27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Отағасының міндеті: Төркініне барып тұруға рұқсат беру

Отағасының міндеті: Төркініне барып тұруға рұқсат беру

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ислам дінінде ата-ана мен туысқан ақысына жігіті назар аударылған. Ата-аналарының ақысына мән беру тұрғысынан жігіт пен қыздың міндеттері арасында айырмашылық жоқ.

Бұл ақы екеуінің де мойнында бар. Тек қана қыз тұрмыс құрғаннан кейін күйеуіне бағынышты болғандықтан, әлеуметтік жағынан ата-анасына  көмектесе алмайтындығы үшін жауапты емес.  Дегенмен , ата-анасын, туысқандарын көру, өскен ұясына барып тұру әйел кісінің құқы. Сондықтан күйеуі әйелінің бұл құқығына шектеу қоя алмайды.

Ханафи мәзһабы бойынша,  егер келіннің төркіні жақын жерде, яғни бір қаладан немесе бір ауылда болса, онда келінге ата-анасына аптасына бір мәрте баруына рұқсат берілуі керек. Әйелдің ата-анасы басқа дінді ұстанатын кісілер болса да, бұл үкім күшін жоймайды. Егер ата-анасы күйеу баласының үйіне  өздері жиі келіп-кетсе, онда күйеуі апта сайын әйелін жібермеуіне құқы бар.

Егер қыздың төркіні басқа қалада болса, онда оның телефон немесе хат арқылы  ата-анасымен хабарласып тұруы жеткілікті. Мұндайда әйелі ең қажет  жағдайда немесе орайы келген кезде ғана төркіндете алады.

Ал туысқандарға келетін болсақ, ол да Ислам діні маңызды деп санаған мәселенің бірі. Осыған орай Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Туысқандық қарым-қатынастарға мән бермей, оны үзген адам жәннәтқа кірмейді », - дейді.  Хадистегі «Жәннатқа кіре алмайды» деген сөзді ғалымдар екі мағынада түсіндіреді. Біреулер мұндай адамдар жәннатқа бірден кіре алмайды,  осы күнәларының  жазасын өтегенге  дейін тозақта қалады десе, екінші біреулері туысқандармен қарым-қатынасты үзудің харам  екенін біле тұра,  бұған мән бермеген адам харамды адал деп қарайтын болса , жәннәтқа кіре алмайды деген тоқтамға  келеді . Олар харамды адал деп санау күпірліктің  күпісіне кигізетінін алға тартқан.

Дінімізде туысқандық қарым-қатынасқа қатты мән берілгендіктен, ерлі- зайыптылар бір-бірінің туысқандарына көңіл бөліп, құрмет көрсетулері   тиіс.

Ері зайыбына, зайыбы еріне туысқандарынан бас тартуды талап ете алмайды немесе қарым-қатынасты тоқтатуға үгіттеуіне  болмайды. Туысқандарымен арадағы қатынастың сууына алып келетіндей амал- шараларға да тыйым салынады.

Сондықтан әйел туысқандарына (үйленуіне болмайтындай жақындықтағы туысқандарына) жылда бір мәрте барып тұруға құқылы. Туысқандармен қарым-қатынас орнату, сәлем беру, әңгімелесу, сыйлық ұсыну, жәрдем ету, реті келгенде үйіне қыдырып бару, араласпай кеткен туысқандарды іздеу, жамандық жасаған туысқандарға жақсылық жасау, жалпақ тілмен айтқанда «таспен ұрғанды аспен ұру» секілді кішіпейіл әрекеттерге бару, олардың қателіктеріне кешіріммен қарау жатады. Бұлар мұсылмандық көркем мінезге тән талаптар. Бірақ бұл істердің мақсатында Аллаһ тағаланың разылығы көзделуі тиіс. Оның тысында дүниелік немесе жеке мүдде, қара бастың қамы көзделмеуі керек. Ер кісі өз шаңырағын сақтау үшін үйіне жаман ниетпен бас сұғатын, отбасын бұзуды көздеген туыстары немесе осы ойларын іске асыруға талпынған арам пиғылды жақындарының келуіне тыйым салуға қақы бар.

материал «Идеал отбасы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: