Алдымен «некеде куәгердің болуы» үкіміне қатысты қысқаша тоқталып өткеніміз дұрыс.
"Неке қиярда куәгердің болу" мәселесіне байланысты ертеректегі Ислам ғұламалары төрт түрлі тұжырым білдіргендігі кітаптарда келтіріледі:
1. Бірінші – неке ең кемі екі ер күәгердің көзінше қиылуы шарт (немесе бір ер, екі әйел кісі). Күәгерсіз қиылған неке – неке болып саналмайды. Бұл – дін ғалымдарының басым көпшілігінің тоқтамы (соның ішінде Ханафи мәзхабы бойынша да осылай) әрі ең дұрыс деп қабыл етілген тұжырым.
2. Екінші – дәл неке қиылу барысында күәгердің болуы шарт емес. Бірақ, одан кейін міндетті түрде (қатынасқа түспей тұрып және оңаша қалмастан бұрын), некенің қиылғандығын, яғни, үйленгендіктерін екі мұсылман (пасық емес) күәгермен күәландырулары ләзім. Бұл - Мәлики мәзхабындағы Имам Мәліктен жеткен ең әйгілі пәтуа.
Осыған қарағанда, ата-анасы үйленуге рұқсат еткен қыз бен жігіт күәгерсіз некелерін қиып, онысын халыққа жария еткеннен соң, қатынасқа түспестен бұрын екі әділ мұсылман ер кісіні тауып, үйленгендіктеріне күәләндырса, қиған некелері дұрыс болып саналады. Алайда, екі күәгерді күәландырмастан төсек қатынасына түссе, некелері бұзылады[1].
3. Үшіншісі - Мәлики мәзхабында Имам Мәліктен жеткен басқа бір тұжырым бойынша, неке қию барысында, халыққа жария етілсе болғаны, қосымша екі күәгердің болуы шарт емес. Және кейіннен де екі күәгерді табудың қажеті жоқ. Бастысы неке қиылу барысында (яғни, пәленшеге тұрмысқа шығуға разымын т.б. осы секілді неке рәсімдері орындалып жатқан тұста), екі жастың үйленіп жатқандығы халыққа жария болған болуы керек.
(Осындай бір тұжырым Имам Ахмәд ибн Ханбалдан да риуаят етілген. Алайда, Ханбали мәзхабында ең мәшһур пәтуа – көпшілік ғұламалардың пәтуасына сай делінеді).
4. Төртінші тұжырымды алға тартушылар бірен-саран ғалымдар. Оларға қарағанда, некеде екі күәгердің болуы шарт емес, бірақ, одан соң қатынасқа түспей тұрып, үйленгендіктерін халыққа жария етулері шарт. Содан барып, күәгерсіз қиылған неке күшіне енбек[2]. Яғни, күәгерсіз неке қиылып, одан соң көрші-қолаңды шақырып, келін түскендігін, үйленгендіктерін жария етсе, қиған некелері дұрыс болады.
(Үшінші мен төртіншінің айырмашылығы: үшінші тұжырымда – неке қиылып жатқанда халыққа жария етілген болуы керек, ал төртінші тұжырымда – неке қиылып, одан соң көрші-қолаңды шақырып, жария етсе де, некелері дұрыс. Екеуінің ортақ тұсы – қатынасқа түспей тұрып үйленгендіктері халыққа жария етілуі ләзім).
Қорытынды:
Жоғарыда сайып өткен, үшінші және төртінші топ ғұламалардың білдірген тұжырымдамалары негізінде сұрағыңызға жауап айтар болсақ: АХАЖ-ға ешқандай күәгерсіз екеуіңіз ғана барып тіркеткеннен соң (не тіркету барысында), көрші-қолаң жиылып, беташар жасалған болса, онда о замандардағы жағдайды ескере келе, оны да неке деп есептеуге негіз бар. Өйткені, өзара ризашылықтарыңызды білдіргеннен кейін, беташар тойын жасау арқылы «жария ету шарты» орындалған болып тұр. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Некені жариялаңдар. Және дағыра тартып, дабыл қағыңдар», - деген[3].
Осы тұрғыда мәлімет ретінде, АХАЖ-да қиылған некеде шариғаттың "неке талаптары" табылып жатса оны да «неке» деп есептейміз. Некенің басты талаптары:
- Некелескелі жатқандардың арасында туыстық байланыстың болмауы;
- Қыз бен жігіт өзара разылықтарын білдірулері;
- Екі ер, не болмаса, бір ер және екі әйел (үш) күәгердің куәлік етулері.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Али әл-Мәнуфи: Китабут Талибур Раббани – 3/79 бет. ; Мухаммәд Әмир: әл-Иклил Мухтасаруль Халил – 172 бет. ; ән-Нәфрәуи: әл-Фәуәкиһуд дәуәни – 2/5 бет.
[2] Ибн Рүшд: әл-Бидәятуль Мүжтәһид. 406 бет; Әбу Заһра: әл-Әхуәлуш Шахсия. 52-53 бет.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz