21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мұсылман аталу құр мұсылман киімін киіп, арасында жүргеннен емес

Мұсылман аталу құр мұсылман киімін киіп, арасында жүргеннен емес

Күдікпен күрес
Жарнама

Әлгі рәуішше мұсылманшылықтың шартын ел ішінде молдалары біліп, бөтендері білмегенмен, бұл білмегендердің мойнынан парыз түспейді.

Парыз түсу түгіл бұл мұхтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды. Құдай-Тағала өзі сақтасын, соның үшін бізбен қатар татар, түркі уа ғайри халықтар аят хадистің мұқтаж, керекті бұйрықтарын өз тілінше кешіріп, түсінетін кітаптар шығарып, діннің ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде әркім түсініп оқып немесе біреу оқыса тыңдаған қара халық түсініп отыратын бір де кітап жоқ. Сол себептен «жалғыз кітап таныған молдалар көп болмаса, халық өзінің діні не екенін де кәміл түсінбейді. Хатта көп адам осы қалыпша кәпір болып та жүрген шығар. Мұны көріп біз, фақыр қыпшақ руының Ибрагим Балғожа биұлы, қарындас халқымыз қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен қараңғы туғандарымызды түсінікті тілменен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістік. Құдай тәбәрәк уа тағала қайырлы еткей еді, әмин!

Ей, екі дүниенің иесі – Құдайым, әр пендеңнің ниет-пиғылы бір өзіңе белгілі. Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистен, қайсысы шаһар Петербургке имам-жамиғ Мулла Ата-алла Бен Баязид есімді молланың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітабынан Һәм мұнан ғайри зор ихтибарлы кітаптардан қаралып, неше-неше рет саналып, теңдестіріліп жазылды. Оқығандар қайыр-дұғаларынан қалдырмағай еді.

Енді, ей, дін қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманда болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң, сол иман ішіндегі сөздерді шексіз мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай Тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр. Дін ғылымы дегеніміз, Құдай Тағала пенделеріне екі жол көрсетті: Бір жолы – осылай бар деп бұйырған жол, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жол. Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ соңғы жолдың ұшы – тамұқ. Екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай Тағала адамның өзіне берді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп, үйренуді дін ғылымы деп атаймыз. Осылайша иман мен дін ғылымын үйреніп, сол бойынша дүниеде іс істеуді амал деседі. Пенделердің амалының немесе істейтін істерінің бағзысы көңілменен, Һәм дінімен болады. Көңілмен дегеніміз көңілмен шындап дұрыстауды, мәселен, иман рәуіштіні айтады. Дінімен деп қолмен дәрет алып, намаз оқу реуіштілер айтылады. Бірақ әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни иманудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көңілі құптамаса әлбетте, ол намаз болып табылмайды.

«Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабынан

Бөлісу: