26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Руслан Байзақов: Аналарымыздың тәжірибесін зерделеу жетіспейді

Руслан Байзақов: Аналарымыздың тәжірибесін зерделеу жетіспейді

Сұхбат
Жарнама

«Ел болам десең бесігіңді түзе» деген есті сөзді ту көтерген абыз даланың талай тәжірибесі тірілмей келеді. «Отан отбасынан басталарын» ескерсек, «өзі үйде қылығы ғаламторда» болған бүгінгі қоғамның бір ғана бала тәрбиесі туралы айтар сөз де, қаузалар ой да аз болмауға тиіс екенін күн санап кезініп келеміз... Сөз тізгінін «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Руслан Байзақовқа ұсынып көрдік.

–  Ислам дінінде бала тәрбиесінің өзгеше методтары бар ма?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайһиссалам бала тәрбиесі жайлы «Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар. ...Отағасы жанұя үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады...» деп ескерткен екен. Міне, осы жауапкершілікті шынайы сезіну адамды ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамауға жетелейді. Біз діни құндылықтарды зерделесек, балаларымыз өз тұрмыс дағдысына айналдырған бірқанша тәрбие тетіктерін айтуға болады. 

Балаға көркем түрде қарым-қатынас жасау. Яғни, Құранның «Лұқман» сүресіндегі хиссаларға үңілсек балаға әр нәрсені бауырмалдықпен үйретуді құптайды.

Қателіктерін көргенде бірден ұрсып, зекіп үрейін алмай, алдымен жылы шыраймен себебін сұрап, не үшін істегенін зерделеп, сосын көркем түрде тәрбие беруді қуаттайды. Алла Елшісінің ғалайһиссалам өмірінде осындай өнегелі методтар болған.

Әуелі өз басынан үлгі болуды қуаттайды. Имам Ағзам Әбу Ханифаның қант жеуге әуес балаға жасаған насихаты осыны меңзейді. Сахабалар «Баланың ізгі болуы - Алла Тағаладан, ал әдептілік – әкеден» деп бекер айтпаса керек.

Спорт түрлеріне баулу. Ол баланың ерік-жігерін шықдап, дені сау болуына да өзіндік ықпал жасайды. Әрине мұнда да баланы келсе-келмес зорлықпен кустарға жаздыру емес, бейіміне қарай, денсаулығына пайдалы спорт түрлеріне беру.

Енді айырықша бір айта кететіні, баланы адал еңбекпен, адал табыспен, адал аспен асырау. Бұл дінімізде айырықша көңіл бөлінетін метод деп айтуға болады.

Бүгінде, әсіресе қалалы жерлерде күйбең тіршілікке алданып жүріп, балаларды қадағалап бағыт-бағдар беруге көңіл аз бөлінуде. Дінімізде ұрпақ тәрбиесіне бұлайша немқұрайды қарауға болмайды.

Дінімізде әрбір ата-ана өз баласын еліне, халқына шын берілген, халқын құрметтей алатын, дені сау, білімді, еңбексүйгіш, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге борыштар.

–  Спорт деп қалдыңы. Дініміз балаларға қандай спорт түрлерін үйретуді қуаттайды?

– Ислам діні қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Бір хадисте хазреті Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайһиссалам «Екеуінде де өз қайыры болса да, әлсіз мүмінге қарағанда қуатты мүмін Аллаға жақынырақ және сүйіктірек» деп өсиеттепті. Бұл хадисте де адамның физологиялық сапасы, саламатты өмір дағдысы да қоса қамтылып отыр. Шын мәнінде, денсаулыққа пайдалы спорт түрлеріне дініміз шектеу қойылмайды. Ал, жүзу, садақ ату, күрес, т.б. бірқанша спорт түрлері тіпті сүннет амалы болып табылады.

Бүгінгі таңда еліміздің ар-намысын қорғау мақсатында баланың бейіміне қарай пайдалы спорт түрлеріне беріп, тамаша спорт шеберлері, білікті жаттықтырушылардан болуына атсалысудың өзі құптарлық амал. Себеі, отанды сүю ол Пайғамбар ғалайһиссаламның сүннеті.

Ибн Әл-Қайим «Ат-Тыбб Ан-Набауи» кітабында «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» деген екен. Демек, пайдалы спорт түрлерін үйретуде белгілі бір діни шаблондарда қалып қоймаған жөн.

Қыз тәрбиесіне айрықша мән берген халықпыз. Бүгінде осы үрдісті жаңғыртуға не жетіспейді?

–  Пайғамбарымыз ғалайһиссаламның хадисінде кімде-кімнің үш қыз баласы болса, оған жақсы тәлім тәрбие беріп, жақсы отбасына күйеуге берсе ол ата-ананың жаннаттық болатыны айтылады. Халқымыз да «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі қара құлдан тыйым» деп қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен, айырықша сақтықпен қараған.

Жоғарыдағы хадистің жалғасында екі қызы бар, тіпті бір қызы бар кісінің өзі айтылған шартты орындаса жаннаттық екені айтылады. Демек, қыз тәрбиесі айырықша маңызды деген сөз. Болашақ «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» қыз баланың тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерімізді қайта жандандыру айырықша маңызды. Ұлағатты ұрпақ өсіретін текі қыз тәрбиелеудегі асыл аналарымыздың тәжірибесін зерделеу жетіспейтін сияқты. Бір ғана мысал айтайықшы, бабаларымызда «Қол ұстатар» деген керемет салт болған. Тәрбиелі, көргенді жердің қыздары оған дейін бөтен жігіттің қолын ұстамайтын, тіпті бетіне тік қарамайтын болған екен. Яғни, бұл салт жосын бойынша бойжеткен қызға құда түсіп, неке қиылғаннан кейін ғана орындалатын дәстүр болыпты. Не деген ғажап тазалық! Не деген кісілік! Әңгіме бұл салтты орындай салуда емес, әңгіме соған сай өмір сүретін қыз тәрбиелеуде емес пе.

– Тәрбие тал бесіктен басталады дейді ғой. Бүгінде кейбір қоғамдық-рухани кеселдердің себебі тал бесіктегі тәрбиеде емес пе деген ой туады?

– Дұрыс айтасыз. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бабаларымыз тегіннен тегін айтпаса керек. Абай атамызша айтатын болсақ, «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде». Ендеше, баланың тәрбиесі оның қандайлық кісі болмағына айрықша үлес қосады не кері әсер береді. Қарап отырсаңыз, бала ата-анасын үлгі тұтып қалыптасады. Өзі кітап оқымайтын әке баласына қанша айтып, тіпті ұрсып жатса да баласы кітапқұмар болуы екіталай. Сол сияқты баланың көрген тәрбиесі, ішкен асы, оқыған кітабы, жора-жолдасы оның болашақта кім болып қалыптасуына айырықша әсер етеді.  

Хакім Абай «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген екен. Сондықтан бүгінгі кейбір қоғамдық-рухани келеңсіздіктердің астарын отбасынан іздеген дұрыс. Қоғамдық прболемалар ретінде үгіт-насихат, түзету, оңтайландыру жұмыстары арқылы қарсы иммунитет қалыптастыру жұмыстары жүрілгені дұрыс. Дегенмен де, қоғамдық-рухани келселдерді жасаушы фактор адам екенін ұмытпау керек. Ал, ол кеселді адам не отбасынан, не ұстазынан, не құрбысынан алады деген сөз. Демек, кейбір қоғамдық-рухани проблемаларды шешу үшін қоғам болып отбасы институтының руханиятын жақсартуымыз керек деп есептеймін.

– Имам ретінде «заманды билемек» (Абай) үшін қазіргі балаларды қай бағыттарға бейімдеген жөн деп ойлайсыз?

– Осыдан бір ғасыр бұрын қойылған «заманды қай жан билемек» деген бұл сұрақ әлі де өзекті. Бағы жанып жақсы ата-анадан тәлім алған көргенді баланы жақсы ұстазға, жақсы жора-жолдасқа қосу арқылы оны өз саласының озық кісі болуға тәрбиелесе сонда ол заманды билейтін бала болып өсер ме екен деп үміттенемін.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: