18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

«Ыдыс-аяқ сылдырламайтын» үй бола ма?

«Ыдыс-аяқ сылдырламайтын» үй бола ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бақытты жанұя – төрт құбыласы түгел үй деген сөз емес. Ерлі-зайыптылар отбасылары үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысса да, түсініспеушілік, тіршілік тауқыметі аясында ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Ендеше, бақытты үй болуыдң сыры неде? Ол ашуын тізгіндей алатын, әртүрлі мәселелерде ақылдасып, ортақ шешім қабылдайтын шаңырақ астында сақтаулы болса керек.

 

Құранда да айтылғандай: «Егер қандай да бір әйел күйеуінің өзіне салқын қарап, жұбайлық міндеттерін лайықты түрде орындамауынан немесе өзінен сырт айналып кетуінен қорықса, онда бір амалын тауып, екеуі өзара келісімге келу арқылы жарасатын болса, (яғни, әйелі күйеуінің көңілін табу мақсатында алған мәһірінен яки өзіне тиесілі басқа да дүниеден күйеуіне тартутаралғы берсе немесе басқа да жақсылықтар жасаса, мұны істеген әйел де, әйелінің бергенін алған ер адам да) екеуі де күнә арқаламайды. Өзара келісімге келіп жарасу, әлбетте, қайырлы іс. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» («Ниса» сүресі, 128-аят).

Мінсіз отбасы жоқ. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шаңырағында да қызғаныш, реніш, түсініспеушіліктер болған. Бірақ ешқашан ұрыс-керіске ұласпады. Өйткені Расулалланың үйінде әрдайым сабырлық, тақуалық, кешірім үстемдік құрды. Осының дәлелі ретінде Алла елшісі (с.ғ.с) мен Айша анамыздың ерлі-зайыптылық өмірінен бірқатар сыр шертпекпіз.

Бірде Пайғамбарымыз үйге бір тұтқынды алып келіп, оны Айша анамызға «көз қырыңды сала отыр» деп тапсырып кетуге мәжбүр болды.  Айша анамыз бұл кезде бөлмесінде бірнеше әйелмен сөйлесіп отырған еді. Әңгімеге берілген олар тұтқын туралы ұмытып кетті. Әрине, бұл мүмкіндікті қалт жіберсін бе? Тұтқын қашып құтылады.   Біраздан кейін Алла елшісі (с.ғ.с) де келеді. Қараса, тұтқын жоқ! Қатты ашуланып: -Айша, тұтқын қайда? – деп сұрайды. Анамыз сасқалақтап: -Әйелдермен әңгімеге беріліп кетіппін... – дейді күмілжіп. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): -Қап, сені ме? Әй, қолың сынғыр! – деп сыртқа шығып кетеді. Алла елшісінің (с.ғ.с) мұнша ашулануының себебі – жау жағадан алып тұрған уақытта тұтқынға адам алудың маңызы зор еді. Расулалла тұтқынның қашып кеткенін хабарлайды. Қашқын табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйіне қайта келеді. Сөйтсе, Айша анамыз «қолың сынғыр» дегенге қолына бір нәрсе бола ма деген қорқынышпен екі қолын көтерген бойы ары-бері айналдырып көз алмай қарап тұр екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түсінбей: -Тыныштық па? Не болды? Әлде дәрет алуың керек пе? – дейді. Анамыз назданып: - Мені қарғадыңыз ғой, қайсы қолым түсіп қалар екен деп қарап тұрмын, - дейді. Айша анамыз Алла елшісінің (с.ғ.с) теріс батасынан қатты қорыққан еді. Расулалла осы кезде: - Раббым! Мен де пендемін, кейде ашуланамын. Осы кезге дейін кімге теріс бата айтқан болсам, мұны оларды рухани кірлерден арылтатын тазалыққа себепші ет! – деп дұға жасайды. Бұл жағдайдың орын алуы да көпшілікке ғибрат болары анық. Өзінің қатесін білсе де, күйеуінен қарғыс естіген кезде қарсы жауап айтпай, Айша анамыздай үндемей қалып, күйеуінің көңілін қалдырғаны үшін жабырқайтын әйел қазіргі күні кем де кем шығар. Әйеліне артық ауыр сөз айтқаны үшін пендешілігін мойындап, Алладан кешірім тілейтін ер азаматтар ше? Ойланарлық жайт...

«Шаңырақ шайқалмасын» кітабынан

Бөлісу: