23
Сенбі,
Қараша

һижри

Балаларыңыздың алдында күйеуіңіздің қадірі артсын

Балаларыңыздың алдында күйеуіңіздің қадірі артсын

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, кейде қасымыздағы адамның қадірін жете түсіне алмай жататынымыз бар. Ал айырылып қалған күні сан соғып, бармақ тістейміз келіп. Бірақ бәрі кеш!

Ендеше, сіз де күйеуіңіздің қадірін ұмыта бастасаңыз: Күйеуіңіз қайтыс болып одан айырылып қалған күні өзіңіз жесір, балаңыз жетім қалатынын ұмытпаңыз. Сол себепті көзі тірісінде күйеуіңіздің қадірін біліңіз. Бұл ауыр болса да ащы шындық.

Отбасылық өмірде әкенің қадірі болмаса, жанұя мүшелерінің әрқайсысы өз бетінше өмір сүреді. Нақтырақ айтар болсақ, әркім білгенін істейді. Ондай шаңырақта әкенің «әке» деген аты болғанмен, сөзінің, ісінің ешбір салмағы жоқ. Не әйеліне, не ұл-қызына сөзі өтпейді. Сөзі өтпегендіктен, ұл-қызын тыйғысы келген нәрседен тыя алмайды. «Қызым, мына қылығың не сұмдық, мұндайды енді қайтып көрмейтін болайын» – десе, «Қойшы, әке, өзім білем» деген жауап алады. Әкелік қадірі болмағандықтан, одан әріге бара алмайды, үнсіз іштей тынады. Осы мәселені қыздың шешесі, яғни әйеліне барып айтса, ол да: «Балалардың ісіне араласпай тыныш отыр, өзім қадағалап жүрмін» – дейді. Қоғамда мұндай отбасыларды жиі кездестіресіз. Мұндай отбасыда әкенің рөлі ақша табумен шектеліп, отбасындағы басқа да істерге (бала тәрбиесі, үйдегі рухани жағдай т.б.) араласуға құқығы жоқ секілді. Бұл әрине отбасындағы үлкен олқылық. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әкенің балаға қалдырған ең үлкен мұрасы – дұрыс тәрбие» – дейді. Әкенің отбасындағы рөлі ақша табумен ғана шектелмейді, отбасылық тәрбие әкенің де, шешенің де еншісінде.

Әкенің бала алдында құрметке ие болуында шешенің атқаратын рөлі орасан зор. Сіз сондай аналардан болыңыз. Ұл-қызыңыз бір нәрсе сұраса, «әуелі отағасымен ақылдасайық» немесе «бұл мәселені әкең жақсы біледі, әкелеріңнен барып сұраңдар» – деп, бала алдында әкенің қадірін арттырып отырыңыз. Ұмытпаңыз, отағасының қас-қабағына қарайтын шаңырақта тәртіп болады. Ал тәртіпке бағынған адам ешқашан Алладан өзгеге құл болмайды.

материал «Ең бақытты әйел» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: