Қоғамда келіннің ата-енесімен сыйласа алмауы – жиі орын алатын мәселе. Келіндердің көбі ата-енесімен тұрғысы келмейді немесе ата-енесінің мінезіне сабыр ете алмайды.
Кейбір келіндер барған жеріне «тастай батып, судай сіңемін, ата-енеме өз қызындай боламын» деп емес, «сол әулеттің бар билігін қолыма аламын» деген түсінікпен барады. Мұндай келіндердің мақсаты – күйеуі мен енесін өзіне бағындыру. Дегеніне көнбесе, «не мен, не анаң» – деумен күйеуін екі ортада қалдырады. Бұл – үлкен қателік. Бұл – ажырасудың басы. Мұндай келіндер мынаны білгені жөн: есі дұрыс еркек ешқашан әйелін анасынан артық қоймайды. Сол себепті еш уақытта күйеуіңізді екі ортада қалдырмаңыз!
Айша анамыз Алла елшісінен (с.а.у.):
– Әйелдің мойнында ең алдымен кімнің ақысы тұрады? – деп сұрайды. Алла елшісі:
– Күйеуінің ақысы, – деп жауап береді. Айша анамыз:
– Ал ер кісіде ең әуелі кімнің ақысы бар? – деп сұрағанда, – Анасының, – деп жауап береді.
Анасы күйеуіңіздің жәннаты екенін, ал сіздің жәннатыңыз күйеуіңіз екенін ұмытпаңыз. Мына сөздерді айтқан әйелді Алла мейіріміне бөлесін: «Отағасы! Сізден, ризық-несібемізді тек адалынан табуыңызды сұраймын! Ата-анаңызға жақсылық жасап, Алла разылығы үшін оларға қызмет көрсетіңіз, мен де жәрдемшіңіз болайын. Себебі олар – сіздің жәннатыңыз! Сіздің мен үшін жәннаттан құр қалғаныңызды қаламаймын!»
Ендеше, сіз де күйеуіңізге анасының разылығын табуына көмектесіңіз, сонда күйеуіңіз бен енеңіздің де көңілінен шығасыз.
Бір әулетке келін болып барған әйел, ең бастысы, ері мен енесінің көңілін таба білсе, күйеуі мен енесі өздері-ақ басқа ағайын-туыс алдында келініне шаң жұқтырмай үнемі қорғаштап отырады.
Есте сақтаңыз:
– Келіннің ата-енесімен сыйыса алмауы – ажырасуға алып баратын себептің бірі. Сіз бұған жол бермеңіз. Отбасыңыздың бақыты сіз үшін бәрінен жоғары тұруы тиіс.
– Басқа үйдің босағасын аттамай тұрып бөтен үйдің қызы болуға, қандай қиындық болса да сабыр етіп, сол әулетке сіңісіп кетуге өзіңізді іштей дайындаңыз.
– «Күйеуіңіз – жәннатыңыз» екенін естен шығармағаныңыз жөн. Күйеуіңіздің анасын, яғни өзіңіздің енеңізді ренжіту арқылы күйеуіңізді де ренжітіп алуыңыз мүмкін. Ал сіз үшін бұл жағдай сенім тұрғысынан алғанда тиімсіз, себебі Алла елшісі бір хадисінде: «Күйеуі өзінен разы болған күйде қайтыс болған әйел жәннатқа кіреді» деген. Жәннат иелерінен болғыңыз келсе, күйеуіңіздің разылығын алуға талпыныңыз.
материал “Ең бақытты әйел” кітабынан алынды,
ummet.kz