22
Жұма,
Қараша

һижри

Жүктіліктен сақтануға қатысты үкімдер

Жүктіліктен сақтануға қатысты үкімдер

Исламдағы отбасы
Жарнама

Шариғаттың осы мәселеге қатысты үкімдерін баяндаудан бұрын, негізінде, перзентті болу, ерлі-зайыптыларға міндеттелген парыз емес екенiн айтып өткен жөн.

Ендеше, перзентті болмай жүргендердiң дәрiгерге жүгiнуi міндеттi емес. Ерлі-зайыптылар перзенттi болуды қаламаса, күнәкар болмайды. Өйткенi перзентті болу парыз болғанда, Алла Тағала ешкімді бедеу етпес еді.
Қасиеттi Құранда: «...Кімге қаласа (яғни қалаған пендесіне) қыздар, кімге қаласа (қалағанына) ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді...», – делiнген.

Бұл бедеу адаммен тұрмыс құрғанның айыбы жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, Ибраһим мен Зәкарияның әйелдері бедеу болатын. Алла Тағала Ибраһимге бедеу әйелінен ұлы Исхақты берді, ал Зәкарияға бедеу әйелінен ұлы Яхияны сыйлаған және пенделерін перзентті болуға қызықтырып, үндеген. Демек, перзентті болу парыз болмағандықтан, жүктіліктен сақтануға болады. Бiрақ бұл iстің денсаулыққа зияны келмеуі керек.

Ал үкiмдерi мынадай:

1) Әйел адамға жүктіліктен сақтайтын дәрiлердi iшуiне рұқсат етiлген. Бірақ күйеуінің ризалығымен iшу керек. Риза болмаса, iшуге болмайды.

2) Қынапқа қоятын қалталарды әйелге тек күйеуiнiң келісiмiмен қолдануына рұқсат етiлген.

3) Күйеуінің рұқсатымен дәрігерге барып, спираль қойдыруына болады.

4) Амалсыз жағдайдан өзге кезде күйеуі рұқсат берсе де, әйелге жатырға жалғасқан түтікті байлату харам. Бұл әдіске шарасыздық жағдайында ғана рұқсат етіледі. Мысалы, бірнеше рет ішін жарғызу арқылы босанып, соның салдарынан денсаулығы бала табуға жарамсыз болып қалған жағдайда түтікті байлатуға рұқсат етіледі. Егер жүктілiк әйел өмiрiне қауіп төндiретін болса, онда түтікті байлату міндет болып табылады.
Ал күйеуі рұқсат берсе де, ешбір себепсiз жатыр жолын байлатып, жоспарлы түрде бедеулікке баруға рұқсат етілмейді.

5) Еркектің ұрығын сыртқа ағызуына, күйек кию арқылы сақтануына болады. Алайда әйелі келіспесе, еркектің бұл тәсілді қолдануға хақы жоқ. Себебi Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Біз Алла елшісінің (с.а.с.) кезiнде Құран түсіп тұрған уақытта (әйелдерімізден) сақтанатын едік», – деген.

Ал сақтану туралы сұралғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға тағдырды естеріне салып, Алланың қалағаны болатындығы және тағдырға жазылғанды ешкім өзгерте алмайтындығын ескерткен. Демек, Алла Тағаланың тағдырға жазғаны міндетті түрде болады. Ешкім тағдырды қайтара алмайды. Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Оны істегендерің үшін сендерге ештеңе болмайды. Өйткені пенденің белінде Алла Тағаланың жазып қойған қандай да бір перзенті болса, ол Қиямет күніне дейін шыға береді», – деді», –
деген.

Әл-Ғазали «әл-Ихия» атты кітабында мына себептерге байланысты сақтануға болатынын айтқан:

а) Әйелдi төсектен қалдырмау, көркем келбетiн сақтау және босану қиындығынан сақтану мақсатында.

ә) Баланың көптігінен қиналып, ризық табу жолында жаманм жолға түсіп кетуден сақтану үшін. Бұл да қайтарылған іс емес. Өйткені дүниеге мұқтаждықтың аз болуы дін ісіне басымырақ көңіл бөлуге көмектеседі. Асылында, Алла Тағалаға тәуекел етіп, Оның кепілдігіне толық сенген абзал. Алла Тағала: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға тән...», – деген. Пенденің Алла Тағаланың Өзі ғана ризық беруші екеніне иман келтiрiп, берген перзентiн көп көрмегені игi болар еді.

6) «Ұрық тамырын байлап қою» тәсілiне амалсыз жағдайдан өзге кезде рұқсат етiлмеген. «Перзент көргім келмейді» деген мақсатта бұлай жасауға болмайды. Бұл істі пішумен теңестіреді.

7) Еркектің өз-өзін пішуiне, амалсыз жағдайдан өзге кезде жыныс мүшесін кесіп тастауына рұқсат жоқ. Бұл Алла Тағаланың жаратқанын өзгерту және жанды қинап денсаулыққа зиян келтiру болып табылады. Бірақ сиыр, қой сияқты бордақыға байланған малдардың ет жинауы үшін оларды пішуге болады. Жалпы айтқанда, амалсыз жағдайдан өзге кездерде жүктіліктен сақтану тәсілдерін қолданбай, әрбір амалды өз күйінде қалдырған абзал.

8) Мемлекеттің жүргiзiп отырған демографиялық саясатына орай перзент көруден шектелу яки бедеу болу дұрыс емес. Әрбір ата-ананың перзентті болуына өз хақылары бар. Бұл олардың өздері ғана шешетін iстеріне жатады.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: