21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мүміннің мұраты – көркем мінез

Сұхбат
Жарнама

Қазақ көркем мінезді кісіні көрсе, «мінезге бай кісі екен» дейді. Яғни, мінез адамзаттың рухани байлығы екендігін меңзейді. Біз бүгінгі сұхбат барысында күллі адамзатты тәнті еткен ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркем мінезді кімнен үйренді, мүмін мұсылманның бойындағы көркем мінез қалай қалыптасады деген сауалдар төңірегінде белгілі исламтанушы, ғалым Алау Әділбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

 

– «Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал Алладан қорқу мен көркем мінез» деген пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Бүгінгі әңгімемізді мүміннің көркем мінезі туралы өрбітсек… 

– Әу бастан-ақ, адам баласы қауым болып өмір сүруге бейім жаратылған. Жеке және қоғамдық қатынастарды рет­теуде, жүйелеуде көркем мінездің орны ерекше. Көркем мінез – адамның іс-әрекетін, ішкі және сыртқы сезімдерін қамтитын бесаспап ауқымды жүйе. Ал оны толық қамтитын – бүкіл адам баласына ортақ діни қағидалар. Жаратушы адамды жаратқанда оның неге мұқтаж екендігін жақсы білгендіктен, өмір сүруін жеңілдету мақсатында елшілер жіберіп отырған. Қандай да бір жүйені пенденің өз еркіне салса, ол жүйесіздікке ұрындырады. Бүгінгі қоғамымыздағы түрлі мінез-құлық нормалары соның айғағы. Батыс пен шығыстың құндылықтары екі бөлек болғандықтан, жалпы адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың болуы заңды. Осындай адам баласына тән ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болды. Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осылайша ол Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан. Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды. «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Ей, Мұхаммед!) Кешірім­ді­лік­ті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» (Ағраф, 199) деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арт­тыруың, саған жамандық жасаған­дарға жақсылық жасап, қиянат жаса­ған­дарды кешіруің», – деп түсіндірген. Бір кісі пайғамбарымызға келіп:

– Дін деген не? – деп сұрағанда:

– Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар.
Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қай­та­ласа да пайғамбарымыздан «Көркем мінез» деген жауапты алған.

     Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз:

– Көркем мінез, – деген.

– Алла елшісі халықты Исламға уағыз-насихатпен ғана емес, көркем мінезімен де шақыра білген емес пе?

– Әлбетте, солай. Пайғам­бары­мыздың басты ерекшелігінің бірі – халыққа тек құрғақ үгіт-насихат айтып қана қоймай, оны өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, әділдік, шынайылық, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашан да ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұрады.

Пайғамбарымыздың бөле-жара айта кетер бір қасиеті – адам баласындағы бір-біріне қарама-қайшы мінездерді өз бойында ерекше үйлесімділікпен жинақтай білуі еді. Асылында мінез тепе-теңдігін әркез сақтау – жеңіл іс емес. Мысалы, бір адам аса жомарт бола тұра оның сол жомарттығы дарақылыққа, ысырапқа апаруы бек мүмкін немесе аса үнемшіл, ұқыпты боламын деп жүріп сараңдыққа бой алдыруы да ықтимал. Батыр, қаһарман болуы мүмкін, бірақ бұл қасиеттің де өз арнасынан шығып, алды-артын аңдамайтын, жақсы-жаман деп талғамайтын бірбеткей қатігездікке ұласуы да ғажап емес. Ал пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, ешбір жақсы қасиетті екінші бір қайшылық тудыратын қасиетпен шатасты­рмаған және өз арнасынан асырмаған. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ержүрек, батыр және мұнысымен қоса мейірбан, рақымды һәм кішіпейіл. Алайда, тым кішіпейіл, мейірімді болса да ешқашан қорқақтық пен қорлануға бас имеген. Өте салмақты, байсалдылығымен қоса жанындағы адамдарға шаттық сыйлай алатын, күлкісі күміс шашқан, жүзі жарқын нұрлы. Күллі ғаламға ұстаздық етіп, ауқымды мәселелерді қозғаған пайғамбарымыз кішкентай бүлдіршіндермен құмда отырып ойыншық ойнайтындай қарапайым. Яғни, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әркез таразының екі басын тең ұстап, тепе-теңдікті сақтай білген.

– Пайғамбарымыз күллі адамзатты тәнті еткен осы ұлы қасиеттер мен көркем мінез-құлықты қайдан үйреніп, қайдан алды?

– Ата-анасынан алды дейін десек, әкесінен анасының құрсағында алты айлық кезінде, шешесінен алты жасында айыры­лып, тұл жетім қалды.

Ал, өскен ортасы, өмір сүрген қоғамынан дейін десек, ол қоғамның тарихта «надандық, қараңғылық» дәуірі деп қара таңбамен қараланғаны бәрімізге мәлім. Мұндай қараңғы қоғам өзінде жоқ қасиеттерді басқаға қалай бермек? Олай болса, пайғамбарымызға бұл көркем де әсем қасиеттерді беріп, арнайы тәрбиелеп жетілдірген Әлемдердің Раббысы – Алла екендігі айдан анық. Адам баласына қыстың күні мұз бетінде бәйшешек сыйлаған Раббымыз «надандық дәуірде» пайғамбарымыздай нұрлы тұлғаны жетілдіріп, ғаламға рақым сыйлады. Пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» – деп осы шындықты айқындап берген.

Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейін да ел ішінде ең сенімді тұлға ретінде танылған. Мекке халқы оны «Мухаммадун Амин», яғни, «Сенімді Мұхаммед» деп атайтын. Кез келген адам сапарға шығар болса, қолындағы ең құнды зат­тарын еш күмәнданбастан пайғамбарымызға аманат­тап тапсыратын. Пайғамбарымыз өмірінде ешбір аманатқа қиянат жасамаған. Өйткені, оның дінінде аманатқа қиянат ету, уәдеде тұрмау және жалған сөйлеу – екіжүзділіктің нақ белгісі. Тіпті, пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшуге мәжбүр болған кезде де қолындағы Мекке халқының аманатын иелеріне тапсыру үшін хазірет Әлиді орнына қалдырған.

Міне, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осылайша өзіне қарсы шығып, тіпті өлтіруді жоспарлап, елінен, жерінен кетуге мәжбүр еткен пенделердің де аманаттарына қиянат ет­пеген. Не деген сенімділік, не деген туралық десеңізші! Мекке халқы оның қырық жасына дейін бір рет болсын жалған сөйлегеніне куә болмаған. Жалғандық оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін.

Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасына дейін бір де бір өтірік айтпаған адам мінез-құлқы әбден толысқан қырықтың қырқасына шыққанда қалайша өтірік айт­сын?» деп пайғамбарымыздың дінін еш күмәнсіз қабылдап, бірден мұсылман болған-ды.

Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деу арқылы көркем мінездің өзінің пайғамбарлық ұлық мақсатымен тікелей байланысты екенін көрсетіп кеткен. Оның мінез-құлқы – Құранның тәлім берген сүттен ақ, судан таза ұстанымдарының жиынтығы. Айша анамыздан біреулер пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы – Құран ғой» (Мүслим, Мусафирин, 139) деп жауап беруі осының дәлелі. Бірде біреулер Халид ибн Уәлидтен пайғамбарымызды суреттеп беруін өтініпті. Халид болса пайғамбарымыздың болмыс-бітімін тілмен ай­тып жеткізудің мүмкін еместігін айтады. Бірақ, ел-жұрт Халидтің ең болмағанда өз түсінік дәрежесінде айтып беруін өтінгенде:
– Жіберілген (елші) Жібергеннің ұлылығына сай болды. Ал Жіберуші күллі әлемнің жаратушысы болса, онда жіберілгеннің қандай болғанын өздерің ойлай беріңдер, – деп жауап берген екен.
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар­лығынан бұрын да қара қылды қақ жарған әділдігімен, сөзіне беріктігімен, сенімділігімен, мейірімділігімен және қол ұшын беруге әзір тұратын елгезектігімен теңдессіз үлгі көрсетті.

– Қарапайым пенде үшін үнемі көркем мінезді болу қиын дүние. Жалпы осы көркем мінезге қалай қол жеткізуге болады?

– Көркем мінезділікке қол жеткізу – жүрек тазалығының белгісі. Жүрек күпірліктен азат болғанда ғана таза­лыққа жол ашылмақ. «Жүрегім таза, ха­лықты жақсы көремін, үнемі қол ұшын беруге дайын тұрамын» деумен іс бітпес. Негізінде адами құндылықтарды құрметтеу өте маңызды. Алайда, сол құн­дылықтардың мән-мағынасын біліп, үнемі есте ұстау иманмен тікелей байла­нысты. Адамның иманы болмаса істе­ген жақсылығының жалғасы да болмай­ды. Өзегі қуыс ағаш секілді үдей соққан дауылға шыдас бермей, шорт кетіп сынған күйі жер жастана құлары сөзсіз.

Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүтін адамзатқа пайдалы қызмет етті делік, алайда, жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін. Сол сияқты әлемнің Жара­тушысын, Иесін танымаған адам отанына, халқына қанша қызмет жасаса да ақиретте пайда бермейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Аллам, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет» (Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 1, 403) деп үнемі Алла Тағаладан жалбарына сұраған.
Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз Ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін пайғамбарымыз бен са­хабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүние-нің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.

Әңгімеңізге рахмет!

                                                                  

Сұхбаттасқан
Әлімхан Сырбай

Бөлісу: