19
Жұма,
Сәуір

һижри

«Қызға сөз салу» туралы аяттың тәпсірі

«Қызға сөз салу» туралы аяттың тәпсірі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала: «Иддат мерзімін күтіп отырған әйелдерді алуды ойласаңдар, ойларыңды иддат мерзімі ішінде оларға тұспалдап қана білдірсеңдер немесе оларға сездірмей іштеріңде сақтасаңдар күнә арқаламайсыңдар. Алла олар жайлы не ойлайтындарыңды біледі. Ендеше, ниеттеріңді күнәға жатпайтын, жақсы сөзбен тұспалдап қана білдіргеннен басқа (күту мерзімінде) олармен (үйлену жайында) жасырын түрде уәделеспеңдер және иддат мерзімі толмай тұрып некелесуші болмаңдар...» («Бақара» сүресі, 235-аят) деген.

Аятта зікір етілген «Хитба» сөзі қызға некелесу мақсатында сөз айтуды білдіреді. Ер азамат қалыңдық ретінде таңдаған қызға «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деген сөзі «Ижәб» делініп, қыздың оған «Иә, шығамын» деген сөзі «Қабул» болады. Некенің рукуны саналатын екі жақты бұл келісім іске асқан жағдайда, «Хитба» (қызға сөз салу) ісі өз мәресіне жеткен болып табылады. Сондай-ақ, Ислам шариғатында бір әйелді некесіне алу мақсатында сөз салудың үш түрі бар. Олар:

Біріншісі: Некелесу үшін басы бос қызға немесе күйеуі жоқ әйелге «ашық және тұспалдап» сөз айтуға болады. Жігіт болашақ жары еткісі келген қызға көңілін білдіру үшін алдымен оны көргені дұрыс. Кездесуде жігіт қыздың жүзіне, қос алақанына және бойына қарауына болады. Бұл ағзалар жалпы әйелдің тұла бітімінің әдемі яки әдемі еместігін көрсете алатындықтан, осы ағзаларына қарау жеткілікті. Сондай-ақ, қыз бен жігіттің бір-бірлерін ұнатуы өте маңызды. Әл-Муғира деген сахаба бір әйелді айттырғысы келгенін айтқанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Оны көр! Көру – араларыңды нықтай түседі» деген. Сонымен қатар, кездесу кезінде әр екеуі өмірлеріндегі ең маңызды деп білген ойларын, отбасы және жеке бастарына қатысты мақсаттарын ашық айтып, ортақ бір шешімге келіп алғандары жөн. Мысалы: жігіт «Мен əке-шешемді бағуым керек» десе, қыздың «Мен оқуымды тағы жалғастырғым келеді» деген сияқы немесе әр екеуінің бойында қандайда бір қайталанба аурулары болса жасырмай айтулары керек. Мұндай мәселелер үйленбей тұрып өз шешімін тауып, әр екеуі көңілден дайын болмаса кейін өзара түсініспеушілікке, тіпті, соңы ажырасып тынуға апаруы мүмкін. Сондықтан, қыз бен жігіт үйленбей тұрып кең ойланып, нақты бір шешімге келіп алулары бақытты ғұмыр кешулерінің бастауы болып табылады.

 Көп жағдайда жастар үйленуден бұрын бір-бірін тануды, яғни, жігіт қыздың, қыз да жігіттің мінезін, ішкі сырын танып білу мақсатында бірнеше кездесулер өткізгісі келеді. Егер бұл кездесулерде шариғат тыйым салған қыз бен жігіттің қол ұстасулары, құшақтасулары және оңаша қалулары (яғни, жыныстық қатынас жасау мүмкіндігі болған оңаша қалу) сынды әрекеттер жасалмаса оқасы жоқ. Әрі қыз бала кездесуге әпке-жеңгейлері сияқты біреуді ертіп келгені дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа» деген. Сондай-ақ, қыз бен жігіттің жеке қалуы зинаға апаратын себептерге жатады. Зина – тектілікті жоғалтып, түрлі психологиялық ауруларға душар ететін фактор әрі ауыр күнә болып табылады. Сол себепті, қасиетті Құранда: «Зинаға жақындамаңдар...» («Исра» сүресі, 32-ая) деп, зина жол ашатын мұндай істерден тыйған.  

Екіншісі: Шариғатта құда түсіп қойған қызға немесе біреудің некесінде болған әйелге сөз айту харам. Бұл туралы Алла елшісі (с.а.с.): «Сендердің біреулерің бауырының (біреумен саудаласып жатқан) саудасын бұзбасын және бауыры (некеге алу үшін) сөз айтқан әйелге сөз салмасын. Ал, бауыры рұқсат етсе, оның жөні бөлек» деп, біреу уәделесіп қойған қызға сөз айтуға тыйым салған.

Үшіншісі: Аталмыш аятта күйеуі қайтыс болып, ғиддәт мерзімін күтіп отырған әйелге некелесу мақсатында бір еркектің тұспалдап «Әдемі болып кетіпсің, көрікті екенсің» деген сынды сөз айту арқылы ойын білдіруін дұрыс десе, ал, «Саған ғашық болып қалдым, маған әйелдікке шықшы» деген сынды сөздермен некелесу ойын ашық білдіруден тыйған. Себебі, әлі бұрынғы күйеуінің ғиддәт мерзімінен шықпай (бойында бала бар, жоғын анықталмаған) тұрып екінші бір еркекпен сөз байласауы, жақындық қатынасқа түсу сынды әрекетке апаруы мүмкін. Нәтижеде, әйелдің бойына біткен баланың әкесі нақты кім болғаны жайлы күмән туындайды. Яғни, әйел бірінші күйеуінің ғиддәтынан әлі тазармағандықтан, баланы сол күйеуінен көтерген болуы немесе екінші күйеуінен көтерген болуы мүмкін. Мұндай екі ұшты істің соңы берекенің бұзылып, ұрыс-керіске ұластырады. Әйелдің туған баласын екінші күйеуі өз баласы ретінде қабылдамауы немесе баласы есейген шағында жаңағы еркекті әкесі ретінде мойындамауы және т.б. түсініспеушілік істер келіп шығады. Міне, осындай түрлі келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Ислам шариғаты ғиддәт мерзімінен шықпаған әйелге ашық түрде сөз салудан қайтарған. Күйеуі бәйін талақ берген (қайта жарасу мүмкін болмаған) әйелдің де үкімі тура осындай.

Жеңгетайлық жар табудың бір жолы!

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмметтерге мақтанамын» деген сөздерін жер бетінде Алла Тағалаға құлшылық жасайтын үмметінің көп болуын қалауы деп ұққан жөн. Яғни, отбасы болудағы мақсат – Хақ дінмен өмір сүру, пайғамбар (с.а.с) сүннетін өмірдің үрдісіне айналдыру және жер бетінде бейбіт қоғам қалыптастырып, жаратылысқа бақыт сыйлау.

Үй болудың кейбір себептерін өткенімізден іздер болсақ, Алла елшісінің (с.а.с) алғашқы жұбайы Хадижамен (р.а) үйлену ісі еске келеді. Үйлену жәйін алғашқы болып қозғаған Хадижа (р.) анамыз еді. Иә, жәһилия кезеңінің өзінде арлы әйел мағынасындағы “Таһира” лақабына ие болған Хадижаның ұсынысын араға жеңгетайлық жасаған досы Муниа қызы Нәфиса хазіреті Мұхаммедке (с.а.с) жеткізеді. Өзіне адал жар таңдауда батылдық көрсеткен Хадижа (р.а) анамыз өмірдегі орнын мүміндердің анасы қатарынан алған еді.

Қазақ дәстүрінде ата-ананың балаларын кішкентай кезінен атастырып қоюы, жеңгейлердің балдыздарын иманды азаматтарға кездестіруі сынды жоралғылардың қазіргі күнде де берері мол екенін қыз баланың ата-анасы, аға-жеңгесі болған туыстары, тіпті, қыз баланың өзі де ескерген жөн. Яғни, әрбір істің себебін істеу мұсылмандық міндет болып табылады. Бүгінгі таңда отырып қалған қыз балалардың көбеюі де аталмыш дәстүрімізге тиісінше мән берілмей жатудан да болса керек. Алайда, біреудің маңдайына бойдақ өту жазылған болса, оған ешкімнің шарасы жоқ. Мұндай кездерде бойдақ ер азаматтар да, күйеуге шықпай қалған қарындастарымыз да өмірінен нылып, алға қойған ұлы мақсатынан қол үзіп қалмауы тиіс.

Кейбір жастар Хақ діннің жанашыры болу мақсатында бойындағы қажыр-қайратын ғылым жолында, имандылық бағытта тауысып жүріп үйлене алмай қалса, олардың бұл ерен еңбектерін отбасы құрып, иманды бала тәрбиелеп өсірген бір отбасының игілікті ісінен бөле қарауға келмейді. Өйткені, әр екі түрлі өмір сүрудегі мақсат Ұлы Жаратушының разылы жолында болғандықтан, ешкім ешнәрсе жоғалтқан жоқ. Бұл үйленудің қажеті жоқ дегеніміз емес. Яғни, бойдақтық өмір болсын, отбасылық өмір болсын адамның басты мұраты Алла разылығы болу керек демекпіз.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: