23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ата-анаға құрмет – Пайғамбарға тән мінез

Ата-анаға құрмет – Пайғамбарға тән мінез

Исламдағы отбасы
Жарнама

Пайғамбарлар жер бетінде Алла тағаланың мұратына қарай өмір сүреді. Олардың сөйлеуі, күлуі, демалуы, күнделікті тіршілігі мен әлеуметтік қарым-қатынастары бейне-бір Алланың рұқсатымен жасалып жатқан іс-әрекеттер секілді. Олар тікелей Алла тағаланың ұлық тәрбиесімен өскен үлгілі адамдар. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде осыны меңзеп: «Мені Раббым өзі тәрбиеледі, тәрбие болғанда да ең керемет үлгіде», – дейді. Пайғамбарлар іс-әрекеттері мен көзқарастары арқылы бізге жол көрсетеді. Біз оларға қаншалықты ұқсасақ иләһи ахлақты соншалықты бойымызға сіңірген боламыз.

Құран кәрімде баяндалғандай әзірет Иса пайғамбардың (а.с.) анасына құрмет көрсету мәселесінде Алладан әмір алғанын және осы қасиетімен адамдарға үлгі болғанын көреміз. Ол Алла тағаланың бұл жақсылығын былай тілге тиек етеді: «Қайда жүрсем де (Алла) мені құтты, мүбәрәк етті. Өмірімнің соңына дейін маған намаз оқуды, зекет беруді парыз қылды. Анама мейірімді, қайырлы перзент етіп, ешуақытта дөрекілік пен бейбақтыққа ұрындырмады» («Мәриям» сүресі, 31-32-аяттар).

Олай болса ата-анаға құрмет – әу бастан пайғамбарларға тән қасиет. Алла тағала пайғамбарлардың ата-аналарына көрсеткен құрметтерін Құранда баяндап, олардың осы әрекеттерін бізге үлгі ретінде ұсынады.

Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әкесі өзі әлі дүниеге келмей тұрғанда, ал анасы алты жасқа толған кезінде өмірден озған-ды. Сондықтан Пайғамбарымыздың көзі тірісінде ата-анасына көрсеткен құрметі жайлы дерек кездеспейді. Алайда Пайғамбарымыз өзінің сүт анасы әзірет Халимаға барынша құрмет көрсеткен. Бір күні Халиманың келгенін көріп, орнынан тұрып, өзінің шапанын оның астына төсеніш ретінде төсейді. Ол кезде тіпті Халиманың мұсылман болып-болмағандығы да беймәлім еді. Соған қарамастан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүт анасына деген құрметін осылайша білдіреді. Оған деген құрметінің белгісі ретінде «сахаба мазары» саналатын Мәдинадағы Бақи мазарлығынан оған да орын алғызады.

Құранда Сүлеймен пайғамбардың (а.с.) ата-анасы үшін: «Уа, Раббым! Мені үнемі маған және ата-анама берген нығметтерің үшін шүкіршілік ететін құлдарыңнан ете гөр» деп дұға еткендігі баяндалады. Осылайша ол Алла тағаланың ата-анасына берген жақсылықтарын ұмытпай, ата-анасының атынан шүкіршілік білдіруді өзіне борыш санайды.

«Мәриям» сүресінің 41-48 аяттарында баяндалғандай Ибраһим пайғамбар әкесі Азәрді тәухидке, бір Аллаға иман етуге шақырады, бірақ әкесі оның сөзін тыңдамайды. Сонда Аллаға сенбейтін әкесімен әңгімелесу барысында Ибраһим пайғамбардың қалай әрекет еткені Құранда былайша баяндалады:

«Бір күні ол әкесіне былай деді: «Әкешім! Неліктен сараң, көр, саған ешқандай пайдасы жоқ нәрсеге табынасың? Әкешім! Ақиқатында сен бұрын-соңды естіп-білмеген бір ілім маған берілді. Олай болса, менің айтқандарыма құлақ сал, сені тура жолға бастайын. Әкешім! Шайтанға құлдық ете көрме. Себебі шайтан өте мейірімді Аллаға қарсы келді. Әкешім! Алланың азабы басыңа келіп, шайтанның жетегінде кетесің бе деп қорқамын».

Ибраһим пайғамбар (а.с.) мәңгілік бақыт пен мәңгілік өкініш секілді екі жолдың торабында тұрған әкесі үшін шыр-пыр болып, оны бақыт жағына қарай тартуға тырысады. Жоғарыдағы аятта ол төрт мәрте «Әкешім» деген сөзді қолданады. Әкесі оның сөзін тыңдамайтынына көзі жеткен кезде: «Аман-сау бол. Раббымнан сен үшін кешірім сұраймын. Раббым маған жақсылығын нәсіп етеді», – дейді. Ибраһим пайғамбар осындай қиын кезеңнің өзінде әкесінің жүрегін жараламауға ерекше мән береді.

Міне, Құранда баяндалғандай және Ардақты Пайғамбарымыздың өмірінен көргеніміздей ата-ананы құрметтеу пайғамбарларға тән мінез болған. Олар Алланың жер бетіндегі елшілері бола тұра, ата-аналарын құрметтеуді естерінен бір сәт те шығармаған. Ұлы Жаратушы Иенің оларға берген тәрбиесі осындай мінсіз иләһи тәрбие болатын-ды. Алла тағала Құранда өзінің сүйікті құлдарының осы ізгі істерін бізге үлгі-өнеге ретінде ұсынады.

материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: