25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Бақытқа апаратын жол: Өзара кешірімділік

Бақытқа апаратын жол: Өзара кешірімділік

Исламдағы отбасы
Жарнама

Екі жақтың бірінен пайда болған қателіктердің кесірінен ерлі-зайыптылардың өмірі қайсымыз жеңер екенбіз деп тартысқан соғыс майданына айналып жатады. Осының нәтижесінде, олар бірте-бірте өзара түсінісу қасиетін жоғалтады.

Негізінде, ерлі-зайыптылардың шынайы махаббаты өзара жанашырлық сезімінде, бір-бірінің қателіктерін кешіруімен бейнеленеді. Белгілі бір жағдайлардың әсерінен адам орынсыз ашуланып қалуы және қате әрекет жасап қоюы мүмкін. Дегенмен, мұсылманның жан дүниесі Раббысымен байланыста болғандықтан, тәубасына келіп, қателіктерін жақсы істермен жууға тырысады. Алла Тағала айтқандай: «Расында, тақуалар өз бойларында шайтанның азғырып жатқандығын сезсе, Раббыларын еске алады да алдауға түсіп жатқандарын аңғара қояды» («Ағраф» сүресі: 201).

Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ассалам) да былай деген: «Бүкіл адам баласы қателік жасайды, алайда қателік жасағандардың ең жақсылары – тәубасына келетіндер».

Егер отбасы мүшелерінің біреуі ашуланған болса, айналасындағы адамдар оның ашуын одан әрі қоздырудан сақтанулары қажет. Мұндай жағдайда әркім Алла Тағалаға сиынып, жағдайдың тынышталуына үлес қосулары керек. Дәрет алып намазға тұра қалса, ашуының басылуы жеңілге соғады, пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) айтқандай: «Расында, ашу-шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған. От сумен ғана өшеді ғой, сондықтан кім ашуланса, дереу дәрет алсын».

Ашуын баса қоятындар жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Олар – шаттықта да қайғыда да қаражаттарын жұмсайтындар, ызаларын баса қойып, адам- дарды кешіре салатындар. Алла игілік қылушыларды жақсы көреді» («Әли Ғимран» сүресі: 134).

Екі жақтың бір-біріне кешірімді болғандары – қандай жақсы амал. Расында, қателік әр адам баласына тән қасиет емес пе?! Раббысының кешірімін тілеген әркім өзі де өзгелерге кешірімді болуы қажет. Алла Тағала айтады: «...Олар ғапу етсін және кешірімді болсын, әлде Алланың сендерді кешіруін ұнатпайсыңдар ма?» («Нұр» сүресі: 22).

Кешірімді болу адамның дәрежесін кемітпейді, керісінше «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей кешіре білу адамның қадірін көтереді. Пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) айтады: «...Құлдың кешірімді болғаны үшін, Алла Тағала оның айбындылығын арттырады. Кім Алла үшін сыпайылық білдірсе, Алла оның дәрежесін көтереді».

Қателіктерінің кесірінен ерлі-зайыптылар бір-біріне жасаған жақсылықтарын ұмытуларына болмайды. Бұл жайында Алланың елшісі (алайһи ас солату уа ассалам) былай дейді: «Мүмін ер мүмін әйелді жеккөруі мүмкін емес, егер оның бір қасиетін жақтырмай қалса, басқа қасиетіне риза болады».

Бір жақ ашуланған болса, екінші жақ оған сөз қайтарып, кінә таққанша, неліктен ашуланғанын білуге тырысуы қажет, өз қамын құрбан етіп, оныкін артығырақ ойласа нұр үстіне нұр болар еді. Алла Тағала айтады: «..және олар басқалардың мүдделерін өздерінен артық көреді, тіпті өздері мұқтаж бола тұра. Кім жан дүниесіндегі сараңдықтан құтылса, солар – табысқа жетушілер» («Хашр» сүресі: 9).

Ерлі-зайыптылар бір-біріне айна секілді, олар бір-бірінің айыптарын сезімдерін жараламайтын даналық жолдармен түзейді. Пайғамбарымыз осылай ететін, егер біреу қателік жасап қойған болса, оны ешкімге білдірместен: «Пәлен істі, түген істі істеп жүрген адамдардың жағдайы не болар екен?» - дейтін.

Айша анамыз пайғамбарымызбен (алайһи ас солату уа ассалам) қатты сөзге келіп, араларына билік айтуға Әбу Бәкір келеді, Алла Тағала оларға разы болсын. Алланың елшісі (алайһи ас солату уа ас салам) Айшаға: «Сен сөйлейсің бе, әлде мен сөйлейін бе?» - дейді, ол: «Сен сөйле және шындықтан басқаны айтушы болма» - дегені сол-ақ екен, Әбу Бәкір оны шапалақпен ұрып жібергенде аузы қанап кетеді. Әбу Бәкір оған: «Әй, өз жанына дұшпандық жасаушы, ол шындықтан басқаны айтушы ма еді?» - дейді. Айша пайғамбарымыздан (алайһи ассолату уа ассалам) көмек сұрап, арқа жағына тығылады. Сонда пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) Әбу Бәкірге: «Негізінде, біз сені бұл үшін шақырмаған едік, сондай-ақ сенен мұны қаламадық» - дейді.

материал «Бір насихат, мың бір ғибрат» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: