29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Ақша мәселесінде бала үшін ең қауіпті нәрсе

Ақша мәселесінде бала үшін ең қауіпті нәрсе

Исламдағы отбасы
Жарнама

Белгілі уақыт аралығында балаға көп мөлшерде ақша берген де немесе түк ақша бермей қойған да дұрыс емес. Әке-шешеден тыс ағаның, көкенің, атаның, апаның я болмаса жақын ағайынның балаға ақша ұстатуын абайлаған жөн.

Балаға ақша бір-ақ адамнан берілгені дұрыс. Бала қолына ретті түрде белгілі бір мөлшердегі ақша ғана тиіп тұруы керек. Өте көп берілген ақша да баланы түрлі жаман қылықтарға итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар, ақшаның берілмеуі де баланың басқа балалар арасында көңілінің құлазып, өзін қор сезініп, олар сатып алып жатқан нәрсені ала алмай төменшіктеуіне, ұнжырғасы түсіп олардан лажсыз бөлектенуіне, томаға тұйықтау, ынжық болып өсуіне себеп болады. Ондай кішкене кезінен ақша ұстап үйренбеген баланың кейін қолына көп ақша түсе қалса, оңды-солды шашып тастайтыны да, міне сондықтан. Өйткені, оған оны кішкене кезінен үйретпеген әке-шешесі тікелей кінәлі.

Қолына көп ақша берілген бала ол ақшаға өзіне керекті қалам, қағазын сатып алуын сатып алғанмен, артығын босқа керексіз нәрсеге жұмсай салады. Немесе, артық ақшаға өзінде бар өшіргіш қаламның тағы бір-екеуін сатып алады. Сөйтіп, бұл әрекет оны бос ысырапшылдыққа, көрсеқызарлыққа, көзтоймаушылыққа апарады. Көбіне жағдайы жақсы отбасыларда әке-шеше баласына керекті ақшаны ұстатып қойып, баланы экономикалық жағынан қамтамасыз етсек болды, бәрі бітті деп ойлайды, алайда, сол бере берген ақшасы баланы ақшаға қомағай қылатындығын ойлап жатпайды.

Бастауыш бірінші сыныпта ұрлықпен ұсталған бір баланы сынып жетекшісінің маған әкелгені бар еді. Баламен сөйлесіп байқап қарасам, бұндай әрекетке қалтасындағы ақша жетіспеушілігінен барған екен. Баланың әке-шешесі ажырасу салдарынан бір-бірінен бөлек тұратын. Бала анасымен бірге екен. Ол кісіні шақыртып, балаға күніге қаншалықты ақша беретіндігін сұрағанымда, ол: – Білесіз бе, бұрын өте дәулетті, бай тұратын едік. Баланы да сол кезде әкесі, мен және көкесі кезек-кезек қолына ақша ұстатып көп ақша жұмсауға өзіміз жаман үйреттік. Енді, міне, аяқ асты шат-шәлекейіміз шығып, кедейленіп, бұрынғы күнімізге зар болып қалдық. Дәл қазір не істесеңіз де балама күніге 100 теңгеден артық ақша бере алмаймын, – деген еді.

Мен ол кісіге дәл оның жасындағы бала үшін күніге 100 теңгенің кең-мол жететіндігін, бірақ, өкінішке орай, сол балаға ғана оның аздық етіп жүргендігін айттым. Артынша, «Сонда ұрлық жасаған бала кінәлі ме, жоқ әлде, оны көп ақшаға құнықтырып жаман үйреткен әке-шешесі кінәлі ме?» деген ойға қалдым.

Алғаш бастауыш сыныпқа барған бала үшін қалта шығынына күнделікті ақша беріп тұрған дұрыс. Әрине, ол ақшаның не үшін берілгені де әдемілеп түсіндірілуі керек. Алайда, бала өскен сайын ақша күнара беріліп, кейіннен апталыққа дейін жеткізуге болады. Он бес күн яки бір ай деуге келмейді, өйткені, бала үшін ол – көп, ұзақ мерзім болып кетеді.

Қалта шығыны үшін ақша берілерде:

1. Бауырлар арасындағы тепе-теңдік пен тұрақтылық сақталуы керек.

2. Балаға әр сұраған сайын ақша ұстатылмауы керек.

3. Балаға ақша беріп тұрып, ол ақшаны жақсы жағына қолдануын қадағалаңыз. Бірақ, міндетті түрде, сіз айтқан нәрсені сатып алуға күштемеңіз. Егер қажет болса, ақшаны қалай, неге жұмсау керектігі жөнінде ақыл-кеңес бергеніңіз де дұрыс. Бірақ, ол ақшаны өзі ұстап, өзі жарататын болсын. Сізге тіпті ұнамсыз нәрсені алғысы келіп тұрса да араласа көрмеңіз.

4. Жаза ретінде күнделікті алып жүрген ақшасын бермей қоюға болмайды.

5. Бар балаларыңызға бірдей ақша ұстатпаңыз. Жас шамасына қарай көбейтіңіз.

6. Қалта шығыны ретінде берілетін ақшаны мектептегі оқу үлгерімі, я болмаса үйге қолғабыс еткені үшін азайтып не көбейтпеңіз.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: