21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мазхаб ұстануға не кедергі?

Күдікпен күрес
Жарнама

Біріншісі – шариғаттың бізге міндеттегені имамдардың сөздеріне емес, Құран мен сүннетке еру керек деген қайшылық. Бұның жауабы:

 

Дәлелге тек Құран мен сүннет жатпайды. Дәлел ижмағ пен қиясты және сахабаның сөзін, бізден бұрынғы өткен шариғаттарды, ғұрыпты, истихсанды және тағы басқа үкім түрлерін қамтиды. Дәлел тек Құран мен сүннеттен тұрады деу – үстірт және тар түсінік болып табылады. Дәлелдің аясы Құран және сүннетпен ғана шектелмейді.

Құран мен сүннет мужтахидтың үкім шығаратын негізгі дерек көздері болып саналады. Мужтахид имамдардың ижтихадтары – қасиетті Құран мен сүннеттен бөлек нәрсе емес. Ол Құран мен сүннетке жасалған түсініктеме іспетті. Десек те, бұл имамдардың сөзін ұстану аяттар мен жадистерді тәрк ету деген сөз емес.

Бұл – аят пен хадисті ұстанудың нақ өзі. Расында аяттар мен хадистер бізге сол имамдардың  дәнекерлігімен жетті. Олар хадистердің дұрыс-бұрысы мен дәйекті-дәйексізін, үкімін жойылған, жойылмағанын, айтылу себептерін, тілдік мағыналарын, хадиске қатысты ілімдердің барлығын кейінгі кезеңдерге келген адамдардың бәрінен жақсы білді. Діні берік, тақуалықта аса сақ, әрі қырағы, көкірек көзі ашық еді. Құран мен сүннетті ғылыми қағидаларға сай түсініп, оның мақсат еткен сырларын ашты, соларға сүйене отырып үкімдер шығарды. Ақыл мен нақылға (шариғатқа) сай тылсым қырларын ашты. Сол арқылы дін ілімдерін жеңілдетті. Негіздерден тармақтар шығару, тармақтарды негізге сүйеу арқылы ең түйткілді мәселелерді шешті. Сөйтіп жалпыға ортақ игілік қалыптасты.

Екінші қайшылық – мазхаб ұстанушы өзінің мазхабына қайшы келген хадисті көрсе де мазхабын тастамайды. Яғни, Алла мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үкімінен өз мазхабын жоғары санау қайшылығы туады.

Олар бұл қайшылыққа шейх әл-Қайранауидің (р.а) «Фауаид фи улум әл-фиқх» кітабында былайша жауап берген: «Имамның сөздерін Алла Тағаланың аяты, Елшісінің (с.ғ.с) хадистерінен жоғары қояды деп есептеу сендердің қате тұжырымдарың мен жалған сенімдеріңнен туындауда. Ақиқатында Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі имамның сөзіне қарама-қайшы келгендігін екі түрлі жолмен білуге болады. Бірі – айтылған бұйрықтың Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі екендігін анық білу. Екіншісі – имамның аталған сөздерге қарсы келетініне нақ көз жеткізу. Әрине, муқаллид бұл екеуін де білмейді. Өйткені бұл ілім истидләлді (дәлел көздерін анықтауды) қажет етеді.  Муқаллид дәлел шығаруға толығымен қабілетті емес. Басы жарылған адамға таяммум соғу аятын дәлел ете отырып, ғұсылды міндеттеген адамның пәтуасы сияқты муқаллидтің келтірген дәлелі шариғат тұрғысынан қабылданбайды.

Егер мәселенің мән-жайы осындай болса, қалайша мужтахидтің жасаған ижтихадын «Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) үкіміне қарсы шықты» деп айта алады? ал бұл мүмкін болмаса, қалайша мужтахидтың сөзін тастап, оған қайшы көзқарасты алады?

Қорыта айтқанда, муқаллидтің имамның сөзіне еріп хадисті немесе басқа нәрсені тастауын имамның сөзін Алла мен Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзінен жоғары санағандығынан деп түсінбеу керек. Алла сақтасын. Керісінше, бұл имамның Алла мен Елшісіне (с.ғ.с) қайшы келмегендігінен.

«Муқаллид өз бетімен имамның қайшы келгенін білмейді. Біз, сондай-ақ басқа ғұламалар муқаллидтың ерген имамы хадиске қайшы келгенін білеміз. Сөйтіп оны муқаллидке көрсете аламыз» десе, оған былай деп жауап береміз: «Сенің сөзің дәлелдеуге жатпайды, өйткені дәйексіз болып есептеледі. Егер ол өзі дәлел келтіре алмаса, сендерге муқаллид болады, екі тақлид бірінен бірі аспайды. Ендеше ол алдыңғы тақлидін тастап, қалайша сендерге ермек?!

Үшінші қайшылық: имамдарға тақлид жасау – «Көздері соқыр болғанға ермеңдер» деп айтқан сөздеріне қайшы келмей ме?» деген мәселе. Әсіресе егер пікірлері сахих хадиске қайшы келген жағдайда төрт мазхабтың имамдары: «Сахих хадис тапсаңдар менің мазхабым сол» дегенін негізге алып, қарсылық көрсетулері.

Жауап: «Мужтахид имамдар өздерінің соңдарынан еруден тыйды» деген түсінік – қате. Бұндай сөз имамдардың ешқайсысының аузынан шықпаған. Егер олардан бұл сөз келіп, тақлидті тастаса, ол тақлидітің нақ өзі болып есептеледі. Бұл сендердің көзқарастарың бойынша – қате. Олардың сөздеріне тақлид жасап тақлидты қалай тастау керек? Оларға тақлид жасауды таста деп басқа тақлид жасату – қарама-қайшылық. Міне, бұл – адасу.

Имамдар тақлид жасауға тыйым салған деген сөз рас болса, тақлидті жоққа шығару арқылы мужтахид болғандардың барлығына ермеу керек деген түсінік пайда болады.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: