22
Жұма,
Қараша

һижри

Қыз – анасына, ер жігіт – әкесіне ұқсайды

Қыз – анасына, ер жігіт – әкесіне ұқсайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бұл бос сөз емес. Қазақта: «Анасын көріп қызын ал» деген нақыл бар. Сондай-ақ, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді.

Сен үйленетін қыз ертең толықтай анасы сияқты болады деп айтпаймын. Немесе жігіт ертең әкесіне ұқсайтын болады деуден аулақпын. Алайда ата-ананың жүріс-тұрысы ұл мен қыздың түп санасына терең орнығады. Әкесі билеп төстейтін, тілі зәрлі болса, санаулы жыл ішінде күйеуіңізден осы жаман қасиет байқалып жатса таңғалмаңыз. Күйеуінің аузын аштырмайтын әйелдің қызы да анасының бұл мінезін бойға сіңіреді. Бала күнінде жаман мәміле көрген адам көп жағдайда өз перзентіне де сондай қарым-қатынас жасайды. Бұл зерттеулер қорытындысы.

Осы арада, заңды сауал туындайды. Басынан өткен жаман жағдайдан сабақ алып, жүріс-тұрысын өзгерту мүмкін бе?

Мұның жауабы: Иә, өзгерте алады. Бұл мәселедегі шешуші сөз «сабақ алу». Әкеден қорлық көрген бала «әке жолын» қайталамау үшін арнайы қадамдар жасауы тиіс. Неге әкем бұлай жасады? Мұндай мінездің салдары не? Жаман мінезді қалай өзгертем? – деп осы бағытта мінезін түзетуді үйренуі қажет. Әйтпесе, әке ізімен кету ықтималы басым. Маскүнемдікке салынған ананың қызы көп жағдайда сол жолға түседі. Статистика солай дейді. Алайда бұл үзілді-кесілді берілген үкім емес. Маскүнемділік пен ішімдіктің зиянын түсіну үшін дұрыс қадамдар жасаса «қыз да шешесі сияқты маскүнем болады» деген шынжырды үзіп шығады. Мәселен, ата-ана бойында өмір шырқын бұзатын теріс мінез немесе жүріс-тұрысы бар делік. Мұндайда адам сол мінезді жою немесе жеңу үшін отбасы кеңесшісімен (психолог, имам) ақылдасқаны жөн. Сонымен қатар, қажетті әдебиеттерді оқумен мәселенің шешімін іздейді. Мұнан кейін, үйренген дүниесін талқылап кем-кетігін түгендегені дұрыс. Проблеманы бүркемелеп, жабулы қазанды жабулы күйінше қалдырмаған дұрыс. Мен жігіттерге: әкеңе қара, ал қыздарға: анаңа қара. Жиырма жылдан кейін сендердің күйлерің осындай болады, – деймін. Әкесінің төбе шашы түсіп жатса, жиырма жылдан соң баласының да түр-әлпеті осындай болады. Анасы белсенді де ширақ болса, қызы да сондай болмақ. Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші дене-бітімі әке-шешесіне тартатыны сияқты мінез-құлық та осылай «жұғады». Бірақ, бойдағы жат қылық түзетуге, теріс мінез тәрбиелеуге көнеді.

Психологтың әңгімесі. Жаз айында шипажайда демалдық. Күйеу балам, қызым, немерем және әйелім. Таңғы шайдан кейін жағалауға бардық. Күйеу бала үлкен қолшатырды орнатпақ болып құмды қаза бастады. Жанында қызым тұр. Мәз-мейрам. Жағаға ұрған толқын суын екі қолына толтырып, күйеуінің арқасына шашып жатыр. Қызыма: – Сен менің кітабымда «қыз анасына тартады» деген ойымды есіме түсірдің. Сенің анаң да, дәл осылай істеуші еді, – дедім. Түс мезгілінде күйеу бала жеміс-жидек әкелуге шықты. Қызым бар дауысымен: – Сен ғажайып күйеусің, – деді. Қызыма: – Анаң да маған дәл осылай айтушы еді. Бұл сөздер қаншалықты шындық екенін білмеймін. Алайда анаңның бұл сөздері маған қатты ұнайтын. Меніңше, күйеу балам да осындай сезімде», – деп әңгімесін тәмамдайды.

Бұл мәселеде ата-анамыздың жағымды қасиеттерімен қоса жағымсыз тұстарын да айтамын. Біз ата-анамызға қаншалықты қатты ұқсайтынымызды елестете де алмаймыз. Тағы бір мысал келтірейін. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін қажыту. Күйеуінің әңгімесін бөліп, әрбір үтір, нүктесін түзетіп отырса. Мәселен: – Жоқ, бұл сейсенбі емес, сәрсенбіде. Немесе 2006 жылы емес, 2005 жылы еді, деген сияқты. Ертең қызы да сенің сөзіңді бөліп, кескестей береді. «Келіншегімнің ата-анасымен бірге болғанда қатты қорқамын. Анасы тоқтаусыз сөйлейді. Тіпті сөз арасында тыныс алмайды. Ол әрбір әңгімені бүге-шігесіне дейін айтып береді. Олардың үйінде өзімді тұтқындай сезіндім. Бір сылтау тауып, бөлмеден қашып шыққым келеді.

Келіншегім осы жағынан анасына біршама ұқсайтын сияқты. Күндердің күні анасына толықтай ұқсап кетуінен қорқамын. Егер солай болса, мен бұған төзе алмайтындығыма сенімдімін», – дейді. Бұл қайын жұртына барған жігіттің сөзі. Ол мұндай тығырықтан қалай шығамын деп кеңес сұрады. Ендігі жолы қонаққа барғанда қайын енесінің алғашқы отыз минуттық сөзін таспаға басып алуды тапсырдым. Келесі кездесуде қалыңдыққа жазбаны тыңдаттым. Анасының ешкімге сөз бермей, тоқтаусыз әңгіме айтып жатқанын өз құлағымен естіді. Бұл жұртқа жағымсыз және басқаларға қолайсыздық тудыратынын түсінді. Түйіндей айтқанда, ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі дегендей қарым-қатынаста атаанамыздан көрген әдісті пайдаланамыз. Дүние есігін ашқаннан бері ата-анамызбен бірге өмір сүреміз. Сондықтан олардың қарымқатынастағы кейбір қате мәмілелерін байқамаймыз. Қала берсе, бізге бұл қалыпты, үйреншікті жағдай. Мәміледегі қателікті түзетуде кеңесші көмегі қажет.

Тағы бір мысал. Келісе алмау салдарынан анасы сөзін бітірмей тұрып әкесі бөлмеден шығып кетті делік. Сенің күйеуің де осылай етуі ықтимал. Сөздерің жараспай қалған сәтте талқылаудан қашып, бөлмеден шығып кететін болады. Ата-аналарыңның кейбір жағымсыз қылықтары сендердің бойларыңнан табылмас үшін бірбіріңді түзетуде бірлесе әрекет етіңдер. Сонымен қатар, ата-анаң бірбіріне айтатын қошемет сөзі мен алғысына мән бер. Қыздың әкесі анасына көліктің есігін ашады ма? Ашатын болса, келіншегің де сенен соны күтеді. Күйеуіңнің әкесі үйге кіргенде бас киімін орнына іледі ме? Ілмейтін болса, баласы да солай ететінін біл. Анасы әкесінің орнына жауап беруге дайын тұра ма? Олай ететін болса, қызынан да соны күт.

Әкесі анасының әңгімесіне құлақ салып тыңдайды ма, әлде көңіл бөлмей теледидар тамашалап отыра береді ме? Әкесі байсалды да, салмақты ма? Әлде айқайлап өктем сөйлейді ме? Анасы ешкімге дес бермейтін, өз бетінше шешім қабылдайтын жан ба? Анасы тамақ әзірлейді ме? Әкесінің көлігі үнемі таза тұрады ма? Анасы әйелдің өзіне тән міндеті бар дегенді білмейтін адам ба? Әкесі бақшаны өзі күтіп ұстайды ма, әлде адам жалдайды ма? Атаанасы отбасылық фото сурет сақтайды ма? Міне, осы сынды сұрақтарға жауап таба алсаңыз, болашақ өмірлік жарыңыз жөнінде қажетінше ақпарат аласыз. Сізге қажетті сұрақтардың бірі мазаңызды алатын болса, екінші жартыңызбен сол мәселені талқылап, ортақ шешімін табыңыз.

Зымырап өтіп жатқан өмірде жастар бір-бірін аз танып шаңырақ көтереді. Болашақ өмірлік серігінің ата-анасымен етене танысу жұбы жайлы көптеген мағлұмат алуға көмектеседі. Әрі жағымсыз тұстарын бірлесе отырып, түзетуге септігі тиеді. Жастардың бірін-бірі мейлінше жақсырақ тануының ең төте жолы – бір-бірінің атаанасымен танысу. Қазақ салтында мұны қыз айттыру дейді. Мұндай танысу болашақтағы отбасылық келіспеушіліктерді болдырмауға немесе алдын алуға үлкен септігі тиеді.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: