10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Пенде үйленсе, дінінің жартысы кемелденеді. Қалғанына сақ болсын»

«Пенде үйленсе, дінінің жартысы кемелденеді. Қалғанына сақ болсын»

Исламдағы отбасы
Жарнама

Хадисте: «Пенде үйленсе, дінінің тең жартысы кемелдене түседі. Қалған жартысына сақ болсын», – делінген.

Бұл риуаят Байһақи еңбегінде сахаба Әнас бин Маликтен жеткен. Хадисте шаңырақ көтерумен адам дінінің елу пайызы толыға түсетіні айтылуда. Ал енді екінші жартысы – тақуалық. Үйлену – діннің жартысы екен. Парыздардың тізімін жасап көріңіз. Исламдағы құлшылықтарға зер салайық. Намаз, ораза, қажылық, зекет, ата-анаға жақсылық жасау тағысын тағы. Демек, үйлену осы құлшылықтардың тең жартысына пара-пар. Бұл құлшылықтардың физиологиялық ауырлығы мен психологиялық жауапкершілігін бағамдайық. Ендеше, үйлену оңай, үй болу қиын деген осы. Екі жарты бір бүтін болып өмір сүруге дайындық осылай жүзеге асады. Отбасылық өмір ерлікке пара-пар. Еркекке салса, ораза тұтып, намаз оқу әйелінің мінезіне төзуден әлдеқайда жеңіл. Алайда нағыз ер азамат әйелді мейірімділікпен жеңу тәсілін қолдануы қажет.

Жар таңдауда жастарға ортақ жалғыз проблема бар. Ол – кітаптағы мінезі жібектей мінсіз ару туралы қиялмен өмір сүру. Осындай қиялмен қарапайым қызға үйленген жан әйелінің «еркелігін» кешірілмес қателікке балайды. Соның салдырынан ара-кідік ажырасам деген ой мазалайды. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаңырағында да жұбайлары мінез көрсеткен. Тікенсіз гүл бола ма? Қала берсе, тікені жоқ гүл ұсқынсыз көрінеді емес пе?

Отбасылық өмір театр қойылымы емес. Жоспарланған жүйе бойынша жүрмейтінін түсіну керек. Әрі бұған дайын болған жөн. Сонда ғана өмірлік жолдасының әдеттеріне қателік деп қараудан арылады. Қателесу әр адамға тән құбылыс. Бұл заңдылық. Бақытты отбасының құпиясы да осында жатыр. Жұбайлар мұны неғұрлым ерте түсінсе, шаңырақтарына тыныштық пен берекет соғұрлым ертерек ұялайды. Демек, үйлену діннің тең жартысы деп айтылуының сыры осы.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: