24
Сс, Қаз
17 Жаңа

Қазіргі кездегі дінде шектен шығушылардың белгілері

Күдікпен күрес
Құралдар
Шрифт

Қазіргі кезде өздерін «сәләфиміз» деп жүргендердің басым бөлігінің ұстанымдары (бағыттары, пікірлері, әрекеттері, әр түрлі мәселелер туралы үкімдері) дінге қайшы. Бұл ретте оған талдау жасап, зерттеу жүргізген адам бес нәрсеге назар аударуы қажет.

 

Қазіргі сәләфилердің бас мақсаттары– қоғамда талас-тартыс тудырып, мұсылмандарды жанжадастыру. Олар бұл ниеттерін үш бағытта жүзеге асыруды көздейді:

Біріншісі: Әлем жұртшылығына мұсылмандарды жек көрсету және оларға үстемдік ету жолында соғысу. Олардың осындай қанқұйлы, қараниет ойлары сионистер (яхудилер), миссионерлер (християндар) және дінді қоғамнан алыстауды көздейтін жүйелер тарапынан іске асып келеді. Олар кейде мұсылман қауымына астыртын қастандық ұйымдастырса, кейде ашықтан-ашық шабуыл жасаудан да тартынған емес. Қалай десек те, мұсылмандарға үстемдік орнату үшін үгіт-насихат шараларының қарқынды түрде жүріп жатқаны анық байқалады. Оған қарсы тұрарлық бізде де дәрмен қалмады.

Екіншісі: Ислам әлемінде орын алып жатқан ауыр жағдайлар үшін кек алып, жауыздық пен озбырлыққа тойтарыс беру, сол мақсатта дүние жүзілік күрес ұйымдастыру. Күрес екі бағытта жүргізіледі: біріншісі – лағынетке ұшыраған кәпірлердің көзін жою. Екіншісі – діннен бет бұрған пасықтарды өлтіру.

Олардың кәпір деп отырғандары – екі куәлік сөзін (кәлимә шәһәдә) айтпаған адамдардан басқалар. Діннен бет бұрған пасықтар дегендері – екі куәлік сөзін айта тұрып, ислам шариғатынан тыс үкім берушілер және олардың пікірлеріне қайшы келушілер. Көріп тұрғанымыздай, сәләфилердің бұл ұстанымында ізгіліктен тыс адамды алдауға, өтірік айтуға мәжбүрлейтін надандық жатыр. Өкінішке орай көрсоқырлық пен тасжүректілікке жетелейтін бұл ағым жетегінде жүрген жастарымыз аз емес.

Үшіншісі: айтылған үкім-бұйрықтарының бұлжымай орындалуы. Яғни, олардың идеологиясы белгілі бір ұйым, мекемелер арқылы насихатталмайды, орталыққа бағынбайды, оны әркім өз еркі, өз бетімен жүзеге асыра береді.

Бұл теория (аталмыш пікір) негізінде анархизмның ықпалы күшейіп, тереңге тамыр тартары анық. Әрине, көпшілік анархизм терминінің түп-төркінін, мағынасын, оның қоғамға тигізер әсерін және ғылыми анықтамасын біле бермейді. Дегенмен, бұл сөз соңғы кезеңде саяси, әдеби қолданыстарда кең тараған терминдердің біріне айналды. Сәләфилердің осы ұстанымдары анархия теориясымен тығыз байланысты. Дінде шектен шығушылардың ұстанымдары қоғамға, жалпылама айтсақ, ислам әлемі қажет етіп отырған өрлеу жолына, ислам қоғамының дамуына, мұсылмандардың бірлігі мен діни диалогты жаңғыртуына, жекелей алғанда, Мысыр еліне кедергі келтірді. Өйткені, аталған фанаттық топтың ұстанған бағыты – дінде шектен шығуға үгіттейтін идеология қоғамның бөлшектенуі, адамзаттың өмір көшінен кері қалуына, дертке шалдықтыратын қиял жетегінде кетіп, қоршаған ортадан оқшаулануына, жеке-дара өмір сүруіне шақыратын бүліктің негізгі бастауы. Аталмыш фанаттық ой-пікірдің кей ерекшеліктерін жоғарыда атап өттік.

Қазіргі таңда фанаттық ой-пікірді толықтай анықтап, онымен күресу және оның ығында кеткен адамдарды барлық күш-жігерді жұмсай отырып, оқшауланған орталықтарын шығару – баршаның міндеті. Өйткені олар тек өздеріне ғана емес, үмбет жастарының болашағына зиянын тигізіп, қоғамның қауіпсіздігіне де қауіп төндірері анық.

Осы идеология арқылы олар өткен дәуірлердегі мәселелерді қазіргі заманға қолданғысы келеді. Нәтижесінде ескі мәселелерді қайта өршітіп, өздері мен айналасындағы адамдардың арасын бөлуші қалыптасқан нормаға айналдырып жатады. Әсілінде, бұл мәселелердің көбісі әдет-ғұрып, киім кию және ішіп-жеу әдебі мен иіс-суды қолдану секілді тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге байланысты көрініс тауып жатады.

Бұл идеологияның көздегені – өткен дәуірдегі мәселелерді қазіргі заманға алып келіп, қоғамға әсер ету. Олар өткен дәуірде орын алған жағдайларды қайта көтеру арқылы бүгінгі күннің күрделі мәселесіне айналдырады. Осының негізінде өздеріне сай келмейтін көзқарастар туралы пікір білдіріп, қарсы шығады. Кім өздерінің идеологиясымен құп алса, олармен достасып, кім мойындамаса, оны қарсылас көріп, жауласады. Ақыр соңында мұсылман жамағатының пікіріне құрметпен қарай алмай, қоғамнан оқшауланып қалады.

Осының барлығы адамды «өмірдің мәні жоқ» деп есептеуге ұрындырып, өзін-өзі өлтіруге итермелейді. Айталық, теріс ағым жолында жүрген жастардың өздерін-өзі жарылғыш заттармен жарып жіберуі – сөзіміздің айқын дәлелі. Өйткені, ой-санасы жалғыздық дертіне ұшырап, туысқандық, достық, түптеп келгенде, адамдық сезімнен қол үзген ол үшін өмірде еш қызық қалмайды. Ол тақуалықты өмір ағысына қарсы жүзу деп біледі. Айналасынан мейірім күтпей, жауыздық, қастық, қарсылық күтуге тәрбиеленген сана қоғамнан жақсылық күтпейді, қастандық іздейді де тұрады. Сөйтіп, қоғамды даму үрдісінен кері қалдыратын бұл идеологияны өз серіктерінің арасында жаюға ұмтылады.

Аталмыш ой-пікірдің тағы бір ерекшелігі – шектен шығу. Бұл пікірдегі адам өмірді қате түсініп, қателіктен арылуды өзіне міндет санайды. Одан арылудың жолы қоғамнан жырақтану арқылы жүзеге асады деп біледі. Ол – өнер, этика немесе қоғамдық қатынастар мен адамдық қарым-қатынас этикасы да болуы да мүмкін. Осындай типтегі адамдар көбіне өзін-өзі өлтіруді мақтан етіп жатады. Алайда мұны жүзеге асыру әрдайым қолдан келе бермейді.

Сол себепті де өмірінде үлкен қайшылықтар орын ала бастайды. Ондай адамдар бір нәрселерді жасап, екінші бір нәрселерден тартынып жүреді. Мұның барлығы өз нәпсісіне (құлқына) еруден туындайды. Бұл – ғылыми түсінік пен адамзат қоғамның салиқалы санасына қарама-қайшы құбылыс. Олар ешқандай ғұлама атаулыға сеніп, адамзат қоғамы тәжірибесінен тәлім, үлгі іздемейді. Тәкәппарлыққа бой алдырып, шектен шыққан топтастарына ғана сеніп, діннен шығарлық әрекеттер жасап жүргенін де байқамайды. Олардың хақ ілімнен сауаттанып, тура жолға түсуіне өз саналарындағы шектеулі ойлары кедергі келтіреді.

Мұндай адамдар өздерін қаскүнемдік құрбанымыз деп ойлаған соң, айналасындағы ізгілікке, бауырмалдық сезімге толы мұсылман қоғамынан жаулық іздейді де тұрады. Жер бетінен бізді жойып жіберу үшін тырысып бағуда деп есептейді. (Бұл оның атасы, анасы, тіптен әкесі, бауыры, дос, туған-туысқаны болуы мүмкін). Себебі, олардың ойындағы жаулықтың жалғыз өлшемі – өзінің тобы секілді ойламау. Сондықтан, олар өз қатарын көбейту, тобын толтыру мақсатында жанұшыра уағыз айтып, қарсыласа, қасарыса әрекет жасаудан еш жалықпайды.

Осы ретте олар өз пікірлерінен басқа пікірді сыйламас мәдениетсіздікке бой алдырып, менмендік пен тәкәппарлықтың жетегінде кетеді. Өзінің басқа біреу туралы болжамдары да кесімді тұжырымға айналады. Өкінішке қарай, түсіністік пен кешірімге жол ашатын әр түрлі мәселелер олардың түсінігінде талқыланбайды, олар қалай түсінсе өзгелерді де солай түсінуі тиіс деген ойдан бас тартпайды. Олар осындай әрекеттерімен маңызды істерден бұрын маңызсыз істерді алға тартып, жеке басының мүддесін қоғам мүддесінен артық қояды. Сөйтіп, күмәнді нәрсені хақ нәрседен ажырата алмас көрсоқырлыққа бой алдырады. Міне, осының барлығы қоғамға қай жағынан алсақ та кері әсер етеді.

Олардың негізгі ерекшеліктерінің бірі, әрбір жаңа нәрсе – бидғат, ал әрбір бидғат – адасушылық, ал әрбір адасушылық тозаққа алып барады деп үгіттеу арқылы ислам қоғамында орын алып жатқан жаңашылдыққа қарсы тұрулары. Олар адасушылық ұғымын өз мақсаттарына шебер пайдаланып, жамағат мүшелерінің топтан ұзап кетпеуіне аса мән береді. Айталық, адасушылық тозаққа алып барады деп үгіттеу арқылы ислам қоғамында болып жатқан өзгерістерге қарсы тұруға шақырады. Олар зерттелетін мәселенің өзегінен үнемі алшақтап, тек сыртқы сипатына ғана мән береді. Шариғатты (Құран мен сүннет) түсінуде нәпсіге еріп, кешірім мен мейірімге толы дінді бұрмалайды. Арам деген түсініктің аясын кеңейту арқылы мұсылмандардың өмірін қиындатып жіберді. Ғұламаларға құрмет көрсету мәселесінде қалыптасқан этикалық нормалардан алшақтап, фиқхи мәселелерде өз беттерімен ижтихад жасайды. Сенім, ақида ілімінде ислам ғылымында өзіндік орны жоқ адамдардың сөзіне еріп, қалыптасқан дәстүрі жоқ адам сияқты негізсіз жүйемен жүреді. Ғұлама деген атқа лайық емес адамдарды ғұламадай құрметтеп, нағыз ғалымдарды елемейді. Бас аяғы жүзге тарта , діннің негізінен саналмайтын мәселелерге қатысты ұстанымдарында асыра сілтеушілікке салынып , адамдарды күпірлікпен және пасықтықпен айыптайды.

Шындығында , бұл идеологиямен күресуді жалпыхалықтық міндетке айналдырар кез келді. Оған жетелер жол – ғасырлар бойы әһлі-сүннет уәл-жамағат байрағын көтеріп келе жатқан әл-Азһар жолына шақыру. Әһлі-сүннет өкілдері (сүнниттер) – басқа ислами ағымдармен салыстырғанда алтын ортаны ұстанатын хақ жолдағы бағыт. Олар Али (Алла оған разы болсын) және айналасындағы аз топты ғана мойындап, өзге сахабаларға сөз тигізетін шииттер сияқты емес, сахабалардың барлығын мойындайды.

Діндер арасында ислам өкілдері қандай болса, мазхабтар арасындағы әһлі-сүннет уәл-жамағат өкілдерінің орны сондай. Әл-Азхар ақида саласында мұсылмандардың басым көпшілігі негізге алған Ашғари (Матуриди) мазхабын ұстанады. Сондай-ақ, әл-Азхар фиқхта сунниттік ханафи, малики, шафиғи, ханбали сынды төрт мазхабты оқытады. Көпшіліктің немесе жекелеген бір ғұламаның ижтихадына тыйым салмайды. Сонымен қатар, ибадия, захиря, имамия, зәйдия сынды халық ұстанып жүрген мазхабтардың кей дұрыс пікірлерін алуды да жоққа шығармайды. Жоғарыда аталған сегіз мазхабтан бөлек фиқх кітаптарында келген сексеннен астам мазхабтың ойларын да назардан тыс қалдырмай, ислам фиқхының бай мұрасынан сусындауды да құп көреді. Сонымен қатар, қазіргі заман қажеттіліктері мен Мысыр игіліктеріне және айналамыздағы мына әлем ағымына сәйкес Құран мен сүннеттен алуға болатын үкімді бұрыс көрмейді.

Орта жолды көздейтін әл-Азхардың ұстанған негізгі бағыты –адам жанын, ақылды, дінді сақтау, адамды құрметтеу, және оның мүлкіне қол сұқпау сынды жоғары мақсаттарды жүзеге асыру. Бұл – жалпы жүйені, адам құқықтарын, шариғаттың ұлы мақсаттарын, адамзат иен ислам өркениетінің нағыз келбетін көрсететін сара жол. Әл-Азхар ахлақ (көркем мінез) ілімімен қатар адам жүрегін тәкәппарлық, қырсықтық сынды жаман қасиеттерден тазартып, жақсы қасиеттермен байытуды үйретіп, пайдалы іліммен сусындап, Алла Тағала мен Оның Елшісіне (с.ғ.с) бойсұнуға және арамыздан шыққан басшыларға бағынуға шақырады.

Шектен шығушылардың негіз етіп алған ең маңызды мәселелері

Дінде шектен шығушылар үмбеттің маңызды емес мәселелерінің бірсыпырасын ең негізгі мәселе ретінде қарайды. Олардың бас ауыртып жүргендері – діннің негізіне жатпайтын мәселелер. Шектен шығушылар бұл мәселелерді мұсылмандар арасында алауыздық тудыру үшін қолданады. Мәселен, кейбір бағыттарда аталған мәселелер тартысуды қажет етпейтін, бірауыздан келісім тапқан мәселе ретінде қалыптасқан. Ал олардың пікірінше, ақиқат тек өздерінің жанында. Сондықтан басқа пікірдегі адамдар дінбұзар, пасық, тура жолдан тайған немесе ең кемінде ислам нормасын сақтамай яки жеңіл қарайтын немесе Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннет жолына ермейтіндердің қатарына жатады.

Олар осындай мәселелермен мұсылмандардың басын қатырып , әуре-сарсаңға салуда. Бұл мәселелерде ұстанған жолдарының дәлелдері көбіне әлсіз немесе шәз (негізге қайшы келетін сирек нәрсе) болып келеді. Төменде осы мәселелерге жауап беруде ғұламалардың сүйенген дәлелдері баяндалады. Негізінде мұндай қисыны жоқ пікірлер мен көзқарастарды мұсылмандардың арасында сызат түсіріп, жік-жікке бөлшектейтін өлшем ретінде алуға болмайды. Керісінше негізгі өлшем – Алла Тағала мен Оның Елшісін (с.ғ.с) сүю және үмметтің бірауыздан келісіп сүйенген негіздері арқылы жүзеге асады. Осы кітабымызда дінде шектен шығушылардың ұдайы күн тәртібіне қойып жүрген мына мына 17 мәселеге ғана тоқталамыз:

  1. Алла Тағалаға мекен беру;
  2. Ашғари (Матуридилерді) кемсіту;
  3. Фиқхи мазхабтарға еріп, олардаң жолдарын ұстануды жоққа шығару;
  4. Білімсіз, жүйесіз пәтуа беру;
  5. Мұсылмандардың басым көпшілігін айыптауға түрткі болған бидғат түсінігінің аясын кеңейту;
  6. Дұға қылған кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрметіне деп сұрауды (тәуассулды) харамға шығарып, оны Аллаға серік қосу деп санау;
  7. Ішінде мазарлар салынған мешіттерде намаз оқуды харамға шығарып, оларды міндетті түрде бұзу керек деп ашық айту;
  8. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бен ізгі тұлғалардың артында қалған заттармен тәбәрік (тәбәррук) етуді Аллаға серік қосу деп есептеу;
  9. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін атап өтуді харамға шығарып, бидғат және адасушылық деп санау;
  10. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қабіріне зиярат жасауды және басқа да пайғамбарлар мен ізгі тұлғалардың қабірлеріне зиярат жасауды харам санау;
  11. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) үміт артуды, шапағат сұрауды кіші шірк деп санау;
  12. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ата-анасы тозақы деп үкім беру;
  13. Мәйітке қандай да бір нәрсенің жетуін (мысалы Құран бағыштау, дұға ету) және зиярат жасаған адамды сезетіндігін мойындамау;
  14. Зікір жасауды жоққа шығару;
  15. Тәспі қолдануды мойындамау;
  16. Сырт келбетке аса қатты мән беріп, құлшылықты киім киюмен өлшеу;
  17. Түсінбей тұрып амал жасауға ұмтылу және уағыз бен ілімнің ара жігін ажырата алмау.

Осы мәселелердің біреріне кейінірек тоқталатын боламыз.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынған)

Ummet.kz

e-max.it: your social media marketing partner
E-mail таратылымға жазылып, ислам жаңалықтарын бірінші болып оқыңыз.