жүретін.

 

Кейіннен, жоғарыда айтып өткеніміздей, фиқһи мазһабтарды, олардың негізі болған ұлы мүжтахид ғұламаларымызды мойындамай, өздерінше Құран және сүннетке амал қылуды және басқалардың да өздеріне еруін дұрыс көретін насихатшылар пайда болды. Олар намазда рукуғқа бара жатқанда және одан қайтып жатқанда екі қолын көтермеу, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне қарсы деп түрткілей бастады. Сондай-ақ, пікірлерін қуаттау үшін хадис-шарифтерден дәлелдер келтірді.

Міне, сондайлар өздерін Ислам әлеміндегі мың жылдың бір үлкен қатесін тапқандай, Ханафи мазһабымен жүрген жүз миллиондаған адамды Құран және сүннет жолына салып жатқан қаһарман сияқты сезінетіндей. Олар өздерінен өзгенің насихатын тыңдауды ұнатпайтын. Бұған қосылмағандар- ды, қарсы шыққандарды Құран мен сүннетке қарсы шығушы деп білетін. Бірақ өздерінің ісі Құран мен сүннетке сай келе ме, жоқ па, ойға да алмайтын.

Негізінде, осы мәселелерді көтеруіміз ескі талас-тартыстарды қозғап, мың төрт жүз жылдық талас-тартыстардың жарасын қайта тырнап қанатқандай сезіледі. Намазда рукуғтан бұрын және тұрып жатқандағы қол көтеру мәселесін 150-һижри жылы туылған имам Шафиғи мен және оның замандастары имам Ахмад ибн Ханбалдар (р.ғ) қозғаған еді. Бүгінгі күні келтіріп отырған дәлелдерді және олар білмеген хадистер мен риуаяттарды міне, осы ұлы мүжтахидтеріміз келтірген еді. Арадағы айырмашылық өткен сәлафи салихалылар қазіргілерге ұқсап өз пікірлеріне қосылмағандарды Құран мен сүннетке қарсы шығуда деп айыптамайтын еді. Керісінше, олар өздеріне қарсылас пікірдегілерді де Құран және сүннетке сай өздеріне жарасымды ижтихадтық жолмен амал қылушы дін бауырлары сипатында құрметтер еді. Егер бізде де біраз ғана ілім болғанында, бұндай ихтилафтар тумас еді. Өкінішке орай бізде не білім, не білімсіздігімізді мойындауға ынсабымыз жеткіліксіз сияқты.

Келіңіздер, ілімсіздігімізді мойындай отырып және мұндай қателіктерге қайта ұрынбауымыз үшін бұл мәселені ілім жолымен қарастырып шығайық.

Рүкуғқа барғанда және қайтып жатқанда екі қолды көтеру керек дейтіндердің дәлелдері мен олардың талқылаулары

 Бұл үкімге амал етуге шақырып жүргендердің ұстанымы –негізінде төрт атақты және белгілі фиқһ мазһабтарымыздың екеуі, яғни Шафиғи мен Ханбали мазһабы болып табылады. Олар өздерінің осы үкімдеріне бірнеше хадис-шарифті дәлел қылып келтіреді:

Бірінші дәлел:

Имам Бұхари және Имам Мүслим риуаят еткен хадисте Ибн Омар (р.а) былай дейді:

عن ابن عمر : ( أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ حَذْوَ مَنْكِبَيْهِ إِذَا افْتَتَحَ الصَّلَاةَ ، وَإِذَا كَبَّرَ لِلرُّكُوعِ ، وَإِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ مِنْ الرُّكُوعِ رَفَعَهُمَا كَذَلِكَ أَيْضًا وَقَالَ سَمِعَ اللَّهُ لِمَنْ حَمِدَهُ رَبَّنَا وَلَكَ الْحَمْدُ

 «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) қашан намаз бастаса екі қолын иық тұсына дейін көтеріп тұрып тәкбір айтатын. Кейін рукуғқа барғанда сондай-ақ, рукуғтан қайтқанда да қолын тап солай көтеретін. Сосын «Самиал- лаһу лимән хамидаһ, раббана уа ләкәл хамд» дейтін» – деген.

Шафиғи мен Ханбали осы сахих хадисте намазда рукуғқа барғанда және қайтқанда екі қолды көтеру Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті екендігі ашық және айқын көрініп тұр дейді.

Екінші дәлел:

Имам Бұхари келтірген риуаятта, Нафиғ (р.а) былай дейді:

أَنَّ اِبْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ كَانَ إِذَا رَأَى رَجُلًا لَا يَرْفَعُ يَدَيْهِ إِذَا رَكَعَ وَ إِذَا رَفَعَ رَمَاهُ بِالْحَصَى

 «Ибн Омар (р.а) рукуғқа барғанда және рукуғтан қайтқанда екі қолын көтермеген адамды көргенде оған тас ататын еді» – деген.

Бұл риуаят та жоғарыдағы мағынаны қуаттайды. Абдулла ибн Омар (р.а) өзі амал етіп қана қоймай, өзгелерді де аталмыш үкімге бойұсындыруға әрекет еткені анық көрініп тұр деседі Шафиғи мен Ханбали.

Ханафи ғұламалары болса: – Расында, сіздер келтірген риуаяттардың бар және күшті екенін біз де жақсы білеміз, бірақ біз осы хадис және риуаяттарға амал қылудан бұрын басқа хадистер мен риуаяттарды да тереңірек зерттеп, басқаша тоқтамға келдік, келіңіздер Абдуллаһ ибн Омар (р.а) туралы жеткен басқа сөздерді де талқылап көрейік дейді.

Имам ат-Тахауи, имам Ибн Әбу Шайба және Имам әл-Байхақилар өз кітаптарында келтірген риуаяттарында Мұжаһид (р.а) былай дейді:

صَلَّيْتُ خَلْفَ ابْنِ عُمَرَ فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا فِي التَّكْبِيرَةِ الْأُولَى مِنَ الصَّلَاةِ

«Ибн Омардың артында тұрып намаз оқыдым. Ол екі қолын намаздағы бірінші тәкбірден басқа кезде еш көтермейтін» – деген.

Алдыңғы екі риуаят және біз келтірген үшінші риуаятты қосып үйренсек, рукуғқа барғанда және рукуғтан қайтқанда екі қолды көтеру үкімі ауысқаны аян болады. Яғни, аталмыш үкімге уақытында амал қылынып, кейіннен амалдан қалған.

Абдулла ибн Омар (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) рукуғқа барарда және қайтқанда қол көтергенін көрген және өзі бұл іске амал етіп, басқаларға да амал етуге ұсынған. Кейіннен бұл амал өзгергеннен кейін оған амал етуді тоқтатқан.

Сіздер де, құрметті Шафиғи, Ханбалдықтар және осы мәселеде олармен пікірлес болушылар, бізде бір кездері сахабалар келтірген риуаятқа кейін басқаша қарсы амал қылынса, біз риуаятын емес амалын қабыл қылуға келіскенбіз. Себебі, сахабалар үкімі жойылған амал болмаса, өздері риуаят еткен үкімге қарсы амал жасамайды. Әсіресе, Абдулла ибн Омар (р.а) әрбір үлкенді-кіші нәрседе Пайғамбарымызға (с.ғ.с) анық еруші жеке сахаба болған. Ол кісі Пайғамбарға (с.ғ.с) ғана қатысты, оны жасау міндетті болып саналмаған істерді де өте таза орындап жүргендігі белгілі және сол сипатымен өте танымал. Міне, сондай адам намазда рукуғқа барғанда және қайтқандағы екі қол көтеру үкімі жойылмаған болса, өзі риуаят еткен хадиске қарсы амал жасап, қол көтеруді тәрк етпес еді.

Үшінші дәлел:

Имам Әбу Дауд, имам Термези, имам Насаи, имам Ибн Мажаһ өз сунандарында, имам Бұхари «Рафғул ядайни фис-солати» деген кітаптарында және имам Тахауи «Мушкилул әсәр» атты кітабында, Али ибн Әбу Талибтен (р.а) келтірген хадисінде:

عَنْ عَلِيِ بْنِ أُبِي طَالِبِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنْ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَنَّهُ كَانَ إِذَا قَامَ إِلَى الصَّلَاةِ الْمَكْتُوبَةِ كَبَّرَ وَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَذْوَ مَنْكَبَيْهِ وَ يَصْنَعُ مِثْلَ ذَلِكَ إِذَا قَضَى قِرَاءَتَهُ وَ أَرَادَ أَنْ يَرْكَعَ وَ يَصْنَعُهُ إِذَا رَفَعَ مِنَ الرُّكُوعِ وَ لَا يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي شَيْءٍ مِنْ صَلَاتِهِ وَ هُوَ قَاعِدٌ وَ إِذَا قَامَ مِنَ السَّجْدَتَيْنِ رَفَعَ يَدَيْهِ كَذَلِكَ وَ كَبَّرَ

«Алла Елшісі (с.ғ.с) қашан парыз намазына тұрса тәкбір айтып, екі қолын иығына дейін көтерер еді. Тап сол істі қырағатты тамам қылып рукуғқа барар алдында да және рукуғтан бас көтергенде де (солай) істер еді. Ол кісі намазда отырған кезінде қолын еш көтермейтін. Қашан екі рет сәжде етіп тұрып жатқанда да екі қолын көтеріп тәкбір айтатын еді» – деген.

 Шафиғи мен Ханбали мазһаб ғұламаларының бұл дәлелдеріне жауап мынадай:

Бұл риуаяттың анық бар екендігін жақсы білеміз. Бірақ бұл хадиске керісінше нақ хазреті Алидің (р.а) өзінен келтірілген риуаят бар. Міне сол риуаятты ескере отырып, (соңғы) үкім шығарса абзалырақ болар еді.

 Имам Тахауи және Имам ибн Әбу Шәйба, Асим ибн Кулайбтың әкесінен жеткізген риуаятында:

أَنَّ عَلِيًّا رَضِيَ اللهُ عَنْهُ كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ مِنَ الصَّلَاةِ ثُمَّ لَا يَرْفَعُ بَعْدُ

«Али (р.а) екі қолын тек намаздың бірінші тәкбірінде көтерер еді. Одан кейін көтермейтін» – деген.

Имам Әбу Бәкір ибн Әбу Шәйба Әбу Исхақтан келген риуаятта:

«Абдулла (ибн Масғуд) және Алидің жолдастары екі қолын тек намаздың басында ғана көтерер еді» – деген.

Бұл хадис те бұл іске бұрын амал етіп кейін ол амалдың үкімі жойылғандығын көрсетеді. Әйтпесе, Алидей сахаба еш уақытта Пайғамбардан (с.ғ.с) қылынған риуаятқа қарсы іс қылмас еді. Сондай-ақ, хазіреті Али өзінің шәкірттері болған кішкентай сахабалар мен табиғиндерге рукуғқа барғанда қол көтермеуге үйреткен екен. Бұл да өз-өзінен бола беретін нәрсе емес.

Шафиғи мен Ханбали өздеріне дәлел қылып келтірген жоғарыдағы хадисте айтылған: «Қашан екі рет сәжде етіп, тұрып жатқанда да екі қолын көтеріп тәкбір айтатын еді» – деген сөйлем олардың істеріндегі қайшылыққа үлкен бір дәлел. Себебі олар сәждеден тұрарда қол көтеру керек демейді. Осы жерде өз-өзінен: «Не үшін  аталмыш хадистің бір бөлігіне амал қылып, басқа бөлігіне амал қылмайсыздар?» – деген сауал еріксіз туындайды.

Сәждеден тұрып жатқанда және басқа да жағдайларда екі қолдың көтерілуі жайында басқа хадистерде де айтылып өткен. Міне, осы нәрсенің өзі әуелгіде намаз басындағы тәкбір тахримадан кейін қол көтеру үкімі болып, кейіннен ол үкім басқаша өзгергендігіне дәлел.

Ханафилер өзіне теріс көзқарастағылардың әрбір дәлеліне тап осындай жолмен жауап береді. Біз мысал үшін келтірген дәлелдермен қанағаттанып, енді бұл мәселені ертеректе қалай талқылағаны жайында екі риуаятты алға тартайық.

Имам Тахауи келтірген риуаятта әл- Муғира (р.а) былай деп айтады:

قُلْتُ لإبْراهيمَ: حَدِيثُ وَائِلِ أَنّهُ رَأَى النّبيَّ يَرْفَعُ يَدَيْهِ إِذَا افْتَتَحَ الصَلاةَ وَإِذَا رَكَعَ وَ إِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ مِنْ الرُكُوعِ؟ فَقَالَ: إِنْ كَانَ وَائِلٌ رَآهُ مَرَّةً فَقَدْ رَآهُ عَبْدُ اللهِ خَمْسِينَ مَرَّةٍ لَا يَفعَلُ ذَلَكَ.

«Ибраһимге, Уайлдың Пайғамбардың (с.ғ.с) қашан намаз бастаса, рукуғқа барғанда және рукуғтан бастарын көтергенде екі қолын көтергенін көрдім, деген хадиске не айтасыз дедім. Ол кісі: «Егер Уайл ол кісінің солай қылғандарын бір рет көрген болса, Абдуллаһ олай жасамағанын елу рет көрген» – деді.

Байқалып тұрғандай, рукуғқа бара жатып және рукуғтан бас көтеріп жатып екі қол көтерілді дегендер Уайл ибн Хужрдың (р.а) хадисін дәлел қылған. Ұлы табиғиндерден Ибраһим ән-Нахағи (р.а) бұл сөз айтылғанда, ол кісі Абдуллаһ ибн Масғудтың (р.а) хадисін жауап ретінде келтіріп, қайсы хадис қабыл қылынуға лайығырақ екенін анықтау мақсатында олардың риуаяттарының жағдайын айтып өткен. Уайл ибн Хужр (р.а) иманға келген- нен кейін Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында бар-жоғы бір-ақ апта болып, намаз оқуды үйренгені, сосын еліне қайтып кетіп, кейін Пайғамбарды (с.ғ.с) қайта көрмегендігі анық. Оның үстіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол кісіге үйрету үшін арнайы мәміле қылған.

Пайғамбардың (с.ғ.с) рукуғқа барарда және қайтарда екі қолын көтермегендігі жөніндегі риуаят келтірген сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а) болса, ең бірінші иманға келген сахабалардан еді. Пайғамбардан (с.ғ.с) өмірінің соңына дейін ажырамаған ұлы сахабалардың бірі болып табылады. Әрине ол кісі Уайлға (р.а) қарағанда көп нәрсені білетіні сөзсіз.

Екінші мысал: имам әл-Хариси өзінің «Муснәд» атты кітабында Суфиян ибн Уйайнадан (р.ғ) имам Әбу Ханифа мен имам әл-Аузағидың араларында болып өткен мына көріністі келтіреді:

«Әбу Ханифа мен әл-Аузағи Меккедегі бидай қоймасының маңында кездесіп қалады. Сонда әл-Аузағи Әбу Ханифаға:

– Сіздерге не болған, намазда рукуғқа барғанда және бас көтергенде қолдарыңызды көтермейтін болыпсыңдар? – деді. Сонда Әбу Ханифа:

– Себебі бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) сахих болған нақты дәлел болмады, деп жауап берді.

– Қалай сахих нәрсе болмасын? Маған әз-Зухри Салимнен, ол әкесінен, әкесі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етуінше, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) намазды бастаған кезде, рукуғқа кеткенде және одан қайтқанда екі қолдарын көтерген екен! –деді әл-Аузағи. Сонда Әбу Ханифа:

– Бізге Хаммад Ибраһимнен, ол кісі Алқама және әл-Әсуадтан, ал олар Абдуллаһ ибн Масғудтан (р.а) риуаят етуінше:

 «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаздың басында (тәкбір тахримадан) басқа кезде екі қолын көтермейді екен» – деді.

– Мен саған әз-Зухриден, Салимнен риуаят етілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінен риуаят келтірсем, сіз маған Хаммад пен Ибраһимнен хадисті келтіресіз, а?! – деді әл-Аузағи. Әбу Ханифа оның бұл сөзіне:

– Хаммад әз-Зухриден көрі фиқһ мәселесінде жетік. Ал Ибраһим болса Салимнен көрі фиқһ мәселесінде жетік еді. Егер ибн Омар сахабалыққа ие болса да фиқһ мәселесінде Алқама одан кем емес. Әл-Асуадтың артықшылығы өте көп. Абдуллаһ ибн Масғудтың фиқһта және қырағатта артықшылығы көп. Оның сахабалық хақы бар. Кішкентайынан Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында болған. Ол Абдулла ибн Омардан абзалырақ, деп жауап берді. Сонда әл-Аузағи үндемей қалды.

Демек, Әбу Ханифа да, ол кісінің ізбасарлары да шариғи үкімдерді ауадан емес, Құран мен сүннеттен алған екен. Басқалардан көрі тереңірек іліми ізденісте болғандығын көрсетеді. Тіпті басқа мазһаб мұжтахидтерінің елемеген жерлерін тереңірек қарастырған екен.

Ханафилердің дәлелдері

 Ханафи мазһабының ғұламалары аталмыш мәселе бойынша қарсы тараптың дәлелдерін талқылап, оларға жауап беріп қана қоймай, өз тоқтамын айғақтау үшін құжат-дәлелдерін келтірген. Ендеше назарларыңызға олар келтірген дәлелдерден біразын ұсынамыз.

Бірінші дәлел:

Имам Мүслим Жәбир ибн Самурадан (р.а) риуаят еткен хадисте:

 رَوى الإمام مسلم عن جابر بن سمرة رضي الله عنه : خرج علينا رسول الله صلى الله عليه و سلم فقال: ( ما لي أراكم رافعي أيديكم كأنها أذناب خيل شمس؟! اسكنوا في الصلاة.

«Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) біз тарапқа келіп: «Мен неге сендердің қолдарыңды асау аттың құйрығына ұқсатып көтеріп жатқандарыңды көріп тұрмын?! Намазда тыныш тұрыңдар!» – деді.

Намаз жаңадан парыз болған кезде дәл қазіргідей толық болмағандығы белгілі. Кей жағдайларда ақырын дауыс шығару немесе кейбір әрекеттер жасалынатын да болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұндай істерді істеген адамдарға жеңіл түрде, жұмсақ тәрбиелеп, қателерін түзетіп отырған. Хадис кітаптарында осы мағынада бірнеше рет риуаяттар да келген. Осы біз қарастырып жатқан рукуғқа барғанда және одан бас көтеріп жатқандағы екі қолды көтеру мәселесі де әуелде бар болып, кейін мансұһ (яғни үкімі жойылған) болғандығын міне, осы хадистен аңғарамыз. Бұл үкімнің мансұһ болғанынан, амал етуден қалғанынан бейхабар кейбір сахабалардың рукуғқа барғанда және қайтқанда әуелдегідей қолдарын көтеріп намаз оқығандарын Пайғамбар (с.ғ.с) көріп жүрген. Кейін сыртқа шығып, оларға осы хадисте келтірілген сөздерді айтқан.

Екінші дәлел:

Имам Термези Алқамадан (р.а) қылған риуаятында:

روى الترمذي عن علقمة رضي الله عنه: ألا أصلي بكم صلاة رسول الله صلى الله عليه و سلم؟ فصلى, فلم يرفع يديه إلا في مرة الأولى.

«Абдулла ибн Масғұд: − Мен сендерге Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) оқығандай оқып берейін бе?!» – деді де, намаз оқып, бірінші қол көтеруден кейін қолын көтермеді деген.

Өздігінен белгілі, бұл сияқты кісілердің ескертіп айтқан сөздері, жасаған амалдары барынша шынайы да анық боп келеді. Абдулла ибн Масғұдтың (р.а) кім екендігі баршамызға белгілі. Ол кісі пайғамбарлық дәуірінде әрқашан Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге жүрген, үлкен ілім иесі және көптеген хадисті риуаят еткен сахабалардың бірі.

 Дәл осы мағынадағы хадисті Имам Насаи де риуаят қылған.

Үшінші дәлел: Имам Тахауи әл-Әсуадтан (р.а) қылған риуаятта:

 روى الطحاوي عن السود رضي ال عنه أنه قال : رأيت عمر بن الطاب يرفع يديه ف التكبية الأولى ثم لا يعود.

 «Омар ибн Хаттабтың бірінші тәкбірде екі қолын көтеріп, кейін көтермегенін көрдім» – делінген.

Төртінші дәлел: Имам Ибн Әбу Шәйба әл-Әсуадтан (р.а) келтірген риуаятта:

 روى ابن أبي شيبة عن الأسود رضي الله عنه أنه قال: صليت مع عمر بن الخطاب فلم يرفع يديه في الصلاة إلا عند تكبيرة الإحرام. وكذلك ما رأيت الشعبي وإبراهيم وأبا إسحاق يرفعون أيديهم إلا عند تكبيرة الأولى.

 «Омар ибн Хаттабқа ұйып намаз оқыдым. Ол өз намазында ифтитах тәкбірінен (алғашқы тәкбірден) басқа еш жерде қол көтермеді... Әш-Шағби, Ибраһим жәнен Әбу Исхақтардың да намазда алғашқы тәкбірден басқа жерде қол көтергендерін көрмедім»,− делінген.

Бесінші дәлел:

Имам әл-Бәйһақи, Ибн Масғұдтан (р.а) қылған риуаятта:

 روى الإمام البيهقي عن بن مسعود رضي الله عنه : صليت مع النبي صلى الله عليه و سلم وأبي بكر وعمر رضي الله عنهما فلم يرفعوا أيديهم إلا عند التكبية الأولى في افتتاح الصلاة

 «Пайғамбар (с.ғ.с), Әбу Бәкір және Омардың арқасында тұрып намаз оқыдым. Олар намаз басындағы қол көтеруден басқа кезде екі қолын көтермейтін» − деген.

 Алтыншы дәлел:

Имам Тахауи Әбу Бәкір ибн Айаштан (р.а) риуаят етеді:

 روى الإمام الطحاوي عن أبي بكر بن عياش أنه قال: لم أر فقيها قط يرفع يديه بعد تكبية الأولى.

«Ешбір фақиһтің ешқашан да бірінші тәкбірден соң қол көтергенін көрмедім» – деген.

Жетінші дәлел:

 Намаз баршаның көз алдында, әр күні бес рет өтелетін, маңызды және үлкен ғибадат. Әсіресе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір намазына көпшілік ерекше мән беріп, жылдар өтуімен дұрыс қалпында бізге жеткен. Міне, осы айтылған дәлелдерге байланысты, рукуғқа барғанда қол көтеріледі ме, жоқ па?» − деген мәселеде әртүрлі сөздердің айтылуының өзі фитнаға, күмәнға жол ашып береді. Бұл болса Ханафилердің істері дұрыс екендігін көрсетеді.

 Сегізінші дәлел:

Ханафилер рукуғқа барғанда және қайтып жатқанда қол көтеру жайлы риуаяттың көптігін, сахих екендігін, кейбір деректерге қарағанда сахабалардың елу шақтысы риуаят қылғанын жақсы біледі. Бірақ солай болса да хадистердің үкімі жойылуы мүмкін екендігін ескеріп, әрі зерттеп анықтайды. Ал енді, үкімі жойылғаннан кейін хадистің сахихтығы мен риуаятшылардың көптігі белгілі бір мәселе жөнінде үкім ете алмайтындығы баршамызға аян. Хадис қаншалықты күшті болса да аяттың күшіне жете алмайды. Солай бола тұра Құран Кәрімнің кей аяттарының да үкімдері жойылғандығы баршаға белгілі және анық.

Тоғызыншы дәлел:

Осы айтылып жатқан қол көтеру жайлы мәселеде бір айқын дәлел келтіру үшін Ханафи мазһабының ғұламалары уақытша үкімі жойылған мәселе жөнінде ойланбай тұра тұрсын делік, яғни хадистің үкімі жойылмады делік. Ондай кезде жалпы ережеге байланысты,  хадисте бір үкімге байланысты қарама-қайшылықтар туындап жатса, сахабалардың қалай амал еткені қарастырылады. Егер сахабалардың амалдарында да қарама- қайшылықтар туындаса қиясқа жүгінеді. Осы мәселеде қиясқа сүйенетін болсақ, негізінде намазда тыныштық, артық әрекет қылынбауға үкімделеді. Намаздың ішінде қол көтеру артық әрекеттен болып саналады. Тәкбир тахримадағы қол көтеру намаз ішіндегі емес, намаз басындағы қол көтеруге жатады.

Осы жерге келгенде құрметті оқушылар, сіздерден дәлел келтіре беруді тоқтатуға рұқсат сұраймыз. Егер қалған дәлелдерді де келтірер болсақ, әңгіме созылып кетеді. Өзі соншалықты сөзбұйдаға салынып созылып кеткен бұл мәселені соза берместен қорытындыға көшкеніміз жөн болар.

  Қорытынды

Көріп тұрғанымыздай барлық фиқһи мәселелерде, «әмин» мәселесі және рукуғта қол көтеру мәселесінде Ханафи мазһабындағылар сүннетке амал етпейді деген сөз тіпті жалған болып шықты. Керісінше, Ханафилер хадиске өзгелерден көрі тереңірек барғанын және анығырақ зерттегенін өзіміз ілім ала отырып, кеңінен үйреніп шықтық. Сонымен бірге Ханафи мазһабы өзге мазһаб ұстанушылары секілді оларға құрмет көрсетіп келген.

Қазіргі таңда да Шафиғи және Ханбалилер қол көтеріп, Ханафи мен Мәликилер қол көтермей тыныш қана намаздарын оқып келген еді. Ішімізден бірнеше аяттарды жаттап алған, үш-төрт хадистің аудармасын үйреніп алғандар шығып, мазһаб басы мұжтахид ғалымдарымызға тас ата бастады. Мұсылмандар жалпылай өз ғибадаттарын өтеуде Құран мен сүннетке амал қылмайды деп айыпталды. Дінді енді түсініп келе жатқан қарапайым адамдардың ортасына ғұламалардың ортасында қалуы керек болған мәселені алып шығып, түрлі талас-тартыстарға жол ашылды. Соңы мұсылмандар арасында қарама-қайшы пікірлер мен түсініспестік орын алды. Сондай-ақ, мұсылмандардың бірін бірі айыптауы секілді келеңсіз жәйттер туындады.

 Құрметті мұсылман бауырлар! Біз жоғарыда қазіргі кезде талас-тартыс тудырып жүрген бірер мәселені ғана қарастырып шықтық. Негізінде мұндай мәселелер бірнешеуге шықты. Қазір жаңалары да пайда болуда. Бұл жағдай ушыға берсе одан да әрі өкінішке әкеп соғуы мүмкін. Себебі, бұл − мазһаб аралық талас-тартысқа алып келеді. Құран және сүннетке амал қыламыз деп желеулеткен дүмше уағызшылар Ханафи мазһабын мойындамай, басқа мазһабқа еріп кетуде. Олар кей мәселелерді тек осы мазһабта дұрыс айтылған, одан басқасы әлсіз деп ойлайды. Сондықтан да мұсылмандар ортасын бидғаттықпен Құран және сүннетке амал етпейтіндер деп және басқа да мәселелерде айыптауда.

(Материал «Талас-тартыстар» деген кітаптан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: