27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Баланың мойнында ата-анасына қандай ақылары бар?

Баланың мойнында ата-анасына қандай ақылары бар?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Баланың мойнында ата-анасына деген қандай ақылары бар?

Хазіреті Имам Нәсәфи былай деген: Ата-ананың (әке-шешенің) баласында сексенге жуық ақысы бар. Олардың 40-ы тірі кезінде, 40-ы қайтыс болғаннан кейін орындалады. Тірі кезіндегі он ақысы дене мүшемен, оны тілмен, оны жүрекпен (көңілмен), қалған оны ақшалай өтеледі.

Дене мүшемен атқарылатын он ақысы:

1) Оларға қызмет етіп, разылығын алу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анасына қызмет еткен адамның өмірі ұзақ және берекелі болады» (Ислам ахлақы).

«Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам, Алла Тағаланы қуантқан болады. Ал оларды ашуландырған адам, Алла Тағаланы ашуландырған болады» (Ибн Нәжжар).

«Ата-анасы жанында қартайғанымен (разылықтарын ала алмай) жәннатқа қол жеткізе алмаған адамдардың сағы сынсын.» (Тирмизи)

Хазреті Хасан Басри Қағбаны тауаф етіп жүргенінде, жүк арқалаған бір кісіні көріп: – Не үшін жүгіңмен тауаф етіп жүрсің? -дейді. – Арқамдағы жүк емес, менің әкем. Оны Шамнан 7 мәрте арқалап әкеліп, тауаф етіп жүрмін. Себебі маған дінімді, иманымды үйретті. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі,- деп жауап береді. Сонда хазреті Хасан Басри: – Әкеңді қияметке дейін осылай арқалап өтсең де, бір рет ренжітетін болсаң, бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер бір рет қуантатын болсаң, осыншама қызметтердің сауабына қауышасың,- дейді. Ата-анаға лайықты түрде құрмет көрсете білу керек, оларға қызметте кемшілікке жол бермеу керек. Хазреті Ибн Аббас: “Ата-анаңның алдында кінәлі, әлсіз, кедей бір құлдың қатал, дөрекі қожайынына деген құрметіндей бол!” деген. Анаға құрмет және қызмет әкеден бұрын келеді.

Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Анаға жасалған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады» (И. Ғазали).

«Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!» (Нәсаи) «Уәйсәл Қарани бүкіл ихсандарымен дәрежелеріне анасына жасаған жақсылықтарының себебімен қол жеткізді» (Р. Насихин).

«Я, Расулалла! Менің анам мүшрик. Оған жақсылық жасауым жаиз ба?» деп сұраған адамға пайғамбарымыз: «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!» деді (Әбу Дауд).

Барлық пайғамбарлар өз анасынан да үстем еді. Соған қарамастан пайғамбарлар да аналарын құрметтеп, қызмет еткен. Кәпір болса да ата-анаға қызмет ету, олардың напақаларын (тамағын, киімін, баспанасын) қамтамасыз ету және халжағдайларын сұрап қонаққа барып тұру керек. Егер де күпірлікке себеп болатын істерді жасатқызады деп қорқса, онда үйіне баруға болмайды. (Бәззазийа) Мұса пайғамбар жаннаттағы көршісінің кім екенін Хақ Тағаладан сұрап, оны іздеп барады. Ол қасапшы (ет сатушысы) еді. Қасапшы бір кесек етті алып, оны жақсылап пісіріп, ілулі тұрған себетті төменге түсіреді де, ішінде жатқан кәрі кемпірге пісірген етімен суын береді. Кейін үстібасын тазалап, қайтадан себетке жатқызады. Қасапшы: “Бұл менің анам. Қартайып осындай халге түсті. Күндіз-түні оны осылай күтіп бағамын” дейді. Сонда қасапшының анасы: “Я, Раббым! Ұлымды жәннатта Мұса пайғамбарға көрші қыл!” деген сөзін Мұса алейһиссалам да естиді де: “Сүйінші, Алла Тағала сені Мұса пайғамбарға көрші қылды” дейді (Шира).

2) Үнемі жақсылық жасау керек. Ата-анаға сый-құрмет көрсету және жақсылық жасау парыз. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анасына жақсылық жасаған бала пайғамбарлармен бірге жаннатқа кіреді.» (И. Рафии).

«Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады» (И. Ахмед).

«Ең құнды амал – уақытында оқылған намаздан кейін ата-анаға жақсылық жасау» (Мүслим.)

«Ата-анаңа жақсылық етсең, кейін балаң да саған жақсылық жасайды» (Табарани).

«Сен де, мал-мүлкің де әкеңдікі» (Ибн Мажә).

3) Оларға қарсы шықпау керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ата-анаға қарсы шығу үлкен күнә» (Бұхари).

«Ата-анасына қарсы шыққан бала жаннатқа кірмейді» (Нәсаи).

«Ата-анасына қарсы шыққан баланың өмірі берекесіз және қысқа болады» (Ислам ахлақы).

Имандылардан тозақтан ең соңғы шығатындар Хақ Тағаланың жолында жүрген ата-анасының исламға сай болған әмірлеріне қарсы шыққандар. Ата-ананың және ешкімнің де дінге қайшы болған әмірлеріне мойынсұнылмайды. Бірақ қашанда ата-анаға жылы сөйлеу, оларды ренжітпеу керек. Ата-анасы кәпір болса, оларды шіркеуден, шарапханадан арқалап болсын әкелу керек. Бірақ ондай жерлерге апармау керек. Ата-анасы залым да болса, олардың айтқандарына қарсы шығуға, оларға дауыс көтеруге, дөрекі сөйлеуге болмайды. “Ата-анам өте мейірімсіз, оларға қалай мойынсұнамын?” деген адамға расулуллаһ алейһиссалам былай деген: «Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?» (Әйухәл уәләд илмихалы) “Я Расулалла, қартайған анамды өз қолыммен тамақтандырамын. Дәретін алғызып, арқалап жүремін. Осы амалыммен ақысын өтеген боламын ба?” деп сұраған адамға пайғамбарымыз былай дейді: «Жоқ, ақысының жүзден бірін де орындаған болмайсың. Ол саған аяққа тұрып кетуіңді күтіп қызмет еткен еді, ал сен оған өлімін күтіп қызмет етудесің. Бірақ Алла Тағала бұл аз ғана жақсылығың үшін көп сауап ихсан етеді» (Р. Насихин).

Бір кісі “Йа расулаллаһ ата-ана баласына зұлымдық етсе де олардың разылығын алмаған адам тозаққа кіре ме?” деп сұрағанында жауап ретінде үш рет «Иә, зұлым еткен болса да разылығын алмаған бала тозаққа кіреді.» деді (Бәйһақи).

Олай болса әке-шеше залым болып, баласына зұлымдық етсе де, күнә істеуді әмір етсе де, оларды ренжітпеуге, ашуландырмауға тырысу керек! Күнә болған, дінге қайшы болған әмірлерін орындау керек емес. Бірақ оларды ренжітетін сөз және әрекет жаиз емес.

Ата-ана жаман да болса, олармен жақсы мәміледе болу керек! Олармен араны үзу үлкен күнә болып табылады. Ең болмағанда сәлем айтып, хат жазып, телефон шалып бұл күнәдан құтылу керек! Құран кәрімде 3 нәрсе 3 нәрсемен бірге айтылған. Біріншісі орындалмаса, екіншісі қабыл болмайды. Пайғамбарымызға мойынсұнбаса, Алла Тағалаға мойынсұнылған болмайды. Ата-анаға шүкір етілмейінше, Алла Талаға шүкір етілген болмайды. Мал-мүліктің зекеті берілмесе, намаздары қабыл болмайды (Тәфсири Муғни).

4) Оларға мойынсұну, қарсы шықпау, күнә болмаған әмірлерін орындау керек. Мұса алейһиссалам Алла Тағаладан тоғыз рет насихат сұрағанда барлығында да «Ата-анаңа мойынсұн!» деп бұйырылды. Хадис шәрифте де былай делінген: «Ата-анаға мойынсұну Аллаға мойынсұну болады. Оларға қарсы шығу Алла Тағалаға қарсы шығу болады» (Табарани).

Әкесіне қарсы шыққан адам бала-шағасының қызығын көре алмайды, мұратына жете алмайды, отбасымен жақсы қарым-қатынаста бола алмайды, үйінің дәм-тұзы, қызығы болмайды (Шира).

5) Оларға қатал жүзбен, қабақшытып қарамау керек. Жылы жүзбен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарау керек. Ата-анасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен бір рет қараған адам қабыл болған бір қажылықтың сауабына қауышады. Пайғамбарымыз: «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады» деген. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» деп сұралғанда пайғамбарымыз: «Күніне жүз мың рет қараса да...» деп жауап берген (Р. Насихин)

Тағы бірде: «Ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау – ғибадат» деп білдірген (Әбу Нуайм).

6) Оларды ренжітпеу, өкпелетпеу, разылықтарын алу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Раббыңның разылығы ата-ананың разылығында. Ашуы да атаанаңның ашуында.» (Бұхари)

«Ата-анасының разылығын алған мұсылманға жәннаттан екі есік ашылады. Ал ренжіткен адамға тозақтан екі есік ашылады» (Бәйһақи).

«Ата-анасының разылығын алған мұсылман не істесе де тозаққа кірмейді. Ал ренжіткен адам жаннатқа кірмейді» (Шира).

«Хақ Тағала кейбір күнәлардың жазасын қияметке дейін кешіктіреді. Ата-анаға қарсы шығу күнәсы бұлардан тыс» (Хаким).

Ата-ананы ренжіту, оларды жәбірлеу үлкен күнә болып табылады. Ата-ананың, жалпы ешкімнің де күнә болған әмірлерін орындау жаиз емес. Ата-ананың ұсынған асында харам араласқан болу күмәні болса және бұл тамақтан жеуі үшін баласын мәжбүрлесе, баланың ол тамақты жеуі керек болады. Себебі күмәнді нәрселерден қашу уәраға жатады, ал ата-ананың разылығын алу уәжіп болып табылады. Бірақ дінге қайшы болған әмірлері орындалмайды.

Мәселен: “Арақ іш, намаз оқыма, әйтпесе біз ренжиміз” десе, мұндай харам болған айтқандары істелмейді. Өйткені “Алла Тағалаға қарсы шыққан істе құлға бағынылмайды.” деген әмір бар. Хақ та’ала “Анкәбут” сүресінің сегізінші аятында: «Біз адамға әке-шешесімен жақсы мәміледе болуына кеңес бердік. Егер олар саған білмеген нәрсеңде Маған ортақ қосуың үшін мәжбүрлесе, оларға бағынба» деп бұйырған. Ата-анасы күнә істейтін бала оларға бір рет насихат айтады. Егер насихатын тыңдамайтын болса, одан кейін үндемейді және олар үшін дұға етеді.

7) Олардың рұқсатынсыз сапарға шықпау керек. Қажылыққа барарда мұқтаж болмаған ата-анадан рұқсат - сұрау сүннет. Ата-анасы мұқтаж (кедей) болса, олардың рұқсатынсыз қажылыққа бару харам болып табылады. Ата-анасы мұқтаж болмаса, парыз болған қажылыққа олардың рұқсатынсыз бара алады. Бірақ нәпіл қажылыққа атаанасының рұқсатынсыз бара алмайды. (Рәдд-ул-мухтар) Соғысқа баруға рұқсат сұраған адамның ата-анасының тірі екенін естігенде пайғамбарымыз: «Осында қал! Оларға қызмет ет! Оларға қызмет етуің – соғысқа қатысуың болып саналады» деп бұйырды (Бұхари).

Соғысқа бару үшін рұқсат сұрап келген басқа бір адамға да былай деді: «Анаңның қасынан айрылма! Жәннат оның аяғының астында» деді (Нәсаи).

Хижрат ету үшін шыққан бір кісі, пайғамбарымызға келіп: «Я, Расулалла! Ата-анамды жылатып келдім,» дегенінде пайғамбарымыз бұл жағдайға ренжіп: «Дереу үйіңе бар! Оларды жылатқан болсаң, енді көңілдерін тап (қуант)!» деді (Әбу Дауд).

Ата-ананың үйіне (қонаққа) бармау (олармен араны үзу) үлкен күнә. Хал-жағдайларын сұрап барып тұру керек. Бара алмаған жағдайда ең болмаса хат жазып, сәлем жолдап бұл күнәдан құтылу керек.

8) Оларға лайықты түрде сый-құрмет көрсету керек. Хадис шәрифте: «Үлкенге құрмет көрсетпейтіндер бізден емес» делінген (Тирмизи).

«Ата-анаға құрмет бақытсыз адамды бақытты қылады. Өмір жасын ұзартады және оны жаман өлімнен сақтайды» (Әбу Нуайм).

Оларды көргенде дереу түрегеліп, қастарына бару керек, олар отырғанша түрегеп тұру керек, олардың рұқсатынсыз отырмау керек. Отырған кезде де әдептілік сақтау керек, олардың алдында аяқты айқастырып немесе созып отыруға болмайды. «Болса да маған ешнәрсе демейді» деп мұндай әдептіліктерді назардан тыс қалдырмау керек.

9) Көшеде жүргенде арттарынан жүру керек. Еш қандай себепсіз алдарына түсіп жүрмеу керек.

10) Шақырған кезде дереу қастарына барып “тыңдап тұрмын!” деп айту. Ата-ана шақырған кезде парыз намазын бұзу жаиз болғанмен аса қажеттілік болмаса бұзбауы керек. Ал сүннет намаздарды бұзуға болады. Хақ Тағала былай деген: «Ей, Мұса! Менің дәргейімде өте ауыр және өте үлкен бір күнә бар. Ол – ата-ана шақырған кезде әміріне бағынбау» (Ислам ахлақы).

материал «Бақыттың кілті - жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: