22
Жұма,
Қараша

һижри

Сақина қай қолға тағылады, көзі қандай болу керек?

Сақина қай қолға тағылады, көзі қандай болу керек?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жәй адамдарға сақина тағуға бола ма? Қай саусаққа тағады? Сақинаның көзі қандай болу керек?

1. Кейбір ғалымдар сақинаны тек билік иелеріне (мысалы, сұлтан, қазы, хатшы т.б. мөрге мұқтаж кісілер) рұқсат деп, өзгелерге тағуды мәкруһ санағанымен, көпшілік ғұламалар бойынша, өзге мұсылман ер кісілерге де сақина тағуға рұқсат.  

2. Ер кісілерге тек күміс жүзік тағуға болады. Алтын жүзік тағу харам (әйел кісілерге рұқсат). Одан бөлек, темір, мыс, бронза, қорғасын, шиша, тас сияқты материалдардан жасалған сақиналарды тағуға ер кісілерге де, әйел кісілерге де тыйым салынады.

3. Сақинаның өзі күміс болса, көзі жақұттан, алмаздан, бирюзадан т.б. тастардан болуының зияны жоқ. Әнәс ибн Мәликтен риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз эфиопиялық тас көзі бар күміс жүзігін оң қолына тағатын, әрі көзін алақанына қарай (ішке) қарататын»[1].  

4. Сақина ерлерге тән формада бір көзді болуы тиіс. Әйелдерге тән формада және екі не одан көп көзі бар жүзікті тағуға ерлерге тыйым салынады.

5. Сақинаның көзін төбеге емес, ішке қаратқан абзал. Пайғамбарымыз солай ететін (әйелдер төбеге қарата береді)[2].

6. Сақинадағы көздің көлеміне қатысты нақты мәлімет жоқ. Оның өлшемі әдет-ғұрыпқа қарай өзгереді. Абзалы - қатты ерекшеленбейтіндей, және де ысырапшылықты тудырмайтындай болғаны дұрыс.

7. Көз - сақинаға тән. Соған орай, сақина мен көзді бірге есептегенде бір мисқальдан аспағандығы жөн. Риуаяттарға қарағанда бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.) «Сақинаны қандай заттан тағайын?» деп сұрайды. Оған Алла елшісі: «Күмістен тақ. Және салмағы бір мисқальды толтырмасын», - деп жауап береді[3].  

Бір мискаль шамамен 4-5 граммға сай келеді.

8. Жүзікті тәкәппарлық үшін және өзін өзгеден биік ұстау үшін тағу – харам. Сән үшін тағуға рұқсат.

9. Сақинаны сол қолының не оң қолының шынашағына таққан – сүннет. Имам Нәуәуи айтады: «Ер кісінің сақинаны шынашағына тағуы сүннет дегенге мұсылмандар бір ауыздан келіскен (ижма еткен)»[4].

10. Хадистерге қарай отырып, ғұламаларымыз сақинаны екі қолдың (оң не сол қолдың) қайсысына тағам десе де өз еркі деген[5].

11. Ер кісілердің сақинаны ортаңғы саусаққа, сұқ саусаққа және басбармаққа тағулары - мәкруһ. Сахих риуаятта былай делінеді: «Әзіреті Али (р.а.): «Пайғамбарымыз мына және мына саусақтарыма сақина тағуды тыйды», – деп ортаңғы және сұқ саусақтарын көрсетті».[6]

12. Әйел кісінің сақинаны қай саусағына тағам десе де өз еркі. Жоғарыдағы шектеу – ер кісілерге қатысты үкім. Имам Нәуәи былай деген: «Әйел адам сақиналарын барлық саусақтарына таға алады»[7].    

13. Сақинаға өзінін аты-жөнін жазуға рұқсат.

14. «Алла» есімі жазылған сақинаны тағуға рұқсат. Тек, әжетханаға кірерде шешіп, қалтасына салғаны жөн, не болмаса, басқа жерге қойғаны дұрыс.  

15. Тірі жанның суреті нақышталған сақинаны тағуға рұқсат. Сахаба Әбу Һурайраның сақинасында екі шыбынның бейнесі болған екен.  (бірақ, сақина жасаушылардың сақинаға тірі жанның суретін салулары құпталмайды)[8].

[1] Муслим, «либәс». №2049 хадис.
[2] Имам Мәусули: Ихтияр – 4/126 бет.
[3] Әбу Дәуід - №4223 хадис.
[4] Имам Нәуәуи: «Сахих Мүслім» кітабының шархы - №2094 хадис түсіндірмесі.
[5] Ибн Ғабидин: Раддуль мұхтар. 9/521 бет.
[6] Муслим, Либас / 2078-хадис.
[7] Имам Нәуәуи: «Сахих Мүслім» кітабының шархы - №2094 хадис түсіндірмесі.
[8] Ибн Ғабидин: Раддуль мұхтар. 9/520 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар, І том» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: