31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

"Әминді" қалай айтқан дұрыс?

"Әминді" қалай айтқан дұрыс?

Күдікпен күрес
Жарнама

«Фатиха сүресінен» кейін «әминді» іштей яки жария айту мәселесі

Кейбір мұсылмандар: «Намазда «Фатиха» сүресінен кейін «Әминді» іштен айтуға байланысты Ханафи мәзһабының дұрыс дәлелі жоқ. Ең дұрысы «жария» айту» деп уағыздап жүр. Осы дұрыс па?

Ханафи мәзһабының қай амалы болсын дәлелсіз алынбаған. Ал, кей дәлелдердің жазылмауы фиқһ кітаптарының халыққа жеңілдігін көздеп қысқартып бергендікте. «Әминді» іштен айтуға келетін болсақ, оған Ханафи ғұламаларының көптеген дәлелдері бар. Мысалы:

  • Пайғамбарымыз (с.а.у.):

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَمَ قَالَ إِذَا قَالَ الْإِمَامُ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ فَقُولُوا آمِينَ فَإِنَّهٌ مَنْ وَافَقَ قَوْلُهُ قَوْلَ الْمَلَائِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер, кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген. (Бұхари/1-108. Хадисті Әбу Һурайра риуаят етті).

  • Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деген:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَمَ قَالَ إِذَا قَالَ الْإِمَامُ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ فَقُولُوا آمِينَ فَإِنَّ الْمَلَائِكَةِ غٌفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Имам «ғайрилмағдуби ғалайһим уәләддаллин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер. Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі». Хадисті Әбу Һурайра риуаят еткен. Хадистің дәрежесі сахих.

Ханафи ғалымдары бұл хадистегі «имам да әмин дейді» сөзін негізге алып, «әминді» іштей айту сүннет деген. Себебі, «әмин» сөзін егер имам жария айтатын болғанда Пайғамбарымыздың «имам да әмин дейді» деп, имамның да «әмин» дейтіндігін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның әмин деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп, олардың да «әмин» деп айтатындығын білдіріп тұр. (Дұрысы Аллаһқа мәлім).

  • «Әмин» сөзі – «Дұғамызды, тілегімізді қабыл ал!» – деген мағынаны білдіретін дұға. Cахих Бухари кітабында «әмин» сөзіне «дұға» деп түсінік берілген. Ал, дұғаның іштен айтылуы абзал. Құранда: «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!» – делінеді. («Ағраф» сүресі/55). Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Іштей тілек – жария жетпіс тілекке тең» – дегенін де ескерер болсақ, «әмин» дұғасын құпия айту абзал. Намаздағы «субхана раббиял-ағла», «субхана раббиял-азим», «суб- 165 Намаз ханака», «әт-тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы «әминнің» құпия айтылуына тағы бір дәлел.
  • Әмин дұғасы «әғузу билләһи» дұғасынан артық емес. Өйткені, «Нахл» сүресінде Құран оқыған кезде міндетті түрде «әғузуді» айту керектігі: «Құран оқыған кезде қуылған шайтаннан Аллаһқа сыйын» – деп бұйырылған. «Әғузу» дұғасы осы ерекшелігіне қарамастан намазда құпия айтылады. Сондықтан әминнің де құпия айтылуы абзал. Себебі, «әмин» Құранның сөзі емес.
  • Бұған қоса, бізге жеткен ешбір хадисте пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминді» дауыстап айтыңдар» деп кесіп айтқан бұйрығы жоқ. Керісінше, «имам уәләддаллин деген кезде «әмин» деп айтыңдар делінген. Ал Бухари және Муслимдегі «имам әмин деген кезде сендер де әмин деңдер» деген хадисіне келер болсақ, бұл хадис те «әминнің жария айтылуына нақты дәлел емес. Себебі, бұл хадистегі «имам әмин деген кезде» тіркесін Ханафи және Малики ғұламалары және басқа да Хафиз Ибн Хажар секілді хадис ғұламалары: «Имам әмин дейтін жерге келген кезде яки әмин дейін деген кезде» – деп түсінген. «Әмин» сөзін имам мен жамағаттың бір сәтте айтуы үшін осылай түсінілуі қажет. Бұлай болмағанда, имам «әмин» деп қойғаннан кейін ғана жамағат «әмин» дей алады. Оған дәлел басқа бір хадисте «имам тәкбір алғанда, сендер де тәкбір алыңдар» делінгендіктен, имам тәкбір алғаннан кейін барып жамағат тәкбір алады. Имамның тәкбірінен жамағаттың тәкбірі сәл кеш айтылатыны мәлім. Жоғарыда келтірген «Имам уәләддаллин деген кезде, әмин деңдер» – деген хадис пен «Имам әмин деген кезде, әмин деңдер» – деген осы екі хадистің мағыналарындағы қарама-қайшылықты болдырмау үшін Ибн Хажар әл-Асқалани осылай жорамалдау керек деген. (Мухаддис Зафар Ахмад, Илаус-сунан, 2-том, 231-бет).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Имам әмин деген кезде» деген тіркесін «әмин дейін деген кезде» деп түсінуіміздің тағы мынандай негізі бар. Барлық ғұламалар Құрандағы: «Намазға тұрған кезде жүздеріңді және қолдарыңды шынтақтарыңа дейін жуыңдар. Әрі бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды жуыңдар» – деген аятындағы «намазға тұрған кезде» делінген тіркесті «намазға тұрарда» – деп бірауыздан түсінген. Себебі, намазға тұрып қойғаннан кейін дәреттің алынбайтындығы айтпаса да түсінікті.

  • Насруддин Әлбани өзінің «Тәмәмул-минна фитта’лиқ ала фиқһус-сунна» атты кітабында былай дейді: «Жамағаттың да имаммен бірге «әминді» дауыстап айтуы керек дейтіндердің: «Зубайр және артындағылар әминді айтқанда мешіт жаңғырып кетті» делінген дәлелдерінен басқа дәйектері жоқ. Бірақ мұның өзі «әминді» жамағаттың да дауыстап айтуына дәлел емес. Себебі, бұл Пайғамбарымызға (с.а.у.) жетпей қалған (марфуғ болмаған) сөз. Пайғамбарымыздың дауыстап айтқанына байланысты бірқатар хадистер бар. Бірақ ешбірінде Аллаһ Елшісінің артындағы сахабалардың да қосылып әминді жария айтқандығы айтылмаған. Әминнің дұға екені белгілі. Негізінде, дұға іштей айтылады. Өйткені Аллаһ Тағала «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!» деген. Ал бұдан айну үшін оған сахих дәйек керек». (Мухаммад Насруддин Әлбани, Тәмәмул-минна фит-та'лиқ ала фиқһус-сунна, 167 Намаз 177-бет, Мәктабатул-исламия, Дарур-райа лин-нашр, 2-басылым, 1988 ж).

Бұл – бүгінгі таңда мәзһаб ұстанбайтындардың шейхы саналатын Насруддин Әлбанидің өз сөздері. Оның ойынша, пайғамбарымызбен (с.а.у.) қосылып сахабалардың да әминді жария айтқандығына байланысты нақты сахих хадис жоқ.

 Ал хазреті ‘Атааның (р.а.):

 وقال عطاء : أدركت مائتين من الصحابة في هذا المسجد إذا قال اإلمام : ولا الضالين سمعت لهم رجة آمين

«Осы мешітте екі жүздей сахабаны көзім көрді. Имам «әмин» деген кезде олардың «әмин» деген дауыстарының жаңғырғанын естідім» – деген риуаятқа келер болсақ, Шәйх Әлбани бұл риуаятқа «әлсіз» деп баға берген. (Нәсруддин Әлбани, «Тәмамулминна» кітабынан).

Пайғамбарымыздың ешбір хадисінде «әминді жария айтыңдар» деген тікелей бұйрығының жоқ екенін ескере отырып, Ханафи ғұламалары пайғамбарымыздың өзінің ғана әминді дауыстап айтқанына байланысты кейбір хадистерді былай түсінген:

  1. Пайғамбарымыздың намазда «фатихадан» кейін «әмин» деп айтуын артында яки жанында Оған (с.а.у.) жақын тұрған сахабалар ғана естіп, сол кісілер «әминді дауыстап айтты» деген хадисті риуаят еткен болуы мүмкін. Ал жанындағы адамдардың ғана естуін «Құран оқығандай дауыстап айтты» деп түсінбеуіміз керек. Себебі, кейде іштей күбірлеп айтылғанды жанында тұрғандар да естуі мүмкін. «Дуррул-мухтар» атты кітапта былай делінген: «Егер бір адам яки екі 168 Ислам ғылымхалы адам естісе, бұл жария айтқанға жатпайды». (Мухаддис Зафар Ахмад, И’лаус-сунан, 2-том, 247-бет). Яғни, Пайғамбарымыздың «әмин» деуін кейбір адамдар естіген болса, бұл пайғамбарымыздың дауыстап жария айтқандығын білдірмейді. Пайғамбарымыздың барлық адамдар еститіндей дауыстап айтты яки жоғарыда Насруддин Әлбани келтіргендей сахабалар бірге дауыстап «әмин» деп айтты деген бір де бір сахих хадис жоқ.

Ал Әбу Дәуіттегі Әбу һурайрадан риуаят етілген:

 عن أبي هريرة قال ترك الناس التأمين وكان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا قال (غير المغضوب عليهم وال الضالين) قال آمين حتى يسمعها أهل الصف الأول فيرتج بها المسجد

«Халық «әмин» деп айтуды қойып кетті, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде «әмин» дейтін. Мұны бірінші қатардағылар еститін де, мешіт жаңғырып кететін» – деген риуаяқа келер болсақ, Насруддин Әлбани бұған да «әлсіз» деп баға берген. (Мухаммад Насруддин Әлбани, Сахих уә дағиф Ибн Мәжа). Сондықтан бұл да дәлел бола алмайды.

  1. Пайғамбарыздың «әминді» алғашқы кездері халықты «әмин» деп айтуға үйрету үшін жария айтуы ықтимал. Хазіреті Омардың кейде үйрету үшін «субханака» дұғасын, Әбу Һурайраның «ағузу билллаһты» жария айтқаны секілді. (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 240-бет).

 :عن أبي سكن حجر بن عنبس الثقفي قال : سمعت وائل بن حجر الحضرمي يقول

رأيت رسول الله صلى الله عليه وسلم حين فرغ من الصالة حتى رأيت خده من هذا الجانب ومن هذا الجانب وقرأ غير المغضوب عليهم ولا الضالين فقال : «آمين» يمد بها صوته ما أراه إال يعلمنا

«Әбу Сакан Хужр ибн Ғанбас әс-сақафи: Уайл Ибн Хужр әл-Хадрамидың былай дегенін естідім: «Пайғамбарымызды намазды тәмамдағаннан кейін көрдім, тіпті, Оның (с.а.у.) жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол (с.а.у.): «ғайрил мағдуби алайһим уәладдаллин» деп оқығаннан кейін «Әмин» деп даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін жасады деп ойлаймын». (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 237-бет. Бұл хадисті риуаят еткен кісілердің бәрі сенімді. Тек Иахия ибн Саламаны бірқатар ғалымдар әлсіз десе де, Хаким, Ибн Хиббан секілді хадис ғалымдары қуатты деп бағалаған).

Міне, пайғамбарымыз (с.а.у.) «әминді» дауыстап оқыды деген хадисті риуаят еткен Уайл Ибн Хужр пайғамбарымыздың «әминді» жария айту себебінің «үйрету» мақсатында екенін айтуда. Пайғамбарымыз «әминді» дауыстап айтты деген негізгі хадистерді осы Уайл Ибн Хужрдың риуаят еткенін ескерсек, Ханафи ғалымдарының «үйрету мақсатында» айтуы мүмкін деген сөздерінің қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады.

Егер Пайғамбарымыз (с.а.у.) әминді әрдайым жария айтқан болғанда, Омар, Али, Ибн Мәсғуд секілді сахабалар іштен айтпас еді. Әбу Сағид «Омар да, Али да «бисмиллаһир-рахманир-рахимді» және «Әминді» жария айтпайтын еді» – деп риуаят еткен. (Ибн Жарир әт-Табари, Тәһзибул-әсар. Бұл риуаятты жеткізген рауилердің бәрі сенімді, дұрыс. Тек Әбу Сағид әл-Баққал мудаллис болғанымен сенімді. Ал сенімді мудаллистердің риуаяты Ибн Хажар секілді бірқатар хадис ғалымдарының пікірінше дұрыс деп бағаланады).

Ханафи және Малики мәзһаб ғұламаларының әминнің іштей айтылуына байланысты басқа да көптеген дәлелдері бар. Ұзап кетер деген ниетпен бұл жерге жазылмады.

  • Ескерту: Қазіргі таңда қазақстандық мұсылмандар арасында «әминді» іштей айту мен жария айтуға байланысты көптеген дау-дамай болып жүр. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминге» байланысты хадистерін төрт мәзһаб ғұламалары әр түрлі түсінген. Шафиғи мен Ханбали ғұламалары «әминді» жария айту керек десе, Ханафи және Малики ғұламалары іштей айту керек дейді. Яғни әр мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері бар. Сондықтан біз жоғарыдағы ханафи ғұламаларының келтірген дәлелдерін «әминді» жария айтуға байланысты басқа мәзһабтардың келтірген дәлелдерін жоққа шығару яки мүлдем дұрыс емес деу үшін жазған жоқпыз. Тек айтпағымыз – әминді іштей айтуға байланысты Ханафи мәзһабының да өзіндік шариғи дәлелдері бар екенін, оның жай айтылған негізсіз үкім еместігін білдіру. Негізі, «әминді» жария яки іштей айту − дауласып, қызыл кеңірдек болып, бір-бірімізге ала көзбен қарайтындай аса бір маңызды іс емес. Маңыздысы – әминнің «Фатиха» сүресінен кейін ықыласпен айтылуы әрі періштелердің «әмин» деуіне дәл келіп, күнәлардың кешірілуі емес пе? Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын 171 Намаз ұстанғандықтан халық арасындағы ауызбіршілікті сақтап, бүлікке жол бермеу әрі енді-енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу мақсатында өзге көзқарастағылардың да әминді іштей айтуы абзал.

«Әминнің» «Фатихадан» кейін айтылуы – сүннет. Ал оның іштей немесе жария айтылуы сол сүннетті түсінудегі көзқарас, түсінік қана жатады. Ал, Ислам үмбеті арасындағы ауызбіршілік пен сүттей ұйыған ынтымақ – парыздардың парызы. Ендеше, бір көзқарас, түсінік үшін ақырғы пайғамбар үмбетінің арасында бірлік пен ынтымаққа сызат түсіруге болмайтындығы айтпаса да түсінікті.

Бөлісу: