Бүгінгі таңмен бірге қасиетті, рахымы мол Рамазан айы кірді. Бұл барша мұсылман қауымы отыз күн ораза тұтып, нәпсі мен теріс қылықтардан өзін тыятын мезгілдің келгені. Осы орайда, Baq.kz тілшісі «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Астана қаласының өкіл имамы Асқар Мұқановпен сұхбаттасып, ораза жайында негізгі сұрақтарға жауап алды.
- Оразаның сауабы жайында айтып беріңізші?
- Жалпы, оразаның сауабы шексіз. Өйткені, Пайғамбардан жеткен бір хадисте Алла тағала «Ораза мен үшін ұсталған нәрсе, өйткені, пенде өзінің күнделікті ішіп-жейтін нәрсесін, шахуатын тыяды. Сондықтан, оразаның сауабын мен өзім беремін» дейді. Сол себепті оразаның сауабы мол. Өйткені, бұл қиын құлшылықтардың бірі. Екіншіден, оразаның пайдасы - пендені күнәдан тыяды, арғы дүниеде Алланың азабынан қалқан болады. Сол үшін мұсылмандар ораза ұстайды. Сонымен қатар, ораза адамды сабырлыққа, қанағатшылдыққа, шүкірлікке, жомарттыққа, имандылық пен адамгершілікке тәрбиелейді. Бұл ғылыми түрде дәлелденген нәрсе. Бір ай ораза ұстағаннан кейін адамның психологиясы жақсы жаққа қарай өзгергенін психолог мамандар дәлелдеген. Оразаның осындай пайдалары бар.
- Ел арасында «отыз күн ораза тұту» деген тіркес бар. Алайда, соңғы жылдары ораза мерзімі отыз емес, жиырма тоғыз күнмен шектеліп келеді. Осының себебін түсіндіріп беріңізші.
- Пайғамбар хадисінде келтірілгендей, ай 29 не 30 күн болады. Ислам шариғатының түсінігінде 28 немесе 31 деген ұғым жоқ, не 29, не 30 күн болады. Сол себепті, кей жағдайларда ай 29 күнмен шектеліп отырады. Ол әуелгі ислам шариғатында неге сүйенеді дегенге келсек, онда табиғи астрономиялық фактілерге сүйеніп, ай белгілейді. Алла тағала Құранда «Айды, жұлдызды сендердің күндеріңді санап, айларыңды белгілеу үшін жараттым» дейді. Сол сияқты, мысалы, Рамазан айының кіруі қалай? Егер, астро-физикалық ұғыммен айтар болсақ, Шағбан айының бітеді де, жаңа ай туады. Оны Рамазан айы деп атайды. Осы ай кейде 29 күнде, кейде 30 күнде бітіп қалады. Міне, осы бойынша Рамазан айының ұзақтығы да белгіленеді.
- Мұсылман баласы намаз оқымаса да, ұстаған оразасы қабыл болады ма? Кей көпшілік «намаз оқымаған соң, оразаның сауабы маған есептелмейді» деп жатады. Бұған не дейсіз?
- Жоқ, ол дұрыс емес. Намаз өз алдына құлшылық. Пенде Алладан өз алдына оның сауабы мен сыйын алады және оны оқымай қаза қылғаны үшін де жауап береді. Ораза да өз алдына жеке құлшылық. Сондықтан, намаз оқымаған адам, ораза ұстаса, оразаның сауабын алады. Өйткені, мұнда оның ниеті тұр, ықыласы тұр, соның жасаған құлшылығы тұр. Алла тағаланың әділ сипаты бар, сол әділдікпен оның оразасының құлшылығын береді. Сонымен қатар, ораза арқылы намазға жығылып жатқан азаматтар бар. Мысалы, ораза адамды рухани байытады, ішкі жан дүниесін тазартады, ақыл-ойын туралық пен әділдікке бағыттайды. Сонымен намаз бастағандар бар, сол сияқты, намаз оқып, ораза тұтуға келгендер. Сол себепті, «мен намаз оқымадым, менің оразам қабыл болмайды» деген жаңсақ пікір. Әлбетте, намаз оқып, сауапты арттырған абзал. Жалпы, ораза ұстаушы адам, шариғатқа қарсы амалдан тыйылуы шарт. Мысалы, мен оразамын деп, бірақ, бұрынғы тіліммен, қолыммен, көзіммен жасалатын қателіктерді жасай берсе, ол оразаның мәнін кетіреді, сауабын азайтады, тек қана шөлдеп, ашығудың амалын жасап қалады.
- Ал түкірік жұту оразаны бұзады ма?
- Түкірікті жинап жұтса, онда ораза бұзылады. Ал, келген түкірікті жұту оразаны бұзбайды. Осы жерде түкірікке қатысты бір кеңес айтып кетсем деймін. Кім көп тамақ жеп қойса, түкірік көп болады. Әсіресе, құрғақ тамақ жесе. Сондықтан, түкіріктің көп бөлінуін қаламаса, онда сулы тағам жеп, сусынды көптеп ішуі керек.
- Ауыз ашу және ауыз бекіту дұғасын тілін бұрап қиналғанша, қазақша оқығанның еш сөкеттігі жоқ шығар?
- Әрине, бұл жерде енді екі сауап деп айтсақ болады. Дәл Пайғамбар (с.ғ.с.) аузын ашқандай етіп дұға оқу, әрине, сауап. Себебі, ол Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзі, Пайғамбар (с.ғ.с.) сөйлесе, хақ сөйлейді, ол Құранның тілі. Сауабы, басқа тілге қарағанда ерекше. Ал, егер, қиындық тудырып, тілі келмей жатса, онда ниет етіп, қазақшасын оқыса, шариғатта ешқандай тыйым жоқ. Сол ниеті, сол дұғасы қабылданады.
- Ауыз бекіткен көп азамат, әсіресе, ата-әжелеріміз сәресінің асы деп тарыны сүтке қайнатып жеп жатады. Бұл күні бойы тоқ жүрудің кепілі дейді. Жалпы, ораза кезінде қандай тағамдарда басымдылық берген жөн?
- Жалпы, тәжірибеге сүйене отырып айтсам, шөлдететін тағам жеуге болмайды. Ол денсаулыққа да зиян. Шөлдететін тағам жеген соң, ағза су сұрайды. Ал, сіз су іше алмаған соң, бұл шөліштегі басқа ағзаларға зиянын тигізеді. Сол себепті, тұзы көп, қатты қуырылған, құрғақ тағамдардан бас тартқан дұрыс. Мейлінше, көп шайнап жеу керек. Бұл тамақтың сүннеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «асқазанды суға, тағамға, ауаға деп үшке бөліңдер» деп айтады. Ораза ұстаушы, дастарханға отырған соң, ең алдымен су ішкені дұрыс. Содан кейін барып, тамақтанса, ол тағам асқазанда ауылдық тудырмайды деп жеңіл қорытылып, бауырға зақым келтірмейді.
- «Нұр Астана» мешіті ертең ауызашар бергелі жатқан көрінеді.
- Иә, жылғы дәстүр бойынша Астана қаласының барлық дерлік мешітінде ауызашар беріледі. Кей мешіттердің жанында асханалары бар немесе шатыр, киіз үй тігіп, ауызашар береді. Ертең «Нұр Астана» мешітінің алдында күнделікті, яғни 29 күн бойы 400 адамға ауызашар беріледі. Оның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да қамтылады.
- Әңгімеңізге рахмет! Ниет қабыл болсын!
Әңгімелескен: Ақмарал Шағатай
baq.kz