Ханафи мəзһабы бойынша қыздың теңі болу үшін жігіттің бойынан мына қасиеттер талап етіледі:
1. Діндарлық: діннің негіздеріне немқұрайлы қарайтын, мінезі ұр да жық, күнəға бейім жігіт дініне берік, ар-намысын көзінің қарашығындай сақтайтын салиқалы қыздың теңі емес.
2. Ислам: Бұл жердегі негізгі мəселе күйеу жігіттің мұсылмандығына байланысты емес, күйеу жігіттің əкесі мен атасының мұсылман болу болмауына қатысты туындайды. Себебі күйеу жігіттің мұсылман болуы некенің шартына жатады. Егер күйеу жігіт мұсылман болмаса, онда дініміз бойынша мұсылман қыз онымен тұрмыс құра алмайды. Бұл – некенің шарты. Ал қыздың теңін іздеуде Ислам мəселесі қыздың баратын жерінде атеист немесе басқа діндегі кісілердің болмауын талап етеді. Себебі мұндай отбасы мұсылман отбасынан шыққан қыздың теңі емес.
3. Бас бостандық: Көпшіліктің пікірі бойынша, бас бостандығы жоқ құл ерікті қыздың теңі бола алмайды.
4. Тегі: Бұл жерде мəзһаб ғалымдары араб қызының басқа ұлтқа берілмейтінін айтқан. Еліміздегі қожалардың тек қана қожадан қыз алуы немесе қыздарын тек қана қожаға беруі осыдан келіп шығады. Бірақ сахабалар мен алғашқы мұсылмандардың кезеңінде басқа ұлттарға қыз беру оқиғалары орын алған. Сондықтан бұл төртінші мəселені көпшіліктің бəрі бірдей қолдамаған десек те болады.
5. Тұрмыс жағдайы: Ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушіліктер болмауы үшін ғалымдар бұны да маңызды санаттардың қатарына қосады. Себебі отағасының қалыңдықты асырай алатындай дүниесінің болғанын құп көрген. Шын мəнінде егер қалыңдық бақуатты жердің қызы болып, күйеуі түгі жоқ кедей болса, онда əйелі күйеуін менсінбеуі мүмкін. Бұл жағдайда отбасының басқарылуы қиындап, келіспеушіліктер туындайды. Бірақ тақуа қыз бен ер жігіт үшін бұл аса үлкен мəселе емес. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) кедей кезінде ауқатты əйел Хадиша анамызға үйленген. Пайғамбарымыздың парасаттылығы мен Хадиша анамыздың салиқалылығының арқасында олар өмірдегі ең бақытты жұпқа айналған.
6. Мамандық: Белгілі бір мамандық иелену де кісінің рухани өрістеуіне сеп болады. Ғалымдардың пікірінше, күйеу жігіттің мамандығы қалыңдықтың мамандығынан жоғары тұрып, отбасын асырауды өз мойнымен көтере алса, қызды ұзатуға лайық болғаны.
Сонымен қатар күйеу жігіттің білімі қалыңдықтың парасат-пайымынан жоғары тұрғаны өте құптарлық жайт. Сонда отағасының сөзі де өтімді болмақ. Білім мəселесі əрі діни жағынан, əрі жалпы мəдениет жағынан да қарастырылғаны абзал.
материал “Исламдағы жанұя” кітабынан алынды,
ummet.kz