29
Жұма,
Қараша

һижри

Ата-анаңды тірісінде қадір тұт

Ата-анаңды тірісінде қадір тұт

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!», - де», - деген. («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Хадисте: «Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында. Алланың ашуы ата-ананың ашуында»,-делінген. Сондықтан, ізгілік атаулының ең биігі - ата-ананың разылығын алу. Хадисте: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды тұмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді», - делінген. Ислам діні бойынша ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсыжаман және күнә-сауап нәрселерді үйрету, түсіндіру, әрбір іс-әрекетін қадағалау керек. Сондықтан да, бала тәрбиесі ата-ананың өздерін-өздері тәрбиелеуден басталады. Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын айту өте қиын. Жастардын өзінің де бір күні ақ шашты, кемпір-шал болатынын ойлануы керек. Егер, қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай қызмет етуі қажет. Сондықтан ақыретте бақытты болуын қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылу керек. Әрі мына жалған дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол - құнсыз қазына.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әке-шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті», - деді. Ата-анаңа қалай құрмет көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көрерсің. Өз балаңыздан қандай жақсылық күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз, не ексеңіз, соны орарсыз. Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе емес пе?! Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата -ана ның қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың ризашылығы – ата-ананың ризашылығында», - дейді.

Қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мұстафин: «Ата-ананың қадірін білмеген, халықтың қадірін білмес», - дейді. Шындығында ондай бала басқа біреудің жақсылығын қалай бағаласын. Жақынына жақсылық жасай білген адам басқаларға да жақсылық жасайды. Сондықтанда қасиетті Құранда Жаратушы ғибадат жасауаға бұйырған болса, сол ғибадатпен бірге «ата-анаңды біл, ата-анаңа жақсылық жаса, ата-анаңды құрметте және ата-анаңа шүкір ет» дей келе: «Адамдарды ата-аналарыңа жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп құрсақта көтереді. Екі жыл бойы емшек емізеді. Ей, адамдар! Маған да, ата аналарыңа да да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың - менің алдым», - деген. (Лұқман сүресі, 14 аят)

Қазақ халқы қай кездерде болмасын ата-анасын ерекше құрметтеген. «Әкең асқар тау, анаң кәусар бұлақ» деп әкелерін асқар тауға, аналарын ең таза, мөлдір бұлақ суына теңеген. Халқымыздың мақал-мәтелдерінде, даналық сөздерінде ата-ананың қадір-қасиеті туралы айтылған терең ойлы сөздер өте көп. Ал Ислам дінінде ата-анаға деген құрмет Аллаға деген сенім мен оған сыйынудан кейінгі екінші орында тұр. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі. Сондықтан біздің дінімізде де, ділімізде де, дәстүрімізде де «ата-ана» ұғымы қастерлі де қасиетті.

Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің балаға үйретері көп. Ол өзінің болашағына алаңдап ойланып толғанады. Ол болашақта баласының жақсы болуын қалайды. Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. Бала қашан болмасын әкені ардақтауы керек. «Әке - асқар тау» деп бекер айтылмаған. Әркім өз әкесін әрқашан өзінен жоғары ұстауы керек. Әкені ардақтау - әркімнің міндеті, себебі әке бұл өмірде өте қымбат адамдардың бірі болып табылады. «Әке көрген оқ жонар», бұл да әкеге байланысты айтылған ардақты сөз. Әкенің бойынан күш-жігерді, батырлықты, батылдықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады. Байқасақ, әкенің де түр-түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да батыл, қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады. Барлық адамдар әкені құрметтеуі, қастерлеуі, аялауы, оны өзінен жоғары ұстауы керек. Қазақы мұсылман отбасында ата-ана шаңырақтың шамшырағы, әрқайсысы өзіндік шоқтығы биік тұғырымен отбасының ұйытқысы. Асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрімен сабақтастыра білген момын халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған.

Аналарымызды сол шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы іспетті құрметтеп қастерлеген. Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған осы бір құнды нығметінің қадірін жете түсінген халқымыз: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас»,- деп түйіндеген. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,-деп түсіндіреді. Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса». «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер» деген ұлағатты сөз бар.

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?», - деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Анаң», - деді. Әлгі кісі: «Сосын кім?», - деді. «Анаң»,  -деді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). «Сосын кім?», - деп сұрады әлгі кісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да: «Анаң»,-деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?», - деді қайта сұрақ қойған кісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) содан кейін барып: «Әкең», - деді» (Бұхари риуаят еткен). Осы хадистен жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан – ана екенін түсінеміз. Бала ананы әкеден де артық сыйлауға тиіс. Әкеден гөрі ананың хақысы биік. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда үш есе жоғары. Неге? Өйткені, ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. Біріншіден - нәзік жанды ана сізді жатырында, өзінің ішінде ауырып, қиналып тоғыз ай бойы көтеріп жүрді. Екіншіден - босануға байланысты болатын бүкіл азапты татып, зорықты. Үшіншіден - түнімен, күнімен көз шырынынан айырылып, сізді емізді.

Өкінішке орай қазіргі уақытта ата-анасын сыйламау, сөзіне құлақ аспау, қарсы шығу, дөрекі сөйлеу, қол көтеру, әйелі мен бала-шағасының ақысын олардың ақысынан жоғары қою, қарттар үйіне өткізу сынды иісі мұсылман баласына теріс те жат оқиғалар орын алуда. Бұл қасіретті індет – дінімізде үлкен күнәларға жатады. Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген нақыл сөздер бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ата-анамызды ренжітіп, Алланың қаһарына ұшырап қалмай, олардың ақ батасын алып, Алланың разылығына ие болуға асығайық, қадірлі ағайын!

Ақжігітов Бекзат Қалибанұлы,

«Нұр-Астана» мешіті бас имамның

бірінші орынбасары

Бөлісу: