21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Омар Жәлел: Мінез дұрыс болмаса, дін – дәрменсіз

Сұхбат
Жарнама

«Мінезсіз адам – жеміссіз ағаш»  дейді халық даналығы. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан. Ал мінез дегеніміз не? Ол жемісті болу үшін, ұлтқа қызмет жасау үшін кісі қандай болуы керек? Бұл тақырыпқа келгенде «қанша адам болса, сонша мінез болады», «ол әр адамның жаратылысы» деп қысқа ғана қайыра салатынымыз анық.

Біз бүгін осы тақырып төңірегінде филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлелмен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.  Сұхбатымыздың басын «адам бойындағы мінез жүре қалыптасады ма, әлде туа бітті беріледі ме» деген сұрақтан бастадық. Жауап төмендегіше болды.

– Мінезге байланысты көзқарастар әртүрлі. Бірақ біз Абайдың сөзіне тоқтаймыз ғой. Данышпан Абай атамыз «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Демек, мінезді тәрбиелеуге болады екен. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп атамыз мынадай мысал келтіреді. «Аспанда ұшып жүрген құс пен даланың тарпаң жылқысын қолға үйрету арқылы адамзат баласы қанша табыстарға жетті. Осындай дала тағылары тәрбиеге көнгенде, адамның мінезі неге өзгермейді?» дейді. Осы жерде сіздің сұрағыңызға «мінез өзгереді, қалыптасады» деп жауап беруге болатын секілді. 

– Ал, қазақта «сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз бар...

– Тағы да Мәшһүр Жүсіп атамызға жүгінейік. Ол кісі «екі нәрсе өзгермейді» дейді. Біріншісі, «Тау өзгерді дегенге сен, әдет өзгерді дегенге сенбе». Яғни, әдет өзгермейді. Екіншісі, «Өлі тірілді дегенге нан, жаман жақсарды дегенге нанба» дейді. Жаман деп отырғаны – нақұрыстар. Олжас Сүйлейменовтің «Ол академик болуы мүмкін, тіпті ол том-том кітап қолтықтап жүруі мүмкін, ол – бәрібір нақұрыс» деп айтатыны бар. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге».

Әдеттің өзгермейтінін қазақ «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп айтқан. Меніңше, әдет те өзгереді. Тек жаман нәрселерге әдеттенгесін түзелуі қиын болатындығын меңзеген болса керек. Жалпы, әлемде өзгермейтін Алла ғана.

Абайша айтқанда, «Күллі мақұлық өзгерер, Алла өзгермес». 

Құранда «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді» («Рад» сүресі, 11) деген аят бар. Мұнда да мінездің өзгеретіндігін айтып тұр.

Абайдың заманында Алдоңғар деген баукеспе ұры болыпты. Бір күні Абай «Әй, Алдоңғар, сенен бір нәрсе сұрайын, бересің бе?» деп сұрапты. Өзі бай, өзі сыйлы, ұлық адам, Құнанбайдың баласы сұрап тұрғасын «Абай аға, сіз сұраған нәрсе менде болса беремін ғой, бірақ, мен сізге не бере аламын?» деп қатты қиналыпты. Сонда Абай: «Сен маған ұрлығыңды бер» депті. Көп ұзамай Абай Алдоңғарды қасына көшіріп, ұрлығын тиып, тәрбиелеп, ел қатарына қосқан екен.

Ал сіз айтып отырған «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген кісінің тегіне қатысты айтылған сөз. Рас, тек ешқашан өзгермейді. Дүниеге шыр етіп келген нәресте анасының ең алғашқы уыз сүтін емген сәтте-ақ, Британ энциклопедиясынан 400 мың  есе артық ақпаратты бойына сіңіріп үлгереді екен. Мұны бүгінгі ғалымдар дәлелдеп отыр. Бұл мәселеге қазақ халқы ежелден ерекше мән берген. «Баланың жақсы болуы нағашыдан». Ұлына текті жердің қызын айттыру дегеннің астарында үлкен мән жатыр.

Жалпы, мінез екі түрлі болады. Бірі – ішкі, екіншісі – сыртқы мінез. Біз өзгереді деп айтып отырғанымыз – адамның сыртқы мінезі. Ал ішкі мінез ол қанмен, текпен келеді. Қазақтың өзгермейді деп айтып отырғаны – осы ішкі мінез. Яғни, тегі өзгермейді. Себебі, ол жоғарыда айтқанымыздай, сүтпен сіңеді.

– Кісіні көркем мінезділікке тәрбиелеуші мектептің бірі – Ислам. Алайда, намазға жығылған кісілердің кейбірі тәкаппарланып, елден ерекшеленіп жүретіндері қалай?

– Рас, намаз адамды түрлі жамандықтан тыйылуына себеп болады. Негізі, намазды көркем мінезге жету үшін оқу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Көркем мінезді адам ғабиттің (ғибадатшының) дәрежесімен тең» деген. Кейде бір кісілер кездеседі, намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Бірақ, мінездері сондай көркем. Ал, енді өзіңіз айтпақшы, екінші бір кісілер бар, оразасын ұстайды, намазын оқиды, бірақ мінездері сондай нашар. Неге? Дін дегеніміз ақида, амал, ахлақтан (мінез-құлық) тұрады. Егер, осының үшіншісі, яғни, ахлақ дұрыс болмаса, дін адамға пайда бермейді екен. Мәжһүр Жүсіп атамыз «ғылымның әуелгі мақсаты – Алланы тану. Одан кейін – пайдалы білім алу. Егер оқыған біліміңіз мінезіңізді түзетпесе, онда ол пайдасыз білім болғаны» дейді.  

Дін тоқсан пайыз көркем мінезбен тарайды. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Алла тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді» деген. Тағы бірде бір кісі Пайғамбарымызға келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда,  «Көркем мінез» деп жауап қатқан. Сондықтан, біз жастарға жоғарыда айтқан үшеуін қатар оқытуымыз керек. Бұл жерде кінә жастарда емес, соны дұрыс үйретпеген ұстаздарында болып отыр. Қазір бізде ақида мен амалды оқытады да, ахлақ қалыс қалып жатыр. Міне, соның «жемісін» көріп жүрміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК

E-Islam.kz

Бөлісу: