29
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с.) балалармен неге ойнайтын?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Баланың өсіп, өркендеуі, дүниені танып білуі ойынмен байланысты. Бала үшін ойын – іс-әрекет, еңбекке бастайтын қимыл-қозғалыстың жебеуші шарты болумен қатар дүниені танып білу, түсіну, ұғынудың кілті. Ойын кезінде баланың белсенді қарым-қатынастағы әсері ерік-жігеріне, эмоциясына ықпал етіп, жақсы-жаманды ажыратып, адамгершілік әдептеріне баулиды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен білетініміздей, балалармен ойнауға мән берген және олармен ойнағанды ұнататын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға нұсқау ретінде, Әбу Хұрайрадан (с.ғ.с.) жеткен хадисінде «Кімде-кімнің балалары болса, солармен бірге олар сияқты ойнасын», - деген. (Бұхари, Муслим)

Пайғамбар өнегесінен ойын баласына жақсы қасиеттерді сіңіру, үйрету ойнау арқылы жүзеге асатынын байқаймыз. Мысалы, немерелеріне кейде ат болып, кейде иығына мінгізіп ойнатқан. Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Хасан мен Хүсейінді арқасына отырғызып алып, көтеріп ойнатып жүргенін көрген Омар (р.а.) бұған қатты сүйсініп: «Әй, балақайлар, мініп алған сәйгүліктерің қандай тамаша!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Олар да осал шабандоз емес», - деп жауап береді. (Мәталибүл-алия 4/72) Бұл жерде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) баланы мерейін көтеру арқылы қолдап отырғанын байқаймыз.

Дана халқымыздың мақал-мәтелдерінде де баланың деңгейінде сөйлесудің маңызын баса айтқан. Мұнан біз ұлттық тәрбие мен сүннеттің астасатынын байқай аламыз. Мысалы, «балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле», «балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай шет сөйлесең, көп ішінде өлер» деп сәбилік шақтан баланың жігерін жасытпай, қайта қолдап отыруды жөн санаған.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) сүннетінде балаларды жақсы көруге, олармен көңіл көтере, қуануға, жүгіруге, олармен күресуге кеңес бере, өзі де немерелерімен, әрі басқа балалармен де сондай қарым-қатынаста болған.

Сахабалар «баланың ізгі болуы Алла Тағаладан, ал әдептілік әкеден» дегенді айтатын. Яғни Алла Тағала тағдырға ізгілікті жазғаннан кейін, әкенің міндеті баланы мұсылмандыққа үйрету дегені.

Өскелең ұрпақ тәрбиесінде сүннет бойынша ең алдымен мейірім арқылы  баланың өзіне деген сенімін қалыптастыру маңызды. Себебі, балалар жылулыққа толы қарым-қатынасты қалайды, сондай кісілерге тартылып тұрады. Ешбір бала өзіне әмір бергенді, қатал, дөрекі қатынас жасағанды жақсы көрмейді. Яғни мейірім арқылы «үлкенге сенуге болады», «бұл кісіден маған қауіп келмейді» деген түсінік қалыптасады. Мейіріммен өскен бала қай ортада болмасын өзіне сенімді,  бойын еркін ұстап, ойын ашық айта алады.

Күндердін бір күнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір тізесіне Усама ибн Зәйдті, ал екінші тізесіне немересі Хасанды отырғызып, екуін де бірдей құшағына баса Аллаға дұға қылған: «Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай, сен де бұларға мейіріміңді төге гөр». (имам Бұхари).

Тағы бір хадисте келтірілгендей «кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес» (Әбу Дәуіт) яғни ата-ана  баламен  тілдесуде, пікірлесуде  бейауыз  сөздерді  қолданбай,  дөрекілікпен  жеке  басының тыныштығын  қорғамай,  мейірімді, табиғи, жылы, ақылды  сөздер  айтып,  өнеге  бола  білсе, тәрбиеде  табысқа  жетеді. Мұны дана халқымыз «жақсы  сөз  жан  семіртеді» деп екі-үш ауыз сөзбен жеткізген.

Мейірімділіктің маңызын көрсететін тағы бір мысал, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немерелерінің бірі Хасанды сүйіп жатқанында оны көрген Акра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Сен басқаға мейірім көрсетпесең, саған да Алла мейірім көрсетпейді», - деп жауап бергені айтылады. (Бұхари)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаларға әрдайым уақыт тауып, олардың руханиятының қалыптасуына баса назар аударған. Жас өскіндермен сәлемдескенде бірінші сәлемдесуге тырысқан, әнгімелескен уақытта олардың көздеріне қарап, тең дәрежеде тұру үшін еңкейетін болған. Яғни баланы жақсы көретіндігін, сыйлайтындығын әрбір іс-әрекетімен білдіріп отырған.

Сүннеттегі екінші маңызды қағида – баламен ойнап отырғанда оның сөздеріне құлақ асу, тыңдай білу. «Бала ғой, түсінбейді» деп қарамаңыз, әрбір бүлдіршін өзіне мейріммен қарағанды немесе айтқанына немқұрайлылық танытпай, құлақ асқанды жақсы түсінеді.

Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «әркімнің деңгейімен санасуды» өсиеттейді. Әр баланың жаратлысы, мінезі әртүрлі. Бірі ашық, айтқанға тез төселе кететін болса, бірі томаға-тұйық, айтқанды бірден ұға қоймайтын салмақты дегендей. Баланы тәрбиелеу дегеніміз оны отырғызып қойып «ақыл» айту емес, керісінше, оның қалауына, бейімі мен ыңғайына қарай әрекет ету. Ал, ол үшін баланы мұқият тыңдай білу өте маңызды.

Үшінші қағида – балаларды жынысына немесе қабілеті мен ерекшелігіне қарай алаламау. Ислам дінінде ұл-қыз деп еш бөлместен, дәстүріміздегідей қыз баланың орнын өзгеше белгілеп мейріммен қарауға тәрбиелеген. Бірде бір кісі Пайғамбармен  отырған уақытта, оның ұлы жанына келді. Ол ұлын  сүйіп тізесіне отырғызды. Ал жанына қызы келгенде, алдына отырғызды, бірақ сүймеді. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.):«Сен неге оларға әділетсіздік жасайсың?» - деген екен.

Сондай-ақ, тағы бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) «Мен ұлдарымның ішінде мына ұлымды артық жақсы көремін, мирас бөлгенде оған басқаларынан көбірек қалдыра аламын ба?» деп сұрайды бір сахаба. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Ұлдарың сені бірдей жақсы көргенін қалайсың ба?» - деп өзіне сұрақ қояды. «Әрине», - дейді әлгі кісі таңдана. «Олай болса, балаларыңды да бірдей жақсы көр, ешбірін алаламай, мирасты да теңдей бөл», - деген екен Алла Елшісі (с.ғ.с.).

Қорыта келсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылман үмметін қалыптастыруда бала тәрбиесін көзден таса қылмаған. Бала дүниеге келісімен мұсылман деген атқа сай тәрбие алуына үлкен жауапкершілікпен қараған. Балаға тәрбие берудің негізгі мәйегі мейірім мен сүйіспеншілікте екені жоғарыда келтірілген хадистерден аян. Мейірім мен сүйіспеншілікке қанып өскен жағдайда ғана ұрпақтың жүрегіне тәрбие сіңетіндігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып та, өнегесімен көрсетіп те кеткен.

Отбасы институтының ең негізгі міндеті ұрпақ жалғастыру болса, екінші міндеті – сол ұрпағына дұрыс тәрбие беру. «Баланың киімі көк, қарны тоқ, одан артық не керек?» деу дұрыс емес. Ол тәрбиеге жатпайды. Әрбір ата-ана баласының тамаққа тоқ болғанымен, тәрбиеге аш болып қалмауын қадағалауы тиіс. Мұндайда ата-ана өзін айнытпай қайталайтын ұрпағы барын ескеріп, өз іс-әрекетіне, мінез-құлқына, жүріс- тұрысына, сөйлеген сөзіне дейін есеп бергені жөн.

Әрине, әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы болып жетілуін қалайды. Дінімізде алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, отбасындағы бала тәрбиесіне бірінші дәрежелі мән берілген. Өйткені балалар – ата-ана қолына берілген  аяулы аманат. Балаға жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін ұғындыру, жақсы тұлға болып қалыптасудың жолдарын үйрету, тұшымды тәрбие беру ата-анаға міндеттелген іс екенін әсте есімізден шығармайық.

Қарлығаш Қажымәлікқызы

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы

      

Бөлісу: