Жан сұлулығы тән сұлулығындай бірден көрінбейді.
Аристотель
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат.
Абай Құнанбайұлы
Адам баласының рухани сұлулығы немесе рухани құндылығы сыртқы көзге тез көрінетін дене сұлулығындай бірден көріне бермейді.
Кез келген үйленетін жастардан сұрасаңыз барлығының айтары үйленетін адамда маңызды болғаны тән немесе түр сұлулығы емес, жанның сұлулығы деп оңай сөйлегенімен, нақты таңдау жасау мәселесі мен шешім қабылдауға келгенде бәрі де жан сұлулығынан гөрі тән сұлулығына баса мән береді. Статистикаға сүйенсек, жігіттердің 90%-ы қыз таңдағанда сұлулығына мән беретіні анықталған. Тура сондай қыздар да еркектердің әлдеқайда «тартымды, сымбатты, денелі» болғанын қалайды. Демек, бұл – адам жаратылысының табиғи қажеттілігі. Адам баласы кез келген нәрсенің жақсысын, әдемісін қалауы – оның жаратылысына жазылған заң. Сондықтан үйленетін жастар қателессе де басында тән сұлулығына баса мән беретіні шындық.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) жар таңдауда қажетті 4 нәрсенің (малы, тегі, сұлулығы, иманы) екеуі тән және екеуі жан сұлулығының ортасында адам баласы үшін таңдау жасалғанда, әрине, Алла Елшісі басымдықты жан сұлулығына береді.
Алайда саудагердің жақсы тауарларын көрінетін жерге қойып, сатып алушыларды өзіне шақырғаны секілді Алла тағала да адам баласының бір-біріне деген махаббаты мен сүйіспеншілігін оятып, бір-бірін таңдасын, ұнатсын деп оларға берген тән сұлулығы
сыйлық ретінде қаралады. Дегенмен тән сұлулығы үнемі, яғни, өмірінің соңына дейін солай болып жалғасуы мүмкін емес. Адам баласы бір-бірімен тілдесіп, танысқаннан кейін, араласқаннан кейін былайғы жерде қарым-қатынаста басты рөлде адамның сыртқы тән сұлулығы емес, қайта жан сұлулығы басты рөлге шығады. Мысалы, адамның адамға деген сыйластығы, құрметі, кішіпейілдігі, кең пейілдігі мен ізгілігі, ұяты мен арлылығы т.б. барлық жан қалаулары – тек қана адам баласының жан сұлулығынан туындайтын құбылыстар, бұндай қарым-қатынас жасау үшін денелі болу, сымбатты болу, сұлу болу аса қажетті емес. Қарсы жақтан біз құрмет пен махаббатты қаласақ, ол адамның тәні қанша сұлу болғанымен жаны сұлу болмаса, уақыт өтіп, жауапкершілігі көбейген сайын бұның бәрі бос әурешілік болып саналады.
Сондықтан жоғарыда айтқанымыздай, жас кез үшін уақытша берілген албыраған ақша жүз, жазық маңдай мен қынама бел, алма мойын, қиғаш қасы т.б. тән сұлулықтары өскен баланың қызығы қашып, сүйкімі кеткені сияқты, адам жасы ұлғайған сайын тән сұлулығы да кетіп, орнына керісінше, өмір бойы керек, жан сұлулығының қозғаушы күші саналатын динамигі Ақыл толып жетіледі.
Алайда Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Тәннің құмары болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайтынын» да ескеруіміз керек. Ол туралы гректің жазушысы Еврипид: «Адам жан сұлулығына қарау керек, адам денесінде әдемі бір жан иесі болмаса не үшін керек?» – дейді. Демек, тән сұлулығы адамның көзінің қалауын қанағаттандырса, жан сұлулығы адамның ішкі жан дүниесінің қалауын қанағаттандырады.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz