Қырық жылдан аса қоғамдағы түрлі мәдениеттер мен салтдәстүрлерді зерттеген америкалық маман: Тәжірибеме сүйеніп айтар көзім жеткен ақиқат: Ер азамат пен әйелдің отбасылық одағы салауатты қоғамның басты іргетасы.
Статистика бойынша, Құрама штаттарда жылына екі миллионға жуық жұп шаңырақ көтереді. Бұл дегеніңіз төрт миллион адам отбасын құрады. «Тұрмысқа шығуға разысың ба?» «некелі жар етіп қабыл алдың ба?» деген сұрақтарға, олар «иә» деп жауап береді. Әрине, олардың барлығы өмірінің соңына дейін жұбы жазылмай, бақытты ғұмыр кешуді арман етеді. Әрі солай боларына кәміл сенеді. Десе де, алғашқы жеті жыл ішінде осы жұптардың елу пайызы ажырасып кетеді. Бұл жұптардың жоспарында талақ деген сөз атымен жоқ. Алайда ортақ отбасылық өмірге нақты бағыт-бағдар болмағандықтан күтпеген жерден араларына талақ кіреді. Орталарына жанамалап сына болып қағылады. Сонымен бірге, бір-бірін түсінудегі сәтсіз қадамдар да өз септігін тигізеді. Бұған жұптардың қарым-қатынасты қалпына келтіруге шеберлігінің жетіспеушілігін қосыңыз. Мұның барлығы отбасы өміріне жіті дайындық қажет екенін көрсетеді. Әрқайсымыз мамандық меңгеру мақсатында ұзақ жылдар өзімізді білімге арнаймыз. Сондықтан, әдетте, отбасылық өмірден қарағанда мамандығымыз бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткіземіз. Үйленем деген шешім – өмірдегі ең маңызды шешім. Соған қарамай бұл шешімді қажетті дайындықсыз қабылдайды. Шындығында, жастардың тойға дайындығы үйленіп үй болу жоспарынан әлдеқайда жоғары. Тойдың әрбір ұсақ-түйегін ойластырады. Ал үйлесімді отбасы болып кету жоспарына мұншалықты көңіл бөлмейді. Бірнеше сағатқа созылатын тойға жоспары бар. Бірақ отбасылық өмірге жоспардың жоқтың қасы.
Дәріс отбасылық өмірге қалай жоспар құру жөнінде емес. Мақсатымыз, қайтсе үйлесімді жұп болады деген мәселені талқылау. Отыз бес жылдан бері бақытты отбасын армандайтын жұптарға кеңес берумен айналысамын. Олардың арманын үй шаруасы, белшеден батқан қарыз, жұмысбастылық сияқты мәселелер сейілткен. Тіпті балалар да себеп болуы мүмкін. Мұндай жұптармен бірнеше ай табанды жұмыс және кеңес жүргіземін. Нәтижесінде жұбайларға бақытты отбасы өмірін қайтаруға мүмкіндік туады. Сол үшін де Құдайға шүкір етемін. Отбасылық өмірге жіті дайындық жасау мұндай талас-тартыстың алдын алуға көмектеседі деп толық сеніммен айтқым келеді. Сіз олардың қатесінен сабақ алыңыз. Мұндай тәжірибе жеке қатеңізден сабақ алудан қарағанда әлдеқайда жеңіл тиеді. Өмірлік серігіңізді табумен бақытқа жете қоймайсыз. Бұл сіз ойлағандай оңай шаруа емес.
Отбасылық өмірде сіз басымдылық беретін маңызды мәселелерді айқындау қажет. Соған қол жеткізу жолында уақыт пен күш-қайрат сарп етесіз. Ал енді, сөз байласып жүрген жұптарға бақытты отбасын құруға қажетті негіздерді танып, қажетті қабілеттерін ашуға көмегі тиер деп ойлаймын.
Отыз бес жылдық тәжірибесі бар отбасы кеңесшісінің естелігінен: Өзім үйленгенге дейін отбасылық өмір туралы кітап оқымаппын. Қала берсе, бұл мәселеде оң мен солды ажырататындай менде ешбір мағлұмат жоқ еді. Ол кезде болашақ жұбайымды қатты сүйдім. Оны көрген сайын аспанда қалықтағандай сезімде болатынмын. Қалыңдығымның әрбір қимыл-әрекеті маған ұнайтын. Тұла бойы. Сөйлеу мәнері. Жүрісі. Зәйтүндей қоңыр көздері мені жаулап алған еді. Бұл бойжеткенді жақсы көретінмін. Осындай қызды туған анасына да құрметім ерекше еді. Олардың шарбағын сырлайтынмын. Сезімімді білдіруге септігі тиетін әрнәрсені істеуде аянып қалмадым. Мен үшін қалыңдығымнан асқан сұлу жоқ. Оның да мен жайлы ойы осындай болса керек.
Ғажайып сезім құшағында уақыт өтіп жатты. Некеден кейін бізді бақытты өмір күтіп тұр деген бек сенімде едік. Неке қиылды. Ерлізайыпты болдық. Сезім күші алты айға әрең жетті де сөнді. Екеуіміз үмітсіздік күйге түстік. Күндердің күні мұндай жағдайға тап боламыз деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Кешегі бақытты күндер қол бұлғап бізден алыстап кете барды. Махаббат сезімінің орнын үмітсіздік, ашыну, еңсе түсу, тіпті ашу мен ыза басты. Бізді қосқан махаббат бір өмірге серік болады деп сенген болатынбыз. Ғашықтық – тәтті түсіміз екен. Ал өңімізде – келіспеушілік, ашу-ыза күтіп тұрған еді. Отбасылық өмірімнің бұл кезеңінде махаббат не екенін мен білемін деп ойлаймын. Кеңес алуға келген тәтті қиял құшағындағы жұптардан жас кезімдегі өзімді көремін. Албырттықпен жасаған менің қателіктерімді жастар жасамаса екен деп тілеймін. Өмірлік тәжірибемнен ғашық болу үйлесімді отбасы болуға жеткілікті емес екеніне көзім жетті.
Отыз жылдық тәжірибе. Осы жылдар ішінде жүздеген сөз байласқан жұптарға «Үйленгенге дейінгі кеңестер» жүргіздім. Олардың басым көпшілігінде махаббат жайлы түсінік таяз, кейбіреуінде бұлыңғыр екенін байқадым. Кеңестің бастапқы кездесуінде жұптарға «Неліктен үйленгілерің келеді?» деген сұрақ қоюды әдетке айналдырдым. Сондағы жауап: «Себебі біз бір-бірімізді жақсы көреміз». Мұнан кейінгі заңды сұрақ: «Мұнымен сіздер нені меңзеп тұрсыздар?» Әдетте, бұл сұрақ жастарды тығырыққа тірейтін. Сұрақ оларға ерсі көрінетін. Бір-бірімізге деген терең сезім деп түсіндірмек болатын. Бұл белгілі бір уақыт жалғасатын сезім. Осы сұрақты қойғанымда көпшілік жастар не дерін білмей тосылып қалады. Нақты айтары болмай артынан бір-біріне, сосын бөлменің төбесіне қарайтын. Себебі жауап жоқ. Кейбірі қолайсыздық күйге түсіп, шарасыздықтан күледі. Артынан: «Иә... Мм... Сіз білесіз бе?!» деп жауап құрастыруға әрекет етеді Бірер күн алдын бір жігіт некесін қиып беруді өтінді. Беташар қашан болады деп сұрадым. Осы апта ішінде екен. Үйленетін жастарға жеті-сегіз кездесу барысында отбасылық өмірге қатысты кеңестер жүргізетіндігімді айттым. Оның жауабы әдеттегі жастардың айтатынындай: Уайымдамаңыз! Бізге мұндай кеңестердің ешбір қажеті жоқ.
Біз бір-бірімізді шынайы жақсы көреміз. Біздің арамызда шешілмеген мәселе жоқ», – деді. Мен күлімсіредім. Бірақ жүрегім «Ғашық болу» тұзағының кезекті құрбандары болмаса екен деген алаңдаушылық тұрды. «Ғашық болу» осы сөзді естігенімде көз алдыма ормандағы аңдарға құрылған тұзақ елестейді. Жануар жолына аңшылар тереңдеу етіп ор қазады. Ордың бетін ағаштың бұтақжапырақтарымен жауып тастайды. Азығын іздеп жорытып келе жатқан бейшара хайуан тұзаққа қалай түскенін байқамай да қалады. Міне, мен айтып отырған «ғашық болу» деген тұзақ осы. Күнделікті күйбең тіршілікпен ары-бері сабырылысып жүресің. Кенет дәлізде немесе көшеде бір бойжеткенді көзің шалып, «ғашық болу» тұзағына түсесің. Сезімге қарсыласуға дәрменің жоқ. Бұл сенің шамаңнан тыс, еркіңе бағынбайтын күй. Осы қызға үйленемін деп пайымдайсың. Әрі қаншалықты тез жүзеге асса, соншалықты жақсы болады дейсің. Әрине, осы жоспарыңды әуелі достарыңмен бөлісесің. Олар да ғашықтық принципімен өмір сүргендіктен: Бірбіріңді жақсы көрсеңдер үйленіңдер, деп ақылын айтады. Шындық пен қиял шатасып кеткен. Өлеңдегі ғашықтық пен өмірдегі сезім бір емес. Алайда әзірге оны ғашықтық тұзағындағы жігіт білмейді.
Қыз бен жігіт бір-бірінің рухани құндылығы, әлеуметтік деңгейі, дүние танымына ешбір мән бермейді. Екеуінің құндылықтары мен мақсаттары толығымен теріс болуы ықтимал. Қазақта: «Тең теңімен» деген сөз бар. Шариғатта үйлену мәселесінде «теңдік» талабы жіті қарастырылады. Теңдік – жігіт пен қыздың әлеуметтік, рухани және материалдық теңдігі. Ең үлкен проблема ортақ құндылықтар, мақсаттар және дүниелік көзқарас сияқты маңызды дүниелерді ескермеу. Нәтижеде, жас жұбайлар: «бір-бірімізді жақсы көрмейміз» деп отырады. Ең сорақысы, ақыл-кеңес сұрауға келдік дей тұра, іштей ажырасуға шешім қабылдап қоюы. Сондықтан, олар: «Сезім сөнсе, бірге өмір сүре алмаймыз» деп ақталады.
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz