Некелері қиылатын жастардың ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ешқандай мəжбүрлеусіз, өз еріктерімен отбасын құруға келісім беруі қажет. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисі келтірілді: «Жесір əйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризашылығы алынбайынша неке шын мəнінде жүзеге аспайды». Осыны айтқанда сахабалар: «Уа, Расулулла, жас қыздың разылығын қалай білеміз?», – деп сұрапты. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Жас қыздың рұқсаты – үндемегені», – деген екен.
Еріксіз ұзатылған əйел заты некеден бас тарта алады. Осыған қатысты мынадай бір оқиға орын алған. Бір əйел Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Əкем өзінің жағдайын жақсарту үшін мені бауырының ұлымен үйлендірді», – деп арызданады. Пайғамбарымыз некені бұзар-бұзбасын қалыңдықтың еркіне қалдырады. Сонда келіншек: «Мен əкемнің шешіміне келісемін. Тек қана əкенің бұлай жасауға қақылары бар-жоғын əйел қауымының біліп жүргенін қаладым», – депті.
Екі куəгердің болуы
Үйлену дегеніміз – екі жұпқа белгілі құқық пен міндеттерді жүктейтін, харам мен адалдың аражігін ажырататын шара болғандықтан, оның көпшілікке жария етілуі тиіс. Қиылған некеге екі куəгердің қатысуы шарт. Куəгерлердің саны Құранда былай деп айтылған: «Екі ер адамды куəгер етіңдер. Егер екі ер адам болмаса, өздерің куə ретінде құп көретін бір ер кісі мен екі əйел жеткілікті».
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде де: «Неке тек қана куəгерлердің қатысуымен іске асады», – деген. Бірақ бұл куəгерлер ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған жандардан таңдалады. Сөз түсінбейтін мас немесе керең кісілер куəлік беруге жарамсыз. Сондай-ақ, мұсылман дінінен тыс кісілер куəлік ете алмайды. Бірақ, мұсылман жігіт христиан немесе яһуди дінін ұстанатын қызбен отасып жатса, куəгерлер сол діннің адамдары болуына рұқсат етіледі. Сондай-ақ некеге қатысқан куəгерлер екі жұптың ризашылығын білдіріп келіскендерін естуі керек.
Сұрау жəне қабыл ету
Екі жасқа «Сен оны жұбайлыққа қабыл еттің бе?» деген сұрақ айқын қойылып, оған нақты сөзбен «қабыл еттім» деген жауаптар берілуі қажет. Егер жауап «Қабыл етемін» деп етістік осы шақта немесе келер шақта айтылса, онда неке дұрыс саналмайды. Сондай-ақ, ауызша айтылмай,
тек қана жазумен ғана шектелсе де, неке өз дəрежесінде бекітілмегені. Неке барысында қызға берілетін мəһір көлемі де сөз етіледі. Бірақ бұл некенің шартына жатпайды. Ерлі-зайыптылар неке қиылғаннан кейін де өзара мəһірді белгілеулері мүмкін. Ал егер мəһір некенің қиылу барысында айтылса, онда жігіт мəһірді беруге əзірлігін жариялай отырып, қалыңдықты қабылдауы тиіс. Егер «Қызды қабыл еттім, бірақ мəһірді қабыл етпедім»десе, онда неке қию шарты орындалды деп есептелмейді.
Ата-ананың рұқсаты
Ханафи мəзһабы бойынша, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына келген қыз баланың ата-ананың келісімінсіз неке қидыруына рұқсат. Яғни неке қидыру үшін ата-ананың ризашылығы шарт емес. Бірақ өзінің теңіне бармаған жағдайда ата-анасы оның некесін бұздыра алады. Сондықтан ата-
ананың ықтиярлығын алған жақсы деген. Ал қалған үш мəзһабта (Шафиғи, Ханбали, Малики) некенің дұрыстығы үшін ата-ананың келісімі шарт. Көріп отырғанымыздай, төрт мəзһаб та неке қидырту үшін ата-ананың алдынан өтуді маңызды санайды. Ханафи мəзһабында мұны некенің шарты деп есептемегенмен, күйеу жігіт қыздың теңі болмаған жағдайда некені бұзуды ата-ананың ырқына берілетінін айту арқылы ата-ана келісімінің маңыздылығына ишарат жасайды.
Сырттай қарағанда неке қидыру үшін ата-ананың рұқсатын алу жастарға жасалған қиянат секілді көрінуі мүмкін. Кей жастар қызбалыққа салынып «Ата-анамыз бізді түсінбейді. Сүйген кісіммен отау құруыма қарсы. Бұл менің өмірім емес пе? Ата-анам неге менің өміріме араласады?» деуі мүмкін. Бірақ, Ислам дініндегі неке үшін ата-ананың қоштауын алу қайта жастардың пайдасы үшін қойылған шарт. Себебі жастық шақта адамның ойын сезім билеп-төстейді. Ғашықтың көзі - көр соқыр. Тіпті, жақсы көрген адамының кемшіліктерін де байқамауы мүмкін. Мұндайда оларға көпті көрген үлкендердің ақылы керек-ақ. Жастардың жаңа өмірге ата-анасының ақ батасын алып аттанғаны мақұл. Ханафи мəзһабында ата-ананың қолдауы некенің шарты болып есептелмегенімен, толықтай ата-ананың хабарынсыз əрекет етуге болады деген де сөз емес.
Уақытша неке қиылмайды
Некенің белгілі бір уақыт аралығында ғана өкілеттілігі болуы үшін қиылуы шариғатқа сай емес. Төрт мəзһабтың да көзқарасы бойынша мұндай неке неке санатына жатпайды.
Некелесетін жастардың алдында дін тарапынан белгіленген кедергінің болмауы
Некенің дұрыс деп есептелуі үшін екі жұптың бір-біріне үйленулері харам адамдар болмауы керек. (Кімдермен үйлену харам екені алдыңғы тақырыпта айтылады. Авт.) Ал егер бірге түтін түтетуге харам кісі таңдалса, бұл неке жарамсыз саналады. Мұсылман ер кісінің мүшрік əйелмен үйленуге рұқсат етілмейтіні белгілі. Кітап иелерін ала алады. Ал əйел адам үшін
мұсылманнан басқамен некелесуге мүлдем тыйым салынған. Қыз басқа біреудің некелісі болса, ол ажыраспайынша онымен өзге адам некелесе_алмайды. Ал ер кісіге бір уақытта төрт бірдей əйелмен некеде тұруға құқық берілген.
материал «Идеал отбасы» кітабынан алынды,
ummet.kz