Отау құрған отбасының көбісінде күнделікті күйбең тіршіліктің әңгімесі қозғалады.
Тіпті, өзара сырласуға, диалог құруға көңіл бөлмейді. Қарым-қатынастың отбасылық өмірде де маңызды екенін мойындай бермейді. Әсіресе, ер адам армандағы аруға қолым жетті деп немқұрайлылық танытады. Ал қарым-қатынас ашық әңгімені, өзара келісімді қажет етеді.
Мәселен, күйеуі шұлығын үйдің кез келген бұрышына тастай салады. Бұл әдеті әйеліне еш ұнамаса да, ұсақ-түйек деп мәселеге мән бермейді. Бір күні ашу үстінде бұл әңгіме де сыртқа шығады. Ал күйеуіне мұндай сөздің ауыр тиетіні анық. Дегенмен, күйеуі де қарап қалмай, әйелінің кемшіліктерін сол сәтте-ақ саусағымен санап береді.
Отбасылық өмірде ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Кез келген мәселені уақытында пісіру керек. Әйтпесе, адамның ашу-ызасы алқымына тіреле берсе, ажырасудың да мәселесінен бір-ақ шығуы ғажап емес. Сондықтан жанұя болған соң әрбір ұсақ-түйекке көңіл бөлген жөн. Үлкен от майда шырпылардан шығады.
материал «Идеал отбасы» кітабынан алынды,
ummet.kz